26 Қаңтар, 2016

Атырауда астаналық менеджерді ұрлағандарға сот үкімі шықты

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
26-01-2016-atyrau 01АТЫРАУ. 26 қаңтар. Атырау қалалық №2 соты «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамының менеджерін ұрлап, өлтіреміз деп қорқытқан жергілікті 2 тұрғынға қатысты сот үкімін шығарды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. «Іс құжаттарынан анықталғандай, Астана қаласының «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның 27 жастағы қызметкері Атырау қаласында қызметтік іссапарда болып, 2015 жылдың 22 шілдесінде күндізгі рейспен Астана қаласына ұшпақшы болады. Оны әріптесі «Toyota Camry» маркалы автокөлігімен шығарып салады. Атырау халықаралық әуежайының көлік тұрағында оларға сотталушылар және оған қатысты қылмыстық іс бөлек өндіріске бөлінген белгісіз адам келіп жақындайды да, менеджерді күштеп көлікке отырғызып, алып кетіп қалады. Тас жолға шыққасын, ұрлаушылар менеджерді қауіпсіздік белдігімен байлап және көзін де матап қояды. Содан соң, белгісіз бір жерге тоқтаған. Оны көліктен шығарып, тізерлеп отырғызады. «Сен өмір сүресің, бірақ сенің досың бұл туралы полицияға хабар берсе, біз сені өлтіреміз. Тіпті, Астана қаласынан да тауып аламыз», – деп қорқытады. Сондай-ақ, одан компанияның жергілікті филиалын тексеру құжаттарын тартып алған. Менеджерді көзі байлаулы күйінде далада қалдырып, оқиға орнынан қашып кеткен», – деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев. Сотта екі сотталушының да «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Атырау қаласындағы филиалында қызмет жасайтындықтары анықталды. Сот үкімімен олар Қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігі 1-тармағы, 191-бабының 2-бөлігі 1 және 3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, екеуіне де 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны ретінде жалпы режімдегі түзеу колониясы белгіленді. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. Сурет: vestipmr.info.
Соңғы жаңалықтар

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • Кеше