Бүгінгі таңда әлемде қарқынды дамумен қатар көптеген қауіп төңдіретін жайттар да орын алуда, бір жағынан діни алауыздық, екінші жағынан экономикалық дағдарыс барша халықтарды терең ойға түсіруде. Осындай саяси өзгерістерге, құбылыстарға толы заманда Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты бағдарламасы тығырықтан шығудың айқындалған жолы деп білеміз. Халқымыздың бірлігін, татулығын, «бір қолдан жең, бір жағадан бас» шығара білетін ғасырлар бойы қалыптасқан даналығымызды Нұрсұлтан Әбішұлы алға тартып, қоғамымызға үлкен жауапкершілік артқаны, халқына деген зор сенімді көрсеткені сөзсіз.
Әлемді шарпыған дағдарыстың, мұнай бағасының құлдырауы және Ресейге салынған санкциялардың біздің елге де тигізер кері әсерін бағамдаймыз. Әлемдік экономика дамуының 2015-2017 жылдарға арналған болжамдары көңілге демеу бола алмайды. Металл мен мұнайға әлемдік баға айтарлықтай құлдырауда. 2016 жылы әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс шырқау шегіне жетеді деген сарапшылардың болжамы да бар.
Егемендік үшін, қазақ ұлтының болашағы үшін аянбай күрескен ХХ ғасырдың көрнекті тұлғасы Ахмет Байтұрсыновтың «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген сөздері біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бүкіл болмысын, жасап жатқан іс-әрекеттерін айқын сипаттайтыны сөзсіз.
Президенттің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары халықтың көкірегіне сәуле шашып, санасына ой беріп, 30 дамыған елдің қатарына енуіне байланысты стратегиялық шешімді іске асыруда серпін бергені хақ.
Осы мақаланы оқып, санадан өткізген сәттен бастап зиялы қауым алдында еліміздің азаматтарының барлық әлеуметтік таптары мен топтарына, барлық жіктері мен мүшелеріне ортақ ұлттық идеологияны, яғни, «Мәңгілік Ел» ұғымының өзектілігін арттыруда жасалатын жұмыстың маңызы орасан зор екен деген ой түйдім. Өйткені, ұлы мақсатқа қол жеткізу үшін идеологиясыз ешбір нәтижеге жету мүмкін емес. Әрбір отандасымыз өзінің елдің алдындағы борышын, жауапкершілігін сезініп, отансүйгіштігін көрсете білген сәтте ғана алпауыт мемлекеттерге өзіміздің қабілеті жоғары, бәсекеге төтеп бере алатын ел екендігімізді дәлелдей аламыз.
«100 нақты қадам» Ұлт Жоспары – бұл нәтижесі жағынан елімізде ұзақ мерзімді, кешенді, жүйелі, кең көлемде ықпал ететін стратегиялық құжат, сондай-ақ, түбегейлі құрылымдық, институттық, жүйелік өзгерістерге әкелетін реформалар кешені, жаңғырту жобасы. Осы жоба тарихи уақыт жағынан жас мемлекетіміздің рухы биік халқы бар екендігін, көреген басшысы бар дамыған мемлекеттер қатарына ене алатын ел екендігін дәлелдегені хақ.
Халықтық сананы қалыптастырып, оны дамытуда тарихтың атқаратын міндетін ешбір қоғамдық ғылым атқара алмайды. Саяси мәнге ие болған «Мәңгілік Ел» ұғымы халықты бірлікке, зиялы қауымды топтасуға, ортақ мүддеге шақыратын символға айналғаны баршамызға мәлім. Ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыруда және олардың интеллектуалды әлеуетін дамытуда бұл атаудың атқаратын қызметі үлкен. Инновациялық жаңалықтармен ұштастыра отырып, болашақ мамандар қоғамның интеллектуалды элитасы болып өсуі күмәнсіз. Әр ұлттың тарихында оның бүкіл болмысын, даму жолын, түпкі мақсатын шешіп беретін және соны жүрегінен өткізген, сол адам айтқан идея қанына сіңіп кететін тұлғалар болады. Орыстар оны ұлт әкесі – «отец наций» дейді, қазақтар «ұлт көсемі» деп атайды. Біздің қазақстандық ұлт көсемі Н.Ә.Назарбаев деп білеміз.
Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні – мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз – өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз!
Әлемді дағдарыс қысқан сәтте Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміздің экономикасына жаңа инвестициялық саясат серпін беруде. Сонымен қатар, қаржы секторын тұрақтандыру бойынша іс-шараларды қолға алу, ең бастысы, әрқайсымыздың қолымыздан келетіні ұлттық валютаға – теңгемізге деген сенімді арттыру.
Жалпы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары толығымен орындалуы біздің белсенді позициямызға байланысты деп ойлаймын, себебі, Елбасы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруды әрқашанда алға тартатыны баршамызға мәлім. Білім саласында басталған реформалар әрі қарай жалғасын табады, сондықтан да, дұрыс оқып, білім беру, яғни, қабілеттілігі жоғары маманды дайындау – өз үлесімізді қосу деп білеміз. Мықты мемле
кет құру, Мәңгілік Ел идеясын әрқайсымыздың санамызға сіңіріп отансүйгіштікті дәріптеу, Ұлы Дала брендін әлемге паш ету өзімізге байланысты құрметті Отандастар!
Нұрғали АРШАБЕКОВ,
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры.