27 Қаңтар, 2016

Ақтөбеде аймақаралық жастар форумы өтті

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
АҚТӨБЕ. 27 қаңтар. Ақтөбе қаласында5s Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің студенттер сарайында «Менің жетістігім – тәуелсіздіктің жетістігі» атты аймақаралық жастар форумы өтті. Оған өңірге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Сонымен қатар, форумға еліміздің батыс аймақтарынан, көршілес Қызылорда, Ресейдің Орынбор облысынан делегаттар келді. Жастар жиынының шымылдығы егемен еліміздің тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде жүріп өткен жолы мен қол жеткен табыстары туралы бейнефильммен ашылды. Онда әлем мойындаған Қазақстанның экономикалық және саяси даму бағыттары баяндалды. Форумды кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгінгі жастар жиынын Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген басым бағыттарды орындау, аймақтардың экономикасын дамыту, аймақтар арасында ынтымақтастықты нығайту мақсатында жасалған маңызды қадам ретінде бағалады. Елбасының бастамасымен қолға алынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бес институттық реформаларын жүзеге асыруға жастарды белсенді тарту және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ықпал ету – мемлекеттік органдардың басты міндеті екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткендей, жастарға зор жауапкершілік жүктелетінін алға тарта сөйледі. Сондай-ақ, ел келешегінің кемелділігі жастардың терең білім алып, білікті маман болып шығуы, сөйтіп, тәуелсіздіктің тұғырлы болу жолында елеулі үлес қосуы арқылы қалыптасатынын жеткізді. Бұл бағытта елімізде жастарға қолайлы жағдайлар жасалып отырғанын атап өтті. Соның бір көрінісі ретінде «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасына тоқталып, көптеген жастардың шетелдерде білім алып келгенін, жастардың қоғамға қажетті азамат болып қалыптасуына алғышарт жасайтын басқа да бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты тәрбиелеуге баса назар аударылып отырғанын, елімізде жастардың жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдайлар мен тиімді жұмыс істеу үлгісі жасалғанын, қала мен аудандарда жастардың ресурстық орталықтары құрылғанын атап өтті. Ол елімізде «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» «Серпін» жобалары табысты жүзеге асырылғанын, Елбасының қолдауымен 2017 жылы тегін кәсіптік-техникалық білім беруді көздейтін жаңа жобаның бастау алатынын  мәлімдеді. Форумда студенттік, жұмысшы және ауыл жастарының этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жас кәсіпкерлер мен тәуелсіздік құрдастары сөз алып, тәуелсіздік жылдары қол жеткен жетістіктер жайында әңгіме өрбітті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шарада ел, Отан, туған жер туралы патриоттық әндер шырқалып, жастарды отаншылдық сезімге жігерлендірді. Шара барысында республикалық деңгейде өткізілетін «Спортсыз бір күн жоқ» спорттық, «Болашақтың 25 идеясы» ғылыми, «25 қайырымды іс» қайырымдылық, «Экотренд-04» экологиялық және «Бабалар ізімен» ұлттық мәдени шығармашылық марафондары бастау алды. Алқалы жиын соңында форумға қатысушылар еліміздің жастарына үндеу жолдады. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.
Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024