Қарағандыдағы супермаркеттің сатушыларынан маза кетті. Олар адамның көзін заматта байлап, тақырға отырғызып кететін келіншекпен кездесуге жатпай-тұрмай әзірленіп жатыр...
Таяуда Қарағандыдағы дүкендердің біріндегі бейнабақылау камерасы түсірген кадр бүкіл еліміздің супермаркеттерін шарлап кетті. Бұл көріністе клиент әйел алған тауарына ақша төлемей кассирдің алдынан оп-оңай өтіп кеткен. Тіпті, сатушы қыз оған ұсақ ақша қайтарып беріпті. Кассир қыздың айтуынша, бәлендей қулықты байқай қоймаған, басының қалай айналғанын да сезбепті.
Ал психолог Галина Булавенко осы жайтқа қатысты мынадай ой айтты: «Бұл жерде эриксондық гипноз қолданылуы мүмкін. Негізі, сатушы мынадай алгоритм-тәртіп бойынша жұмыс істейді: алдымен түбіртекті теседі. Экраннан цифрды, онан кейін клиенттің қолындағы купюраны көреді. Сол кезде ол автоматты түрде қайтарып беретін соманы есептей бастайды. Ал алаяқ әйел болса купюраны көрсетті де, қайтып ала қойды. Сол кезде сатушының ой механизмі іске қосылып, автоматты түрде қалдық ақшаны қолына ұстата берді...».
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әзірге зардап шегуші жақтан арыз түспеген. Келтірілген шығын соншалықты көп емес екен. Бірақ бұл оқиғаның сатушыларға ащы сабақ болары айдан анық.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.