28 Қаңтар, 2016

Съезге қатысушылар саны – 2 мың адам

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-590«Нұр Отан» партиясының Баспасөз орталығында партия хатшылары Фархад Қуанғанов пен Қаныбек Жұмашевтің қатысуымен брифинг өтті. Брифинг барысында Елбасының Жар­лығына сәйкес, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтетіндігіне байланысты бүгінгі күнге дейін еліміздің барлық өңірінде партия филиалдары сая­си кеңестерінің кеңейтілген отырыстары өткендігі, ол жерлерде партияның сайлауалды бағдарламасының жобасы алдын ала талқыланып, съезд делегаттарының құрамы бекітілгендігі белгілі болды. Партия хатшыларының айтуларына қарағанда, егер партия мүшелерінің саны бүгінде 970 мыңға жуықтаса, съезге қатысуға солардың ішінен 600-ден астам делегат сайланыпты. Ал жалпы, партияның кезектен тыс XVII съезіне 2 мыңнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр екен. Қ.Жұмашев «Нұр Отан» партиясы еліміздегі ең ірі саяси күш ретінде бұл сайлауға міндетті түрде қатысуды көз­деп отырғанына тоқталды. «Осы съезд, әрине, өзінің тарихи маңыз­дылығымен ерекшеленеді. Өткен кезең­дерді саралайтын болсақ, партия өзінің алға қойған міндеттерін орындап, көптеген мәселені мерзімінен бұрын шешіп, енді алдағы 5 жылдыққа жаңа мақсаттар мен міндеттер қоюды көздеп отыр. Бүгін, осы съездің қарса­ң­ында партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен «Нұр Отанның» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді. Оған аймақтық делегациялардың өкілдері, партияның аймақтық және аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, Орталық аппарат басшылары қатысады. Бұл дегеніміз – Саяси кеңес өкілдерінің пар­тия­мыздың барлық филиалын қамти­тындығы. Олардың жалпы саны – 100 адам. Біз олардың басын қос­қан кезде, съездің негізгі жұмыс­шы органдарымен Сайлауалды бағдар­ламаны бекітіп, оны съездің қарауына ұсына­тын боламыз», – деді Қ.Жұмашев. Сонымен қатар, ол мұндай ау­қым­ды саяси науқанға дайындық жұмыстары жер-жерде жүргізіліп жатқанын айта келе, съезд өткізу туралы шешім қабыл­данғаннан кейін еліміздің өңірлерінде өткен саяси кеңестердің кеңейтілген отырыстарына партияның белсенді мүшелері, партия жанындағы қоғамдық ұйым­дардың, партиялық бақылау комис­сиясының «Жас Отан» жастар қанатының өкіл­дері қатысып, онда Сайлауалды тұғыр­нама жан-жақты талқыланғанын жеткізді. Ал Ф.Қуанғанов та Сайлауалды бағ­дар­ламаның Саяси кеңестің кеңей­тілген отырысында талқыланып, көп­шілік назарына ұсынылатынын, оның өзегінде Елбасының 5 институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» мен Ұлт Жоспары, «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұр­лы Жол» бағдар­ламасының негіз­гі қа­ғи­­далары мен басымдықтары жатқа­нын тілге тиек етті. Брифинг бары­сын­да, сон­­дай-ақ, «Нұр Отан» пар­тия­сы­ның Жар­ғысына сәйкес, Саяси кеңес­­тің құзы­ретіне партияның сайлау науқан­дарына қатысуы және партия съезінің күн тәртібін қалып­тастыруға байланысты мәселелерді қарау жататыны айтылды. Соған байланысты партияның Сая­си кеңесінің кеңейтілген отырысын­да Сайлауалды бағдарламаның жобасы­нан бөлек, Парламент Мәжілісі депутат­тарын сайлау жөніндегі партия­лық тізім, партияның кезектен тыс XVII съезінің мандаттық, есептік, ре­дак­циялық кеңестер және хатшылық сын­ды жұмысшы органдары төңірегін­дегі мәселелер қозғалмақ екен. Соны­мен қатар, партия хатшылары өз сөз­дерінде партиялық тізімнің құрамына Қазақстанның әлеуметтік-экономика­лық, мәдени-рухани дамуына үлес қосып жүрген азаматтардан бөлек, бола­ша­ғынан үлкен үміт күттіретін білікті де білімді, креативті жастардың да кіретініне сенім білдірді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».