26 Қаңтар, 2016

«Бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек...»

413 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елбасы бесінші шақырылған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутат­тарының кезектен тыс сайлауын та­ғайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Сонымен, Парламент Мәжілісінің кезектен тыс және мәс­лихаттардың кезекті сайлауларына орай аламан дода басталды деп айтуға толық негіз бар. Парламент Мәжілісінің сайлауын кезектен тыс өт­кізуде ең алдымен сыртқы фак­торлардың ықпалы басым болғандығы анық. Жаһанды жайлаған экономикалық дағдарыс, көмірсутегі ба­ғасының құлдырауы үлкен әсерін тигізді. Қазақстанның басты сауда серіктесі – Ре­сейдің санкция құр­­­­сау­ы­­на алынуы да отандық экономиканың өрістеуіне кедергі болып отыр. Оның сыртында халықаралық жағ­дай да шиеленісіп тұр. Таяу Шығыс қырғи-қабақ қақтығыстың ала­ңына айнал­ғандай. Қысқасы, осындай алмағайып заманда өз мүд­деңді өзің ойлап, алдын ала қамданбасаң, қосақ арасында кетіп қалуың да ғажап емес. Ынтымағы жараспаған елдің ішіне іріткі салып, бүлдіргі саясаттың құрбанына айналғанды да көз көрді. Парламент Мәжі­лісінің кезектен тыс сайлауын өткізу уақыт талабынан туындап отырғанын төрткіл дүниеде болып жатқан оқиғалардан жан-жақты хабардар саясаттанушылар да, сарапшылар да айтады. Мәулен Әшімбаевтың айт­қанына құлақ түрсек, ол Пре­зиденттің өте дұрыс қадам жаса­ғандығын тілге тиек етеді. «Іс жүзінде Пре­зидент Парламенттің темірқазығы болып табы­латын саяси элитаның жа­ңаруына мүмкіндік беріп отыр. Өйткені, саяси кеңістік мемлекеттік бас­қаруды қам­тамасыз етудегі өте ма­ңыз­­ды құрал. Себебі, Пар­ламент тек партиялардан ғана емес, қоғамның алуан түрлі өкілдерінен құралады. Қазіргідей алмағайып кезеңде президенттік бағытты және партиялардың сайлауалды бағдарламаларын әрі қарай жалғастыруға сенім мандатын иеленуі өте маңызды». Саясаттанушы Андрей Че­ботарев та Парламенттің қызметі сапалық тұрғыдан өзгеретіндігіне бек сенімді. «Мемлекет бас­шы­сының стратегиялық тұрғыда көре­гендік қасиеті басым. Пар­ламентшілердің бастамасына саяси партиялардың да ықы­ласы ерекше. Жұртшылық, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қызығушылық танытуда. Осындай уақытта кезек­тен тыс сайлау өткізу тиімді болмақшы. Қоғам және биліктің өзі тарапынан да сұраныс жо­ғары. Елдің саяси жүйесінің ше­шуші тетігі Парламенттің жа­ңаруы тұтас алғанда элитаның жа­ңаруына әкелмек. Жаңадан сайланған депутаттардың келуі плюрализмді білдіреді, жаңа идеялар саны артады, депутаттық сауалдарда, заң жобаларында көрініс беретін әртүрлі ұста­нымның өрістеуіне әкеледі». Саясаттанушы Бөріхан Нұр­мұхамедов болса, Мем­лекет басшысы өзінің халыққа арнаған үн­­деуінде сайлауға қатысты мәселені жіліктеп түсіндіріп бер­­генін айтады. «Меніңше, бұл жерде бірнеше мәселеге көңіл аударуға болады, – дейді саясаттанушы. – Біріншіден, «Сайлау туралы» Заңға сәйкес, нақты шешім қабыл­данды. Елбасы әуелі Пар­ламент палаталарының төр­ағаларымен, одан кейін Конс­титуциялық Кеңестің төр­ағасымен кеңесті. Содан ке­йін барып өзінің құзыретіне сай шешім қабылдады. Бұл ше­шім өте