30 Қаңтар, 2016

Бақыт та, байлық та, өмір де өз елімізде

501 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін

100-590

Бәрімізде бір отан, баста бізді, «Нұр Отан»!

Кеше Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс ХVІІ съезі өтті.

29-01-02.Бұл күні Тәуелсіздік сарайының ішінде елімізге танымал азаматтардың бәрі болды десек, артық айтқандық емес. Соның ішінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым мен өнер саңлақтары, спорт майталмандары – бәрі де өзара жүздесіп, пікір алмасып жатты. «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері танымал адамдармен, әсіресе, атақты спортшылармен суретке түсіп мәз. Съезге барлығы екі мыңнан астам адам қатысты. Соның ішінде еліміздің барлық өңірлеріндегі партия филиалдарының конференцияларында сайланған делегаттардан басқа мемлекеттік басқару органдарының, ұлттық холдингтердің басшылары, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, дипломатиялық корпус пен БАҚ-тардың өкілдері болды. Сағат тура 11.00-де залға Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев келіп, съезд өз жұмысын бас­тап кетті. Жиынның жұмысшы орган­дары сайланып, күн тәртібі бекі­тілді. Онда басқа мәселелермен қатар биылғы жылдың 20 наурызында өтетін Мәжілістің кезектен тыс сайлауы­на үміткерлердің партиялық тізімі бекі­тілді. Партияның «Қазақстан-2021: Бір­лік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданып, партияның Саяси кеңесі құрамына өз­герістер енгізілді. Съезде негізгі баяндаманы Елбасы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаев жасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде елді да­мытудың негізгі мәселелеріне тоқ­талып, «Нұр Отан» партиясының алдына жаңа сайлауалды бағдарламасына қатысты бірқатар нақты міндет қойды. Қазақстан Президенті былтыр басталған Бес институттық реформаны заңна­малық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін 59 жаңа заң қабылданғанын айтты. Бүгінде барлық мемлекеттік органдар оған қатысты белсене жұмыс жүргізуде, қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар. – Бес реформаны тиімді жүзеге асы­ру – біздің ХХI ғасырда табысты болуы­мыздың кілті. 100 қадам – шын мәнін­де елді әрі қарай дамытудың жүйелі мәсе­лелеріне арналған менің 100 нақты шеші­мім. Ұлт Жоспары орындалуы үшін Ұлт­тық комиссия жұмысына қоса барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметтердің кәсіби іс-қимылы қажет. Сондықтан, әкімдер және «Нұр Отан» партиясының бүкіл жүйесі мұны ең басты міндеттің бірі санағаны жөн. Ұлт Жоспары біздің алдағы бесжылдық кезеңге арналған жаңа сайлауалды бағдарламамыздың өзегі болып табылады, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы сайлау алдындағы бағ­дар­ламаның негізгі бағыттары туралы да егжей-тегжейлі айтып берді. Бірінші. Дағдарысқа қарсы тұ­рақ­тандыру. Халықтың іскерлік белсенділігін және жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған шараларды қарастырған Дағ­дарысқа қарсы бағдарлама қабылданды. Тек биылдың өзінде осы мақсатқа рес­пуб­­ли­калық бюджеттен 225 миллиард теңге кө­лемінде арнайы резерв қарасты­рылған. – Біз еңбек адамдарына «Жұмыспен қамту-2020» Жол картасының маңызды­лығын арттыру арқылы қолдау көр­се­теміз. 2015 жылы «Нұрлы Жол» бағдар­ламасына 770 миллиард теңге қарас­тырылды, ол 93% игерілді. 500 шақырымға жуық автомобиль жолы салынды, қайта жөнделді. 