Бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату және осы палата депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім дер кезінде және алдын ала жасалған ұтымды қадам болды. Бұл жөнінде бұрнағы күні Орталық коммуникациялар қызметінде БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Зарема Шаукенова мен Қазақстан саясаттанушылар конгресі төрағасының орынбасары Арман Ешмұратовтың қатысуымен өткен брифингте айтылды.
Еліміздің табысты қадамдары алдын ала ойластыру нәтижесімен байланысты екендігін Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры ерекше атады. «Бұл электоралды науқандарды өткізумен де байланысты. Кезектен тыс парламенттік сайлау түсінігін қабылдауды барынша оңайлату тактикалық қадам болып табылады. Ұлт Жоспары бойынша қазақстандық арманды жүзеге асыру арқылы еліміздің болашағын қалаймыз, оның басты құндылығы – біздің тәуелсіздігіміз», – деді З.Шаукенова.
Сарапшының пайымынша, жаһандық жағдай күрт құбылуы мүмкіндігіне байланысты алдын алу қадамдары әлемдік экономика мен геосаясаттағы өзгерістерді ескереді. «Жаңа жылдан бастап жағдай тіпті де бұрыс бағытта өрбуде. Азия ғана емес, сонымен қатар, Еуропа қор нарықтары да құлдырай бастады. Brent мұнайының бағасы психологиялық деңгейден де түсіп кетті. Есесіне, доллар құны артып келеді, ал теңге екі есеге дейін арзандады», – деді З.Шаукенова. Сарапшы сөз орайында украин гривнасы 400 пайызға, орыс рублі де теңге сияқты көп төмендегенін айтып өтті.
Қордаланған қаржы көзі де «төмен сырғи» түсуде. Мысалы, Қытай юань бағамын ұстап тұру үшін 2014 жылдың қыркүйегінен бастап өз резервінің 11,5 пайызын, яғни 440 миллиард доллар жұмсағаны белгілі. Еуразия кеңістігіндегі Қазақстан өз валютасын соңына дейін ұстап тұрып, тек 2015 жылдың қыркүйегінде ғана еркін айналымға жіберді. Осы жылдың желтоқсанында АҚШ ФРЖ доллардың есептік мөлшерлемесін көтеріп, америкалық валютаның қымбаттау үдерісін тудырды. Сондықтан да жұмылдырушы факторды қоса отырып, қоғамдық көңіл күйге ықпал еткен орынды. Мұнда сайлау үлкен рөл атқарады.
Тағы бір белгілі болғаны, 2015 жылдың сәуірінде өткен президенттік сайлау науқаны барысында қоғамдық көңіл күй негізгі «саяси индикаторлардың» тепе-теңдігінің сақталуына ықпал еткендігін көрсеткен. Мониторинг нәтижелері қазақстандықтар шығындарын оңтайландыру жөніндегі ескертпелерге барынша мұқияттылық таңытқандығын байқатыпты. Олар дағдарыстың жақындап қалғаны жөніндегі дабыл шыға бастасымен шығындарын азайтып, барынша үнемге көшкен. Сыртқы қиындықтар салдарынан әлеуметтік көңіл күйдің төмендеуі жағдайында әлеуметтік өлшемдер жөніндегі саяси индекстер тұрақты болып қалуда, дейді сарапшылар.
Сонымен, қоғамдық-саяси көңіл күй индексі 150,9 балл болса, осыдан бір тоқсан бұрын ол 151,1 балл болыпты. Өткен жылдың желтоқсанында жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, 2015 жылдың қыркүйегінде жалдамалы еңбектен нәпақасын табатындар саны 54 болса, желтоқсанда 57 пайызға дейін артқан. Таратып айтқанда, респонденттердің 70 пайызы тұрақты табыс табатындығын жеткізсе, 2015 жылдың үшінші тоқсанында ол 62 пайыз төңірегінде болған екен. З.Шаукенова бұл жағдайды «Нұрлы Жол», индустриялық-инновациялық бағдарламалар, білім беру, денсаулық сақтау және өзге де салалардағы бағдарламалардың тиімді жүзеге аса бастауы жағдайымен түсіндірді.
