29 Қаңтар, 2016

Бұл соңғы мүмкіндік

455 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысындағы мүлікті жария ету комиссияларына жалпы жылжымайтын мүлік бойынша 5698 өтініш түсіпті. Ол өтініштерде жалпы сомасы 29054,1 млн. теңгені құрайтын мүлік көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, оның ішінде 18200,5 млн. теңге көлеміндегі 4780 тұрғын үй нысандары, сондай-ақ, 10853,5 млн. теңгені құрайтын 918 тұрғын үй емес нысандары бар. Осы уақытқа дейін жалпы сомасы 25739,8 млн. теңгені құрайтын 4903 нысан жария ету рәсімі арқылы заңдастырылды. – Ең бастысы, ақша жария ету рәсімі оңайлатылды, – дейді бұл жөнінде Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Асқар Тынысбеков. – Енді ақшаны екі әдіс арқылы заңдастыруға болады. Банктегі шотта көрсетуге және өзінің кез келген қажетіне жаратуға болады. Мысалы, бизнеске салуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе шоттан шығарып алуға. Бұл үшін 10 па­йыз алым ұсталмайды. Қазақстан аумағында орналасқан және құжаттары дұрыс ресімделген жағдайда мүлікті заңдастыру үшін тек қана мемлекеттік кіріс­тер органдарына тиісті декларацияны тапсыру керек. Сонымен қатар, осы ережені мүлік шет мем­лекетте орналасқан жағдай­да да қолдануға болады. Яғни, ортадағы артық құры­лым, мемлекеттік кірістер органда­рының жанынан ұйымдасты­рылған комиссиялар жойылды. – Елбасы Н.Назарбаев «Жа­рия ету – бұл соңғы мүмкіншілік, осыдан кейін ешқандай жеңіл­діктер болмайды. Жария ету – бұл жалпыға бірдей декла­рацияны енгізу алдындағы соңғы мүмкіндік» деген болатын. Жалпыға бірдей декларацияны енгізу және жария ету мерзімі туралы не айтасыз, деп сұрадық біз. Иә, шынында, осы акция­дан кейін барлық шетелдегі шоттар бойынша ақпараттар қайта тексеріледі. Заң бойынша шетелдерде есеп-шоты бары туралы ақпаратты жасырған жағдайда әкімшілік жаза қолданылады. Сонымен қатар, шетелде мүлігі бар тұлғаларды міндетті түрде декларацияны өткізу керектігін хабардар етеді. Жалпыға бірдей декларациялау жұмыстары басталуына байланысты мүлік және қаржыға рақымшылық жасау мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Мүлікті жария ету кезеңінде барлық анықталған мәліметтер салық органдары мен банк құпиясы болып саналады. Сондай-ақ, мүлікті немесе қаржыны жария ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғауға немесе қылмыстық іс барысында дәлел ретінде пайдалануы­на тыйым салынған. Жария етілген мүлікке тәркілеу рәсімі қолданылмайды, деп жауап берді А.Тынысбеков. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.