«Нұр Отан» партиясының Баспасөз орталығында партия хатшылары Фархад Қуанғанов пен Қаныбек Жұмашевтің қатысуымен брифинг өтті.
Брифинг барысында Елбасының Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтетіндігіне байланысты бүгінгі күнге дейін еліміздің барлық өңірінде партия филиалдары саяси кеңестерінің кеңейтілген отырыстары өткендігі, ол жерлерде партияның сайлауалды бағдарламасының жобасы алдын ала талқыланып, съезд делегаттарының құрамы бекітілгендігі белгілі болды. Партия хатшыларының айтуларына қарағанда, егер партия мүшелерінің саны бүгінде 970 мыңға жуықтаса, съезге қатысуға солардың ішінен 600-ден астам делегат сайланыпты. Ал жалпы, партияның кезектен тыс XVII съезіне 2 мыңнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр екен.
Қ.Жұмашев «Нұр Отан» партиясы еліміздегі ең ірі саяси күш ретінде бұл сайлауға міндетті түрде қатысуды көздеп отырғанына тоқталды. «Осы съезд, әрине, өзінің тарихи маңыздылығымен ерекшеленеді. Өткен кезеңдерді саралайтын болсақ, партия өзінің алға қойған міндеттерін орындап, көптеген мәселені мерзімінен бұрын шешіп, енді алдағы 5 жылдыққа жаңа мақсаттар мен міндеттер қоюды көздеп отыр. Бүгін, осы съездің қарсаңында партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен «Нұр Отанның» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтеді. Оған аймақтық делегациялардың өкілдері, партияның аймақтық және аумақтық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, Орталық аппарат басшылары қатысады. Бұл дегеніміз – Саяси кеңес өкілдерінің партиямыздың барлық филиалын қамтитындығы. Олардың жалпы саны – 100 адам. Біз олардың басын қосқан кезде, съездің негізгі жұмысшы органдарымен Сайлауалды бағдарламаны бекітіп, оны съездің қарауына ұсынатын боламыз», – деді Қ.Жұмашев.
Сонымен қатар, ол мұндай ауқымды саяси науқанға дайындық жұмыстары жер-жерде жүргізіліп жатқанын айта келе, съезд өткізу туралы шешім қабылданғаннан кейін еліміздің өңірлерінде өткен саяси кеңестердің кеңейтілген отырыстарына партияның белсенді мүшелері, партия жанындағы қоғамдық ұйымдардың, партиялық бақылау комиссиясының «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері қатысып, онда Сайлауалды тұғырнама жан-жақты талқыланғанын жеткізді.
Ал Ф.Қуанғанов та Сайлауалды бағдарламаның Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында талқыланып, көпшілік назарына ұсынылатынын, оның өзегінде Елбасының 5 институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» мен Ұлт Жоспары, «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» бағдарламасының негізгі қағидалары мен басымдықтары жатқанын тілге тиек етті. Брифинг барысында, сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының Жарғысына сәйкес, Саяси кеңестің құзыретіне партияның сайлау науқандарына қатысуы және партия съезінің күн тәртібін қалыптастыруға байланысты мәселелерді қарау жататыны айтылды.
Соған байланысты партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Сайлауалды бағдарламаның жобасынан бөлек, Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі партиялық тізім, партияның кезектен тыс XVII съезінің мандаттық, есептік, редакциялық кеңестер және хатшылық сынды жұмысшы органдары төңірегіндегі мәселелер қозғалмақ екен. Сонымен қатар, партия хатшылары өз сөздерінде партиялық тізімнің құрамына Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына үлес қосып жүрген азаматтардан бөлек, болашағынан үлкен үміт күттіретін білікті де білімді, креативті жастардың да кіретініне сенім білдірді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».