маңызды, өте қажет. Себебі, Елбасы өзінің халыққа арнаған үн­деуінде айтқанындай, қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайда, сыртқы саясатта, ай­мақтық қауіпсіздікке байланысты қордаланған көп мәселе бар. Осының бәрін шешу үшін Мәжіліске білімді, білікті депутаттар сайлануы керек. «Экономикалық дағ­да­­рысқа қарсы күрес тек эко­номикалық шаралармен шектелмеуі тиіс, дағдарысқа қарсы бағдарламаға қатысты саяси тұрғыдан ал­ғанда бас­ты қадамның бірі, әрине, кезектен тыс сайлаулар болып табылады, – дейді са­рап­шы Марат Шибұтов. – Біріншіден, біз қайтадан заңды сайланған Парламентке ие боламыз. Сон­дай-ақ, ха­лықтың саяси пар­тияларға, олардың саяси идеологияларына қаншалықты сенім білдіретіндігін сынақтан өткіземіз. Екіншіден, партиялар туралы жан-жақты мәлімет аламыз. Бізде оңшыл да, солшыл да, центристік бағыттағы партиялар да бар. Қайсысы көп орынға ие болады, соның идеология­сын көбірек пайдалануымыз керек. Үшіншіден, пікір­таластарда, сая­си бағ­дар­ламаларда қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде пікірлер жинақталады. Төртін­шіден, элитаның ротация­ла­нуы. Экономиканың жаңа ин­но­вациялық секторының мүд­десін қозғайтын жаңа адам­дарды сай­лауы­мыз қа­жет. Осыған орай, меніңше, мем­­лекеттік шара ретінде ха­лық үшін де сайлау маңыз­ды». Елімізге белгілі саясат­тану­шылардың пікірі осы төңіректе тоғысады. Яғни, Парламент Мәжілісіне сайлау жаңа мүмкін­діктерге жол ашатын көрінеді. Біріншіден, Мәжіліс сапына жаңа де­путаттардың келуі арқылы заң шығарушы органның қызметіне қан жүгіреді. Екіншіден, сапалы заңдар қабылдау жолға қойылады. Үшіншіден, алдыңғы екеуі­нен туындайтын мәселе мем­лекеттің алдында тұрған міндеттердің жүзеге асуына соны серпін береді. Ал енді өзімізше ой өрбітіп көрсек, төмендегіше түйіндер едік. Қазіргі экономикалық дағда­рысқа қарсы Үкіметтің жү­зеге асырып жатқан шаралары толық көңілден шығады деп айту қиын. Сол себепті Парламент Мәжілісінің жаңа құрамы Үкі­метті қамшылауға, ел экономикасына оң өзге­ріс­­тер жа­сау­ға мүдделі бол­­мақшы. Ұлт Жоспарын жүзеге асыру жолында билік тармақтарының бірін бірі қайрап отыруы заңдылық. Оның үстіне, әлемдегі ал­дыңғы қатарлы 30 елдің қата­рынан көрінуге ұмтылған Қа­зақстанда қоғамның ама­н­атын арқалаған көппартиялы Парламент бұқара­ның әлеу­меттік жағдайына да баса мән беретіні сөзсіз. «Ұлт Жоспары – қа­зақ­стандық арманға бас­тайтын жол» атты бағдар­ламалық мақаласында Елбасы қоғамдық кеңестердің мән-маңызына жан-жақты тоқ­талған-ды. Биыл жылдың басынан «Қоғамдық ке­ңестер туралы» Заңға сәй­кес, мемлекеттік органдар, әкімдіктер жанынан Қо­ғамдық кеңестер құрылып, маңызды мәселелерге қа­тысты қоғамдық ба­қы­лау­ды жүзеге асырады. Яғни, мемлекеттік органдар қыз­метіне халық өкілдері арқылы баға беріледі деген сөз. Олай болса, Парламент тарапынан да Үкіметтің қызметін бағамдау, саралау басты назарда болмақшы. Қалай дегенде де, «бұл сай­лаудың бұрынғы сайлау­лардан өзгерек» болатыны айқын. Өйткені, алдына асқақ мін­дет қойып отырған елдің Парламентіне де, Үкіметіне де жүктелетін жауапкершіліктің орны бөлек. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».