өнеркәсіпке қарауға болмайды
Соңғы уақытта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша бірнеше қажетті жобалар іске асырылуда. Соның ішіндегі жеңіл өнеркәсіп саласына да мемлекет тарапынан айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Осы саладағы атқарылған жұмыстарға байланысты еліміздің ең жас ғалымы, жеңіл өнеркәсіп саласының білікті маманы, техника ғылымдарының кандидаты Сүндет КАРИМОВТЫ сөзге тартқан едік. ‒ Сүндет Смаханұлы, алғашқы сұрақты жеңіл өнеркәсіп, мақта, тоқыма саласының дамуынан бастасақ. Осы саланың алға жылжуы жөнінде мемлекет тарапынан қандай шаралар жасалуда? ‒ Тәуелсіздік алған жылдарда еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы, оның ішінде мақта, тоқыма өндірісі біраз тұралап қалғаны рас. Қазақстанда 1992 жылға дейін жеңіл өнеркәсіп жақсы жұмыс істеген. Тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономикаға байланысты жіпті өз елімізде иіріп, матаны өз елімізде тоқып, теріні өз жерімізде илеп, киімді де өз жерімізде тіккеннен көршілес елдер мен алыс-жақын шетмемлекеттерден сатып алған тиімді деген сылтаулармен және желеулермен қолда бар өндіріс орындарын, зауыттар мен фабрикаларды жекеменшікке өткізуге жол берілді. Кеңес уақытында бұл салада Қазақстанда 402 000 адам жұмыс істеген. Одаққа белгілі Жамбылдағы жеңіл және тоқыма өнеркәсібі институты мен оның филиалы ретінде ашылған қазіргі Алматы технологиялық университетінде жас мамандар даярланған. Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарын дайындайтын бірден-бір оқу орны М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті. Ал республика көлемінде бүгінде барлық жоғары оқу орындары осы сала бойынша жылына үш мыңға тарта маман дайындайды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жеңіл өнеркәсіп саласын жаңғыртуда үлкен көрегендік танытып келеді. Қазіргі таңда заман талабына сай ел дамуына қажетті инновациялық бағдарламалар қабылданып, іске асырылуда. Шиті мақтаны қайта өңдеу, тоқыма өндірісі мен тігін өнеркәсібін дамыту мақсатында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын құру жөнінде шешім қабылданды. 2006 жылдың 6 шілдесінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы туралы ереже бекітіліп, маңызды құжатқа қол қойылды. АЭА-ның негізгі мақсаты тоқыма өнеркәсібіндегі дайын бұйымдарды өңдеп дамыту; ел экономикасының әлемдік жүйесіне кіруін жандандыру; Қазақстанға дайын тоқыма өнімдерін өндірушілерді тарту; жоғары техникалық өндірістер құру және өндірілетін тоқыма өнімдерінің сапасын жақсарту болып табылады. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет тоқыма кластерін дамыту жоспарын бекітті. Сонымен қатар, мақта саласын дамыту туралы заң жобасы әзірленді. Бұл заң шаруалардың мүддесін қорғау, фермерлер мен шиті мақтаны қабылдайтын зауыттардың арасындағы байланысты айқын және әділ белгілеу, шиті мақтаны теру кезіндегі шаруалардың басты мәселесіне айналған бағаны тұрақтандыру мәселелерін қарастырады. – Еліміздегі шиті мақта шаруашылығының ауқымдылығы, жай-күйі туралы не айтасыз? Осы жұмыстармен айналысатын өндіріс орындары жеткілікті ме? – Әлемде шиті мақтаны өндіретін жетпістен астам ел бар. Біздің елде шиті мақта егу, талшығын өңдеу жұмыстарымен Оңтүстік Қазақстан облысы ғана айналысады. Яғни шиті мақтаға қатысты барлық өндіріс орындары сол аймақта орналасқан. Жоғарыда атап өткеніміздей, ел дамуына байланысты қабылданған шешімдерге сәйкес шиті мақта саласы да қарқынды дамуда. 