7000 пәтер салынды, оған қосымша Тұрғын үй құрылыс-жинақ банкі арқылы 3700 пәтер берілді, сондай-ақ, 51 білім беру нысаны іске қосылды. Кәсіпкерлікті қолдауға 100 миллиард теңге бөлінді. Агроөнеркәсіп кешеніне, автоөндірушілерге және басқа да салаларға көмек көрсетілді. Бұл – бір жылғы жұмыстың нәтижесі. Алдағы уақытта жеке бизнесті, жұмысшыларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру ісін қаржыландыру көлемі ұлғайтылады. Жалпы, «Нұрлы Жол» жобаларын жүзеге асыру барысы таяу жылдарда 400 мың жұмыс орнының ашылуын қамтамасыз етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының алып­са­тарлық арқылы өсуіне жол бермеудің маңыздылығына назар аударды. Осыған байланысты елімізде өнім шығару көлемін ұлғайту қажет. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жыл­дары елде бизнесті дамыту үшін бар­лық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. – Біз көптеген ауқатты адамдарды қа­лып­тастырдық, олар елімізде капитал жи­нақтады. Енді шетелдегі мүліктерді заң­дастырып, Қазақстанға қаражат әкелу керек. Бақыт та, байлық та, өмір де өз елімізде. Бүгінде республикада жеке­ше­лендіру жүріп жатыр. Олардың осы үрдіске қатысып, нысандар сатып алуына және қазақстандықтар үшін жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамыту арқылы табыс табуына болады, – деді Қазақстан Президенті. Елбасы мемлекеттік шығыстардың барлық жүйесі қатаң үнемдеу қағидатына негізделетінін айтты. Экономикалық өсімнің қосымша көзі ретінде өңіраралық кооперацияға назар аударылды. Екінші. Экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңғырту. 4 арқаулық саланы баса дамыту құ­рылымдық өзгерістердің негізі болады. Мәселен, түсті металлургияда төртінші және бесінші қайтара өңдеуге көшу 2021 жылға қарай осы саладағы экспорттық өнімдер үлесін 20%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Назарбаев мұнай-газ сек­торының бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру шараларын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты. – Біз «Қашаған» кенішінде коммер­циялық өндіру басталады деп күтіп отыр­мыз. «Теңізшевройл» ЖШС өндірі­сін ұлғайту мұнайдың қосымша көле­мін қамтамасыз етеді. Каспий құбыр кон­сор­циумының қуаттылығын арттыру ісін аяқтау қажет. «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» газ құбырының құрылысы да аяқ­талып келеді. 2018 жылға қарай нарық сұранысын толықтай отандық өнім­дермен – бензинмен, дизельдік отын­мен, авиакеросинмен және газбен қамтамасыз ету міндетін қоямын. Мұнай және газ нарығын ырықтандыру, мұнай өңдеуші кәсіпорындарға коммерциялық қызметтерін қайтарып беру маңызды. 2021 жылға қарай елдегі мұнай өндіру көлемі жылына 92 миллион тоннаға жетеді, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы электр энерге­ти­касы кешенінде инвестиция үшін қо­лай­лы жағдай жасау қажеттігін атап өтті. – 2019 жылы KEGOK базасында қуат­ты бірыңғай сатып алушыны ен­гізу жоспар­ланған. Жаңғыртылатын энер­гети­каның отандық секторының дамуына алдағы ЭКСПО-2017 халықара­лық көрмесі қуатты серпін береді. Бұл бола­шақтағы «жасыл экономикаға» қарай маңызды қадам болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті экономикалық өсім­нің негізгі қозғаушы күшінің бірі аг­рар­­­­лық сектор болатынына назар аудар­ды. – Бүгінде біз өндірілген өнімді суб­­сид­иялауға көшіп жатырмыз, бұл ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пай­далануға және аграрлық кешеннің жұ­мы­­сын жақсартуға септігін тигізеді. Жа­ңа технологиялар мен өндіріс ин­фра­­­құрылымдарын енгізу ауыл шаруа­шылығындағы еңбек өнімділігінің өсімін 1,5 есеге арттыруға тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Елбасы Астанада үш ғылыми-тех­нологиялық кластерді – жоғары технологиялар, биомедицина және геология кластерін дамытудың маңыздылығын айтты. Сонымен қатар, Алматы инно­вациялық технологиялар паркінде экс­портқа бағдарланған кемінде 2 жаңа бағыт, өңірлік стартап-хаб және транс­ұлттық корпорациялардың қатысуымен 5 технологиялар дамыту орталығы