«Қазақстан ардагерлерінің кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің Елбасының «Бесінші шақырылған
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін
тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығына қатысты
МӘЛІМДЕМЕСІ
«Қазақстан ардагерлерінің кеңесі» Қазақстан Президентінің Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын өзінің қолдайтынын мәлімдейді. Мемлекет басшысының жеті рет өлшеп, бір рет кескен салиқалы шешімі қазақстандықтарды жұдырықтай жұмылдыруға және еліміз үшін осындай жауапты кезеңде ортақ саяси ерік-жігер танытуға бағытталып отыр. Жаһандық қаржы дағдарысы қос өкпеден қысып, кейбір ықпалды мемлекеттер бір-біріне қарсы санкциялар қабылдап жатқан кезде халықаралық ахуалдың ушығып тұрғаны жасырын емес. Осындай шақта ел экономикасын дағдарыстан қорғау үшін оңтайлы шешімдер іздестіру консенсусты нығайтып, қоғамдық келісімді қалыптастыруда маңызды қадам болып табылады. Біздің ұйымымызға осы жалпыадамзаттық құндылықтар ерекше қымбат және жақын. Қазақстанның ардагерлері, азаматтық қоғамның аса белсенді бөліктерінің бірі ретінде, Қазақстанның болашақ ұрпағының тағдырына бейжай қарамайтын адамдар ретінде Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын дәл осы кезде өткізу «Нұрлы Жол», «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы секілді аса маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды уақтылы және тиімді орындауды қамтамасыз етуге қабілетті екеніне сенімді. Қазақстан ардагерлерінің кеңесі Қазақстан халқын Мемлекет басшысының елді үлкен табыстарға бастайтын міндеттерін орындау төңірегінде күш біріктіруге шақырады.