29 Қаңтар, 2016

Қысқы Универсиада: Сын сағаты жақындап келеді

224 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Универсиада-Алматы-2017Келесі жылы елімізде алғаш рет Қысқы Универсиада өтеді. Бұл – дүниежүзі сту­денттерінің қысқы спорт түр­лерінен қатысатын жарысы. Қазіргі кезде Алматыда осынау төрт жылда бір келетін доданы өткізуге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Спортшыларымыз да шетелде өтіп жатқан үлкенді-кішілі жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына қатысып, Универсиадаға дайындықтарын бастап кетті. Бұл Ойындар кейбір саңлақ­тарымыз үшін өмірінде алғаш рет қатысатын жарыс болады. Ал кейбір тәжірибесі бар, көптеген додаларда ысылып, жейдесін тоздырған спорт­шыларымызға Универсиада алтын медальдарды күреп алатын алаңға айналады деп ойлаймыз. Бүгінде елімізде халыққа саламатты өмір салтын насихаттауда, спорт пен денешынықтыруды дамытуда қолда бар жағдайдың бәрі жасалып жатыр. Соның бір дәлелі – мемлекеттің қандай да болсын дағдарысқа қарамай, адамның спортпен айналысуына, елімізде халықаралық жарыстардың өтуіне жағдай жасауы. Қысқы Универсиадаға жер-жүзінің əр елінен 2000-нан астам спортшы қатысады делінуде. Сондықтан ол бір жағынан спорт­тық жарыс қана емес, әлемнің әр түкпірінен Қазақстанға жарысқа қатысуға асыға келетін адам­дар үшін әсем Алматының, ару Алатаудың керемет табиғатын көріп қайтатын демалыс уақыты болады. Демек, Универсиада туризмді дамытуға да септігін тигізеді деген сөз. Осы жерде айтатын нәрсе, 2011 жылы Астана мен Алматыда Қысқы Азиада ойындары өткен соң, сарықұрлықтың кейбір жаттықтырушылары мен спортшылары басқа емес, біз­дің елде ғана оқу-жаттығу жұмыс­тарын өткізуді қалағаны тегін емес. Ендеше, Қысқы Универсиада еліміздің имиджін қалыптастырып, туризмді дамытатын тағы бір алаңға айналуы ғажап емес. Біз осыған тілектеспіз! Қайыргелді Жанпейісов, Ұлт­тық штаттық команда­лар және спорт резерві дирекция­сының директоры: – Бүкіләлемдік Қысқы Уни­версиада ойындары саяси жә­не спорттық жоба ғана емес, сон­дай-ақ Алматының дамуы мен көркеюіне септігін тигізетін бірегей жоба. Өйткені, барлық салынып жатқан спорттық нысандар Универсиада аяқтала сала, халықтың игілігіне беріледі. Біздің спортшылар алыс елдерге бармай, өз еліміздегі спорттық нысандарда жаттығады. Осылай уа­қыт пен қаржыны үнемдей аламыз. Универсиаданың арқасында қаншама адам жұмыспен қам­ты­лады. Болашақта Олимпия ойындарын өткізіп жатсақ, тағы да көпке шашылмаймыз. Өйт­кені, бізде барлығы дайын. Универсиада нысандарында әлем чемпионаттары мен кубоктары, басқа да үлкен жарыстарды өт­кізуге болады. Универсиадада біздің спортшылар жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенемін. Дегенмен, 2011 жылғы Азия ойындарындағы нәтижемізді қайталау қиынға соғады. Себебі, ол кезде тек Азия елдерінің командала­ры қатысса, келесіде әлемнің әр түк­пірінен спортшылар келеді. Біздің спортшыларға жанкүйерлерді жерге қаратуға болмайды. Спортшы­ларымыздың бағы мен бабы келісіп, ел намысын абыроймен қорғап шыға­тынына сенімдімін. Юлия Галышева, 2015 жылғы Универсиада ойындарының чемпионы: – Испанияның Гранада қала­сында өткен Қысқы Универсиадаға қатыстым. Бұл мен алғаш рет қатысқан студенттер додасы болды. Сол кезде мен Универсиаданың деңгейіне көз жеткіздім. Ол Қысқы Олимпиададан кем емес екен. Енді сонда жинаған тәжірибемнің арқасында, 2017 жылы елімізде өтетін Универсиада ойында­рын­да сәтті өнер көрсетемін деп ой­­лаймын. Келесі жылы Уни­вер­сиадада әлем чемпионаты мен Азия ойындары өтеді. Осы жарыстың барлығында сүрінбеуге тырысамын. Оған шамам толықтай жетеді. Қысқы Универсиадаға дайын­дығым жақсы. Жарысқа