Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысының қарауына төрт мәселе шығарылды. Күн тәртібіндегі мәселелерді талқыламас бұрын Төраға осыдан 20 жыл бұрын, яғни 1996 жылдың 30 қаңтарында Елбасы Н.Назарбаев тұңғыш кәсіби Парламенттің сессиясын ашқандығын ерекше атады.
Осы уақыт ішінде Парламент заң шығарушы жоғары өкілді орган ретінде толық қалыптасып, мемлекеттік билік жүйесінде өзінің лайықты орнын иеленді. Парламентшілер ел тәуелсіздігін нығайту жолында орасан зор жұмыстар атқарып, Президент реформасын табысты жүргізуге белсене қатысып келеді, деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл ретте, Қ.Тоқаев осы жылдар кезеңінде еліміздің берік ұлттық негізі қаланғанын, сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге бағытталған екі мыңнан астам заң қабылданғанын алға тартты. Біз Қазақстан қоғамы үшін айрықша маңызды тарихи белес – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында мемлекетімізді нығайту жолындағы жасампаз істерге барынша ден қоюымыз қажет. Сапалық жағынан мүлдем жаңа, күн сайын өзгеріп отырған экономикалық жағдайда Елбасы ұсынған ауқымды жаңғырту шараларын жүзеге асыру бүгінгі күннің аса маңызды міндеті, деді Сенат Төрағасы.
Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселелерді қараған палата өздері 2014 жылы Конституциялық Кеңес мүшесі лауазымына тағайындаған Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Анар Жайылғанованың өкілеттігін тоқтату туралы мәселені шешіп алды. Төрағаның сөзінен белгілі болғандай, Анар Нұралықызы «Нұр Отан» саяси партиясының құрамына кіруіне байланысты Конституциялық Кеңес мүшесі ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы өтініш беріпті. Сондықтан да тиісті заңға сәйкес, оның мүшелік өкілеттігі саяси партияға кіруі жағдайында тоқтатылса, шешімді тағайындаған мемлекеттік орган қабылдауы қажет. Ал Конституциялық Кеңес төрағасы Игорь Рогов әріптестерінің бұл таңдауына сыйластықпен қарайтындықтарын жеткізді.
Жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Хаттама мақсатының бірі салықтан жалтаруды болдырмау және алдын алу үшін салық салу мәселелері бойынша ақпарат алмасуды қамтамасыз ету болып табылатынын айтты.
Министр екі мемлекеттің тиісті органдары ынтымақтастық аясын кеңейтетініне де тоқталды. Сондай-ақ, ол қолданыстағы Конвенция екі елдегі ақпараттың құпиялылығына байланысты заңға сәйкес, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасында салық төлеу бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік берілмейтінін жеткізді. Ал Хаттамадағы өзгерістер арқылы ақпараттың құпиялылығына қатысты нормалардың болуына қарамастан, уағдаласушы мемлекеттердің ақпарат алмасу міндеті көзделген. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында табиғи ресурстарға барлау жүргізуден алынатын кірістерге айыппұлдар мен борыштық құралдар бойынша тұрақсыздық айыптары тетіктеріне қатысты өзгерістер де енгізілгені белгілі болды. Жалпы, Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда айналымы 2014 жылы 453 миллион долларды құраса, соның ішінде экспорт 96 миллион, ал импорт 357 миллион доллар болған екен.
Және де Сенат «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі (Энергия тиімділігін арттыру және жастар корпусын дамыту бағдарламасы үшін бір донордың Траст қоры әкімшісі ретінде әрекет етуші) арасындағы Грант туралы келісімді (Жастар корпусын дамыту жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасын да қолдау керек деп шешті. Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің сөзіне қарағанда, Келісімнің бірнеше мақсаттары бар. Біріншіден, жастарды, әсіресе, жұмыссыз, табысы аз, мүгедек, осал топтарға жататын санаттағы жастарды қоғам өміріне тарту болып табылады. Екіншіден, қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламалары арқылы олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту көзделеді. Осыған байланысты Дүниежүзілік банк Жастар корпусын дамыту жобасын қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін Қазақстанға осы келісімде жазылған немесе айтылған тәртіппен 21,7 млн. доллар мөлшерінде грант бөледі, деді Аслан Бәкенұлы.
Министрдің сөзінен мәлім болғандай, Грант Траст қорының қаражаты есебінен қаржыландырылып, оны толықтыру үшін Дүниежүзілік Траст қорының донорынан кезеңдер бойынша жарналар алынып отырады. Негізінен, Жастар корпусын дамыту үш құрамдас бөліктен тұрады. Бірінші кезеңде 18 және 29 жас аралығындағы жастардың қоғамдық пайдалы қызметті жүзеге асыруға бағытталған жобалары қаржыландырылады. Әр жобаның ұзақтығы алты айға созылады және қаржыландыру саны бес адамға дейін жетеді. Ал жобаға қатысушылар ай сайын әлеуметтік стипендия алады. Қазіргі ақшамен бұл көрсеткіш 50-100 мың теңгенің аралығында. Сонымен бірге, жастар үшін бір апталық қаржылық сауаттылық және жобаны басқару бойынша оқыту өткізіледі деп күтілуде.
А.Сәрінжіпов ол туралы былай деді: «Тұтастай алғанда, Жастар корпусын дамыту жобасының бірінші бағытын жүзеге асырудың нәтижесінде республика бойынша 1700 жастар жобасын жүзеге асыру көзделеді. Бұған 8,5 мың жас азамат тартылады. Сонымен қатар, 100-ге жуық жастар ұйымы да осы жұмысқа қатысады». Жобаны жүзеге асыру үшін жастар көп шоғырланған Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары таңдап алыныпты.
Сондай-ақ, Сенат күн тәртібіндегі соңғы мәселе – «Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да қарап, қабылдады. Аталған келісімге 2015 жылғы 8 шілдеде Астана қаласында қол қойылған. Екі ел арасындағы келісім сотталған азаматтарды олар өздері азаматтары болып табылатын мемлекетте жазасын өтеуге беру мүмкіндігіне байланысты мәселелерді реттеп, сотталғандардың өздері азаматы болып табылатын қоғамға оралуына мүмкіндік береді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».