2010 жылдан бері шиті мақта талшығын өз елімізде өңдеп келеміз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған «Меланж», «Ютекс», «South Textilene, Oxy Textile, «Хлопкопром-целлюлоза» кәсіпорындары жылына 10 мың тоннадан артық мақта талшығынан жіп иіріп, мата тоқиды. Шығарған дайын бұйымдар Франция, Италия, Балтық жағалауы мемлекеттеріне экспортталады. Елімізде егілген шиті мақтаның көлемі өңдеу фабрикалары үшін жеткілікті. Жұмысшылардың айлық жалақысы 90-120 мың теңге көлемінде. 2005 жылдан бері өндіріс орындары мен фабрикаларды, шаруаларды қорғау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 10 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінеді. Мақтаарал ауданында соңғы технологиямен жұмыс жасайтын жылына 78-80 мың тонна шиті мақтаны өңдейтін зауыт салынған. Жылына 7-8 мың тонна сапалы ұрық дайындайтын мемлекеттік кәсіпорын іске қосылды. Еліміздегі шиті мақта өндірісінің қарқынды дамуына байланысты 2005 жылы Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды. Қарамағында қажетті зертханалар, ғылыми-зерттеу бөлімдері, түрлі эксперименттік орталықтары бар. Ғылыми институттың зерттеуі нәтижесінде жаңадан шығарылған шиті мақта сорттары аймақтағы егіс алқаптарында егілуде. – Еліміздегі шиті мақта сорттары туралы айттыңыз. Жалпы, Оңтүстікте қандай сортты талшық түрлері егіледі, олардың қандай қасиеттері бар? – Әлемде шиті мақта сорты өте көп. Талшықтың үш түрі бар. Олар ұзын талшықты, орта талшықты және қысқа талшықты болып бөлінеді. Осының ішінде Оңтүстікте орта талшықты, Өзбекстанда бұрыннан келе жатқан АнБауят-8, С-4727 секілді шиті мақта сорты отыз жылдан бері егіліп келеді. Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жұмысының нәтижесінде алынған жаңа сорттар ПА-3031, ПА-3044, М-4005, М-4077, М-4011 қазіргі таңда көп аудандарға жерсіндіріліп егілуде. Өнімнің көлемі, талшықтың сапасы, шығымдылығы бойынша Өзбекстанның ескі сорттарына қарағанда, артықшылықтары көп. Орта талшықты отандық өнімнің шығымдылығы – 41,7%, үзілу ұзындығы – 28,4мм, беріктігі – 5,1кг., талшықтың ұзындығы – 42,7мм. Гектарына өнімділігі – 32-35 центнер. Осындай көрсеткіштердің арқасында еліміз шиті мақтаны өңдеп, өндіруден әлем елдерінің ішінде 13-15 орындарда келеді. – Соңғы жылдары шиті мақта бағасына деген шаруалардың реніші жиі байқалатыны жасырын емес. Жиын-терін кезінде бұл мәселенің шешімі қалай болмақ? – Сұрағыңыз өте орынды. Шиті мақта шаш-етектен жұмыс күшін қажет ететін өнім. Суғару, гербицидтер мен пестицидтерді сатып алу, түрлі өңдеу жұмыстары тағы басқаларын қоспағанда әдепкі шығын шаруаның қалтасына түсері анық. Бұл көп қаржыны талап етеді. Өткен жылдың бірінші терімі шаруалар үшін жаман емес. Қабылдау пункттеріндегі шиті мақтаның тоннасы 100-105 мың теңгеден басталды. Жылдағы зерттеу жұмыстары бойынша терімнің соңына қарай 135-145 мың теңге көлемінде болады деген болжам бар. Шиті мақта бір қар жауғанша теріле береді, күннің көзі ашық болса қауашағы ашыла береді. Әрине, шаруаларға барынша бағаның көтеріңкі болғаны тиімді. Биылғы баға жылдағыдан салыстыра қарағанда жоғары деп айтуға болады. – Расында бұл сала үлкен өндірісті қажет ететіні белгілі. Бұл ретте шиті мақта саласында әлі де түйіні шешілмеген қандай мәселелер