арнайы бағ­дарлама бойынша дайындалып жатырмын. Нұрберген Жұмағазиев, шорт-тректен Қазақстан құра­масының капитаны: – 2017 жылғы Қысқы Уни­вер­сиадаға дайындығым жақсы. Қазір Нидерландта оқу-жаттығу жиындарында жүрміз. Келесі жылы тек алтын алу үшін барымызды саламыз. Біздің команда мықты жігіттерден жасақ­тал­ған. Сондықтан өзімізге се­не­­міз. Универсиада мен үшін Олимпия ойындарымен пара-пар. Өйткені, бұл жарыстарға Олим­пиадаға қатысып жүрген командалар келеді. Ал олардың арасынан топ жару, Олимп шыңын бағындырумен тең. Жібек Арапбаева, 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының кү­міс жүлдегері: – Мен 2011 жылы Қысқы Азия ойындарына қатысқан болатынмын. Сол сында күміс жүлдені алып, тұғырға көтерілген сәтті ешқашан ұмытпаймын. Содан бері аттай алты жыл өтті. Жеңістер де, сәтсіздіктер де болды. Жарақат алсам да, спорттан қол үзген емеспін. Өйткені, мақсатыма толық жеттім деп айта алмаймын. Универсиада ойындарын асыға күтіп жүрмін. Осы сынға қатысуды көптен бері армандап, жос­парлап қойғанмын. Бұрын-соңды Универсиада ойындарына қатысып көрмегенмін. Елімнің мерейін асырғым келеді. Мен өзім айналысатын спорт түрін халыққа насихаттап, оның дамуына атсалысқым келеді. 2011 жылы біздің командада фристалдың акробатика түрінен бар-жоғы 3-4 адам болса, қазір біршама кө­бе­йіп қалдық. Ал Универсиада аяқ­талғаннан кейін, фристайлдың акробатикасына қызығып, осы спортқа ден қоятындардың қатары тіпті арта түседі деп есептеймін. Жеңісті күнде жолыққанша! Жанбота Алдабергенова, Со­чи Олимпиадасына қаты­су­шы: – Универсиада әр екі жыл сайын өткізілетін үлкен спорт­тық шара. Ол жарыста тек студент спортшылар қатыса алады. Мен де қазір университетте оқимын. Осы кезге дейін елімізде өткен халықаралық жарыстарға қатыспадым. Менің фристайлға деген қызығушылығымды 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен VII Қысқы Азия ойындары оятты. Сол кезде осы спорт түріне қызыға бастадым. Қазір нәтижелерім жаман емес. Сочиде өткен Олимпия ойындарына қаты­­сып, алтыншы орын алдым. Былтыр Универсиадаға қатысқым келіп еді. Бірақ, шаңғы акробатикасы Универсиада бағдарламасына кірмей қалды. Сондықтан 2017 жылды асыға күтіп жүрмін. Регина Глазман, мәнерлеп сырғанаушы: – 2017 жылы Алматыда өте­тін қысқы студенттер жарысы менің қатысатын алғашқы Уни­вер­сиадам. Сондықтан жауап­кершілікті сезінгендіктен, бойымда алаңдаушылық бар. Дегенмен, бәрін ысырып тас­тап, өзімді дайындауым керек. Өз елімде өтетін Қыс­қы Ойындарда барымды салып, жақсы нәтиже көрсеткім келеді. Біз өз жан­күйерлеріміздің алдында жарысамыз, сондықтан олардың қолдауы бізге дем береді. Жақында маған ота жасалды. Қазір қалпыма келіп жа­тыр­мын. Ақпаннан бастап да­йын­дықты бастаймын. Біз жаттық­тырушыларымызбен арнайы жаттығу кестесін жасап қой­дық. Со­ның негізінде дайындаламыз. Владимир Пашковский, шайбалы хоккейден мемлекеттік жат­­тықтырушы: – 2017 жылғы Универсиадаға қарай спортшыларымыз бабында болады. Сол үшін олар барлық да­йын­дықтан өтіп жатыр. Өткен Уни­версиада ойындарында ерлер құрама командасы екінші орын алса, қыздарымыз алтыншы орын­нан көрінді. Бұл нәтижелерді алдағы Универсиадада жақсар­туы­мыз керек. Қазіргі таңда ерлер командасының құрамында 50 хок­кейші бар. Барлық спортшы­лар ҚХЛ мен ЖХЛ-да ойнап жүр. Ал әйелдер құрамасының дені Ал­ма­тының «Айсұлу» хок­кей клу­бының қыздарынан жасақ­талған.  Дайындаған Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Астанада Мәуліт кеші өтті

Дін • 27 Қыркүйек, 2024

Қостанайда жылу тарифі қымбаттайды

Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

TikTok-қа тоқтам керек

Пікір • 27 Қыркүйек, 2024