құ­ры­лады. Мемлекет басшысы бұл жобалар таяп келе жатқан Төртінші өнеркәсіптік революция аясында маңызды орын алатынын айтты. – Цифрлық революция – бұл қазіргі әлем құрылымы үшін елеулі сынақ. Мысалы, цифрлы державалар 2020 жылға қарай 5 миллион жұмыс орнынан айырылуы мүмкін. Сондықтан біз баршаға қолжетімді білімге – балабақшадан бас­тап кәсіби білімге, қызметкерлерді оқытуға кеңінен инвестиция салуымыз қажет. Бұған мемлекет қана емес, әрбір адам қатысуы тиіс. Бизнес болашақты ойлауы керек, оқытып, жұмыс орындарын аша отырып, бос қаражатын соған салуы керек, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» мем­лекеттік бағдарламасына сәйкес елдің транзит-көлік әлеуеті барынша дамытылатынын атап өтті. – Биыл «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» магистралінің құрылысы аяқта­лады. Тағы 2 перспективалы жоба – Еура­зия­лық трансқұрлықтық дәліз бен Транс­каспий бағыты жүзеге асырылады. Маңғыстау облысында Құрық портында паром кешені құрылысы салынуда, Астана халықаралық әуежайы қайта жөнделіп жатыр. Контейнерлік тасымалдың логистикалық желісін дамыту жалғастырылады. Қазірдің өзінде Ляньюньган портынан Еуропаға тауарлар Қазақстан арқылы жеткізілуде. Осының барлығының есебінен ішкі жалпы өнім көлемінің жылдық өсімі орташа 5 пайызды құрайтын болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Үшінші. Қазақстандықтардың тұрмыс сапасының жаңа стандарттары. Қазақстан Президенті денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жыл­дар­ға арналған «Денсаулық» мемлекет­тік бағдарламасы аясында базалық меди­циналық көмектің кепілді көлеміндегі жеке сектордың үлесі ұлғайтылатынына, әлеуметтік нысандар құрылысы кезінде мемлекет-жекеменшік серіктестігі дамытылатынына назар аударды. Сонымен қатар, биыл білім мен ғы­лымды дамытудың жаңартылған мем­ле­кеттік бағдарламасын қабылдау керек. 29-01-06 29-01-04 29-01-07 29-01-08– Үш ауысымды оқытудан түбегейлі арылу үшін қазір 34 мектептің құрылысы жүріп жатыр. 2017 жылы жаңа «Тегін кәсіптік-техникалық білім – баршаға» жобасын жүзеге асыру басталады. 2019 жылы мектеп оқушыларының алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуы қамтамасыз етіледі. Оқыту үдерісін өндіріспен тығыз байланыстыруды қамтамасыз етіп, жастардың бойында еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар мен қабілеттер қалыптастыру, жұмыс берушілерді кадр даярлау үдерісіне тарту мәселесін қарастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын, мүмкіндігі шек­телген адамдарды қолдаудың маңыз­ды­лығын айтты. – Атаулы әлеуметтік көмектің жа­ңа жүйесі енгізіледі. Жәрдемақылар кө­лемі әр отбасының табыс деңгейіне қарай белгіленеді. Бұл ретте мұндай отбасылардың еңбекке қабілетті мүше­лері жұмыспен қамтудың өңірлік бағдарламаларына қатысуға міндетті болады. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бүгінде алып жүрген бірнеше әлеуметтік төлемдер құнына тең бірыңғай жәрдемақы төленеді. Жаңа баспана саясаты жалға берілетін баспаналардың кең ауқымды құрылысын жүргізуге бағдарланады. «Нұр Отан» елдің проблемаларына баса көңіл бөліп, осы жұмыстың басында болуға тиіс. Бұл орайда белгілі бір тәжірибе бар. Мысалы, біздің партиялық ұйымдардың атсалысуы арқылы 22 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат жұмысқа орналасты. Жасотандықтар осындай патриоттық істердің бастамашысы болуы керек, – деді Қазақстан Президенті. Төртінші. Конституциялық патриотизм мемлекеті. Мемлекет басшысы қоғамдық тәртіп, баршаның заңға бағынуы және қауіпсіздік конституциялық патриотизмнің басты қағидаттары болып саналатынын атап өтті. – Елдің және оның халқының бірлігін бұзуды мақсат еткен кез келген адамның әрекетінің тамырына