«Мұның барлығында тұрғындардың билікке, соның ішінде, Президентке деген сенімі жатыр. Билікке сенім индексі – қоғамдық-саяси жағдайды тоқсан сайын мониторингтеудің интеграцияланған базалық көрсеткіштері. Бұл – Президентті, Парламентті, полицияны, Ұлттық банкті қоса алғанда, 14 мемлекеттік институтқа деген сенімнің көрсеткіші. 2015 жылдың нәтижесі бойынша индекс 137 балды құрағаны белгілі. Елбасы тарапынан жарияланған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары Қазақстан қоғамын дамыған қоғам көрсеткіштеріне сәйкес келтіруі тиіс. Оған қол жеткізу үшін Парламент аянбай тер төгіп, 80-ге тарта заңдық құжаттар қабылдады. Ал Үкімет енді 1 мыңға жуық заңдық актіні қабылдауға кірісіп кетті. Ауқымды жұмыстар атқарылды», деп атап көрсетті институт директоры.
Парламент Мәжілісі заң шығарушы орган ретінде өзінің миссиясын атқарғандығы да ерекше аталды. Парламенттің қоғамдық қабылдаудағы рейтингінің артуы да сондықтан болуы керек, деп топшылады сарапшылар қауымдастығы. Бұл орайда, Парламент демократия тірегі, халықтың өкілдігі және қоғамдық қатынасты қамтамасыз етуші, партиялар мен азаматтық институттарды тартушы деген қоғамдық пікір қалыптасуда көрінеді. Өткен жылдың қазанында жүргізілген тақырыптық зерттеулерде респонденттердің 54 пайызы жеңіске жеткен партия Үкіметті құруы жүйесін қолдайтындықтарын көрсеткен.
Әйтсе де басым көпшілігі екіпартиялық жүйеге өту, сонымен қатар, парламенттік басқару жүйесіне көшу үшін әлі ерте деп санайтындықтарын жеткізіпті. Президенттік-парламенттік жүйе теңгерімінде азаматтар Қазақстан табысының кепілін «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары ерекшелігімен байланыстыруда. Сайлауға қатысты сөзінде сарапшы тұрғындардың негізгі бөлігі саяси науқанның өз мерзімінде өткені дұрыс деген пікірде болғандығын жеткізді. Мұнда азаматтардың тұрақтылық пен ертеңге деген сенімі жатыр. Алайда, қазақстандықтар үшін нақты датаны белгілеу – қағидатты мәселе емес. Бүгінгі таңда партияларға жаңа да бұрын-соңды болмаған жағдайда әрекет етуге тура келеді екен.
Қазіргі жаһандық жағдайлар тек экономикалық қана емес, сонымен қатар, идеологиялық тұрғыда да қалқымалы күй кешуде. Бұл орайда 2015 жылдың желтоқсанында жүргізілген зерттеулер барысында «Егер сайлаулар келесі жексенбіде өткізілсе?» деген сұраққа респондеттердің 72,5 пайызы «Нұр Отанға» өз дауыстарын беретіндігін білдірген. Жалпы, бұл тұрғыдан келгенде, «Ақ жол», «Бірлік», ҚКХП және «Ауыл» партиялары да перспективалы көрінеді. Бүгінгі таңда партияларға қазақстандықтардың саяси құндылығы мен көңіл күйінің бірқатар маңызды ойысуларын ескеруге тура келеді. Егер 2015 жылды қарастырар болсақ, онда әлеуметтік желілер қатысушылары санының кеңейе түсуі нәтижесін байқауға болады. Мониторинг барысы көрсеткендей, жыл бойы әлеуметтік желілер қатысушыларының саны 34-тен 37 пайызға дейін артқан. Жыл басында жастардың әлеуметтік желілерге қатысуы 59 пайыз болса, жыл аяғына қарай ол 65 пайызға өсіпті.
Сарапшылар еліміздегі және әлемдегі үдерістердің жедел өрбуде екендігіне назар аудартты. Сондықтан да 2016 жыл саяси тұрғыдан алғанда, өте белсенді жыл болмақ. Оның үстіне, 2016 жылдың 12 қаңтарында АҚШ президенті Барак Обама соңғы жолдауын жария етсе, келесі саяси науқанда демократтар жеңіске жете ала ма, жоқ па, ол жағы белгісіз... Ал мұның өз кезегінде саяси, экономикалық, қаржы-валюталық тәуекелдермен астасып жатқандығы айтпаса да түсінікті.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».