бар деп білесіз? – Мәселе деген барлық салада бар, бірақ көзге көрінбейтін дүние. Ең біріншіден, шиті мақта өндірісін қарқынды дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама жасап, шаруаларға субсидияның мөлшерін көбейту қажет. Екіншіден, мемлекеттік қабылдау пункттерін көптеп ашып, шикізаттың тоннасын шаруаның межелеген бағасына дейін жеткізсе, онда бұл үлкен көмек болары сөзсіз. Шаруа мен мемлекет жылда өзгермелі экономикаға байланысты баға мәселесінде бір шешімге келсе дейміз. Өйткені, қабылдау бөлімдері шаруаның шығынын ескермей, бағаны өздері белгілейді. Жасыратыны жоқ, жылда өнім алатын топырақтың сорлануы мен егістік алқаптарды құнарландыру бойынша шаруаға техникалық көмек көптеп қажет. Жаңа инновациялық технологияларды пайдаланып, мол өнім жинап жатқан шаруаларға бір реттік дотация беру қарастырылса да артық етпейді. Өзіміздің елде егіліп-жиналатын шиті мақтаның мөлшері жеткілікті. Өз шикізатымызды қазір Қытайға тасымалдаймыз. Алайда басты мәселенің бірі – жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту. Бұл да оңтайлы шешімін табар еді. Айталық, жекеменшік қабылдау бөліміндегі жұмыс мерзімі 3-4 ай болса, қалған мерзімде олар жұмыссыз. Егер мемлекеттік өндірістерді ашатын болсақ жыл он екі ай адамдарға да тұрақты жұмыс табылар еді. Ара-тұра тоқыма фабрикалары да тоқтап қалады. Себебі, шикізаттың жоқтығы. Өз жерімізде егілген шиті мақтаны шетелдерге сатуды тоқтатып, елімізде орналасқан кәсіпорындарда өңдеп, дайын бұйымды көптеп шығарсақ Қытай мен Түркияның, Еуропаның қымбат тауарларынан біршама тәуелсіз болуға жол ашылады. Сөз жоқ, Оңтүстіктегі жоғарыда аталған фабрикалар қолғап, шұлық, көрпе тыс, сүлгі, т.б. түрлі өнімдерді өндіруде. Бірақ оған еліміздегі сұраныстың аздығынан, сапалы тауар, шетелдерге шығарылып, сатылуда. Мұндай өнімдердің өз жерімізде өндірілетінін барша жұрт біле бермейді. Сондықтан тапсырыс мөлшері тым аз. Осындай өнімдерге еліміздегі ауруханалар, интернат үйлері, қарттар үйі, жоғары оқу орындарының жатақханалары, демалыс орындары мен ірі-ірі компаниялар мен ұжымдар көптеп тұтынса өнімнің қолданыс аясының да кеңеюіне септігін тигізер еді. Мұндай мәселелерді шешу үшін сөз жоқ, мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік бақылау бүгінгі таңда аса қажет. – Тоқыма саласында біраз қиыншылықтар барлығы белгілі. Ал жаңадан құрылып жатқан өндіріс орындары аяқтан тұрып кету үшін бүгінгі таңда қандай шаралар жасалу қажет? – Бүгінгі таңда елімізде тоқыма саласымен Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы тоқыма кәсіпорындары ғана айналысады. Алматыдағы химиялық талшықтан, оның ішінде жасанды және синтетикалық талшықтан жасалатын бұйымдар өндірілсе, Жамбылдағы кәсіпорындар негізінен жүн талшығынан жасалған жіптер мен одан тоқылған маталар, дайын бұйымдар шығарылады. Ал оңтүстіктегілер шиті мақта талшығынан жасалған күнделікті тұрмыста қолданылатын көптеген бұйымдарды жасап шығаруда. Бұл кәсіпорындардың барлығы да жекеменшіктің иелігінде. Кәсіпорындағы машиналардың барлығы дерлік шетелдік станоктар. Өз елімізде мүлдем шығарылмайды. Соңғы инновациялық технологиямен жасалған станоктардағы өнімдер өте сапалы. Бүгінде біз елімізде автокөліктер құрастыра бастадық. Шетелдің өндірістік машиналар шығаратын «Рейтер, Труслер» фирмаларының филиалдарын өз елімізден ашсақ, онда алдағы уақытта