29 Қаңтар, 2016

Мемлекетпен бірге жетілген қызмет

319 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Назарбаев УниверситетКеше «Назарбаев Университеттің» «Сенат холл» залында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын кең көлемде атап өту мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің бастамасымен «Н.Назарбаев және мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Іс-шараны «Назарбаев Университет» БҰҰ ДБ (Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы) және Еуропалық одақ өкілдігімен бірлесіп өткізді. Конференцияны ашқан Мем­лекеттік қызмет істері министрі Талғат Донақов алғашқы сөз­ді Президент Әкімшілігі Бас­шы­сының орынбасары Марат Бекетаевқа берді. Мінберге көте­рілген шешен: «Елбасы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт Жоспа­ры – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты бағдарламалық мақаласында 2016 жылдың 1 қаң­тары 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын орындау­дың практикалық кезеңінің басталуы деп атап өткен болатын. Мемлекет басшысы айтқандай, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру және мемлекетті кәсібилендіру Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың аса маңызды бөлшегі», деді ол. Әрі қарай ол аталған жұмыс­тардың Мемлекеттік қызмет туралы алғашқы заң қабылдануының 20 жылдығымен тұспа-тұс келгеніне және бұл жұмыстың елімізде ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі мем­лекеттік қызметтегі алғашқы реформа болғанына тоқталды. Ал бүгінгідей әлемдегі аса дамыған елдердің алғашқы отыздығына ену жайлы кеуделі мақсаттар қойған тұста мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырып, мемлекетті кәсібилендіру өте маңызды, іс деген М.Бекетаев оларды жүзеге асырудың негізі елімізде берік қалыптасқанын атап көрсетті. Мұнан соң конференцияға модераторлық етуші министрдің өзі мінберге көтерілді. Т.Донақов ойын былайша жалғады. Әлем­дік тұрғыда алдыңғы қатарлы озық елдердің тәжірибелерінен байқағанымыздай, мемлекеттің қуаттылығы ондағы кадрлардың білімі мен білігіне тікелей байланысты. Ал Қазақстанның Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен бұл тұрғыда жүйелі де мақсатты көп істер тындырғанын тілге тиек еткен министр бүгінгі күні алға қойылып отырған міндеттерге де тоқталды. Реформаны жүзеге асырудың ең бір маңызды тұсы азаматтардың мемлекеттік қызметке деген се­німі артуы екенін алға тартып, конференцияға қатысушыларға практикалық қадамдар жасауда пайдасы тиетін ойларымен еркін бөлісуді сұрады. Министр сөзінен соң, мем­лекеттік қызмет тарихында екі рет осы саланың басшысы болып қызмет атқарған, ал бүгін конференцияға «Нұр Отан» партиясының хатшысы ретінде қатысып отырған Зауытбек Тұрысбековке сөз кезегі берілді. Мемлекеттік қызметтің жаңа мо­делінің қалыптасу кезеңдерінің тарихын шолып өткен ол бүгінгі күні 5 институттық реформадағы «100 нақты қадамның» 15-інің осы мемлекеттік қызмет пен мем­лекетті кәсібилендіруге арна­луының өте маңызы зор екеніне жиналғандардың назарын аударды. Мемлекеттік қыз­меттегі жаңа реформалар бо­йынша қызметте өсу, қабілеті мен қарымын есепке алған жаңа жалақы төлеу жүйесін енгізу сынды жаңалықтардың сонылығына назар аударды. Ал осындай мақсатты да жүйелі жүргізілген жұмыстардың мем­лекеттік қыз­метті жаңа сапалық деңгейге көте­ретініне сенімді екенін де айтып өтті. Модератор келесі кезекте мінберге шақырған БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Но­римаса Шимомура, еліміздегі ЕО өкілі Жан-Луи Лаврофф меритократия және қызметтік әдеп, сыбайлас жемқорлықпен күрестегі сауықтыру шараларының маңызы жайында ойларымен бөлісті. Аздаған үзілістен соң жұмы­сын қайта жалғаған конферен­цияда жаңа заманауи байланыс жүйесі қызмет етті. Бейне­кон­фе­ренцбайланыс тәр­тібінде конференция баяндамашылары болып Ли Куан Ю атындағы Сингапур Ұлттық университеті мемлекеттік саясат мектебінің вице-деканы, профессор Эдуардо Арарал (Сингапур), Корнел университеті құқық мектебінің профессоры Чарльз Уайитхед (АҚШ) сөз сөй­леп, әрі қарай конференция күн тәртібіне сәйкес үш секциялық отырыс шеңберінде жалғасын тапты. Оның алғашқысы – «Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 26 желтоқсандағы «Мемлекеттік қызмет туралы» Жарлығы – Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметтің заманауи жүйесін институттандырудың бас­тауы» тақырыбын қаузаса, екіншісі – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидаларын тиімділіктерін, нәтижеліліктерін және ашықтығын қалыптастыруды қамтамасыз етуші» мәселелерін, үшіншісі – «Заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастыру бойынша Мемлекет басшысының институттық реформасы» тақырыбы төңірегінде өрбіп, профессорлар Зинаида Федотова, Марат Қоғамов, Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова, «Назарбаев Университеттің» жоғары сая­сат мектебінің деканы Хуэй Вэнг Тат сияқты конференция­ға қатысушылардың пікірлерімен тұздықталды. Конферецияға қатысушылар бірауыздан: Қазақстан Рес­публикасы Президентінің заң күші бар Жарлықтары Қазақстанның заманауи құқықтық жүйесінің, оның ішінде мемлекеттік басқарудың және мемлекеттік қызметтің не­гізін қалады; Тәуелсіздік жыл­дары ел Президентінің нақ­ты бағыт ұстануының арқа­сында үздік халықаралық тә­жірибеге негізделген заманауи инфрақұрылым және сапалы, қолжетімді мемлекеттік қызметтер көрсету жүйесі қа­лыптасты; Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев бекіткен «Болашақ» бағдарламасы жаңа пішімдегі басқарушыларды қа­лыптастырудың генераторы бола білді және солай қала бер­мек, – деген қорытындыға келіп, конференцияға қатысқан халықаралық сарапшылар мем­лекеттік қызмет туралы жаңа заң­наманың кадрларды іріктеу мен өсіру кезінде, персоналды басқару және этиканы бақылауды күшейту институттары мен тетік­терін жетілдіруде меритократия қағидаттарын күшейтуді қам­тамасыз ететінін жоғары бағалады. Олар, сондай-ақ, заманауи және кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруда жүзеге асырылып жатқан институттық реформаның Қазақстанды әрі қарай дамыта түседі деп есеп­тейтіндерін айтты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».