индустриялық-инновациялық даму жолына түскен Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшысына айналар едік. Қазіргі таңда барлық мемлекеттерде өндіріске қажетті машиналар, станоктар, басқа да керек-жарақтар шеттен тасымалдануда. Бұл шығарылған өнімнің өзіндік құнын тым жоғарылатып жібереді. Шетелдіктер бізге өз машиналарын лизингке бермейді, мемлекетаралық келісімдер жоқ. Тасымалдайтын делдалдар өте қымбат бағамен әкеледі. Осы мәселені жүйелі түрде мемлекет шешсе біраз шаруаның басы қайырылған болар еді. – Жеңіл өнеркәсіп саласындағы ғылыми жетістіктер қай деңгейде? Олардың өндірістерде қолданылу жай-күйі қалай? – Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты шиті мақта сортының жаңа түрлерін жасаумен, сапалы талшық өндіру жұмыстарымен, ауыл шаруашылығының басқа да өнімдерін шығарумен ұдайы айналысып келеді. Алматы ғалымдары негізінен мата, киім саласына көбірек ден қойған. Жамбылдағы ғалымдар жүн маталарын зерттеп қажетті киімдерді жасаумен, сонымен қатар, тері илеу, былғары, аяқ киімдермен айналысады. Мұнда жақсы цехтар, фабрикалар баршылық. Нарыққа жақсы тауарларын шығарып жатқан жайлары да бар. Оңтүстік ғалымдары жіп жасау, мата тоқу, киім тігу, машиналардың механизмдерін жетілдіру сияқты т.б. жұмыстарды дамытуды қолға алған. Барлық ғалымдар да өндіріске инновациялық жаңалықтарын енгізумен шұғылданады. Жоғарыда аталған жетістіктер ғылыми ізденістердің арқасында болып жатқан дүниелер. Ғалымдарды қолдау мемлекетте жақсы жолға қойылса өндіріс орындарының экономикалық әлеуеті, техникалық жағдайы өте жақсы болар еді. – Енді осы салаға қатысты өзіңіз айналысатын ғылыми жұмыстар жайлы сөз етсек. Қандай зерттеу жұмыстары жүргізілді? – Ғылымның техника саласы бойынша жұмыстар жасаймын. Оның ішінде механика және машина жасау, математика бағытындағы ізденістер. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы машиналардың механизмдері мен теориясы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргіземін. Ғылыми зерттеулерім шиті мақта талшығының құрамындағы ірі қиқым-қоқыстарды тазалау, шиті мақта талшығын алғашқы өңдеу машиналарын жетілдіру, шиті мақтаны тазалау процесінің динамикасы және тағы басқаларды зерттеуге арналған. Өнертабыстық жұмыстар бойынша Германия, Ресей, Украина, Белоруссия, Эстония, Латвия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты мемлекеттерден алынған бірнеше өнертабыстық, инновациялық, еуразиялық патенттер, 100-ден астам ғылыми мақалаларым бар. Халықаралық конференцияларда, Томсан Рейтерстің импакт-фактор журналдарында бірнеше мақалаларымды жарияладым. Үш инновациялық зерттеулерім жаңалық ретінде жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс орындарына енгізілген. Бүгінде нәтижелі жұмыс істеп келеді. Болашақ мамандар үшін «Шиті-мақта талшығын алғашқы өңдеу әдістерін жетілдіру», «Энергосберегающие автомобили» деген монографиялар мен «Тоқыма өндірісінің материалтануы», «Конструкциялық материалдар технологиясы» атты оқу құралдары жарық көрді. Әңгімелескен Нұрлан МАНСҰРОВ, журналист. АСТАНА.Бурабайдағы Мультимедиалық интерактивті кешенге келушілер көп
Аймақтар • Бүгін, 01:26
Аяз, көктайғақ: 16 облыста дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 00:16
2027 жылы Астанада бокстан әлем чемпионаты өтеді
Спорт • Кеше
Алматы облысының меншігіне 86 мың га жер қайтарылды
Аймақтар • Кеше