батыл түрде балта шабу керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бесінші. Өңірлік тұрақтылық, интеграция және қауіпсіздік. Қазақстан Президенті еліміздің Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО, ТМД мемлекеттері және Орталық Азиядағы көршілермен стра­тегиялық серіктестік қарым-қаты­насын нығайтатынына назар аударды. – Бейбітшілік пен қауіпсіздік мүд­десі жолында Орталық Азия тұрақ­тылықтың, ынтымақтастықтың және тату көршілестіктің аумағына айналу үшін қажетті нәрсенің бәрін жасау маңызды. Сондықтан Қазақстан Орта­лық Азиядағы көршілерін тағы да ынты­мақ­тастықтың көпжақты пішімдерін жаңғыртуға шақырады. Бұл бүкіл өңірдің экономикалық және геосаяси әлеуетінің артуына септігін тигізеді. Біз еуразиялық интеграция үдерісін нығайтуға жан-жақты жағдай жасайтын боламыз. Батыл айта аламын, «Нұр Отан» партиясы өзін Еуразия оптимистерінің партиясы ретінде көрсетіп отыр, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ нарықты қалыптастыру үшін жүйелі қадам жасаудың маңызды екенін айтты. – Қазақстан Қытай Халық Респуб­ли­касы ұсынған «Жібек жолының эконо­микалық белдеуі» атты жаңа жобаның жұмысына қатысады. Біз Қытаймен бірге химия, металлургия, көлік және машина құрастыру мен энергетика саласындағы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорын құрылысы жөніндегі бір­лескен бағдарламаға қол қойып та үл­гердік. Қазақстан Ауқымды ашық Еу­ра­зияның ауқымды жаңа интеграциялық идеясының бастамашысы болды, – деді Қазақстан Президенті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы біз­дің елдің Еуроодақпен кеңейтілген ын­ты­­мақтастық туралы келісімге қол қойға­нын және ДСҰ-ға кіргенін еске салды. Қазақстан Президенті әлемде қауіп­сіздікке жаңа қатерлер туындап жатқан кезде республикамыз халықаралық қо­ғам­дастықты жаһандық сенімді қал­пына келтіруге шақырып отырғанын айтты. – Біз бүкіл әлем елдеріне жаппай қырып-жою қаруының, сондай-ақ халықаралық терроризмнің таралуы мен өркен жаюының қатерін болдырмау үшін бірігуге үндеген сөзімізді арнаймыз. Ер­тең балаларымыз бен немерелеріміз жер бе­тінде тыныш өмір сүруі үшін мұны бү­гін жасау керек, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» барлық саяси күштермен сындарлы өзара іс-қимыл жүргізуге әзір екенін атап өтті. – Мен партияның барлық филиалдары мен ұйымдарының сайлауға дайындық жұмысын белсене жүргізіп, жеңіске жету­леріне тілектестік білдіремін. Сай­лауалды бағдарламамызды әрбір сайлау­шыға жеткізу керек. Біздің ортақ мүдде­міз – тұрақты, біртұтас және өсіп-өркен­деген Қазақстан, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Парламент Мәжілісінің депутаттығына партия ұсынған кандидаттарға алдағы сайлау науқаны барысында табыс тіледі. – Сайлауды әлемнің түрлі елдерінен кел­ген көптеген байқаушылар бақы­лай­тын болады. Ол ашық, әділ және бәсекелестік күреспен өтуге тиіс. Канди­даттар дайындалып, істі білетінін көрсете отырып, сенімді түрде халыққа партия қызметінің нәтижелерін түсіндіргені жөн. Өткен шақырылым кезеңінде жұмыс істеген және орасан жұмыс атқарған депутаттарға шынайы ризашылық білдіремін. Партия атынан депутаттыққа ұсынылатын кандидаттар тізімін жаңарту оның өкілдерінің құрамын жасарту ниетінен, осы кезеңге лайық мамандарды іріктеу қажеттілігінен туындады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Баяндама аяқталған соң жарыссөз бас­талып, алғашқы сөз мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдас­бековке берілді. Ұлт мұратын, еліміздің келешегін, әлемде болып жатқан құбы­лыстарды терең толғаған сөзіңізді үлкен тебіреніспен тыңдадық, деп бастады ол өзінің сөзін. Халықаралық ахуалдың қаншалықты қиындағанын бәріміз де көріп, біліп, сезіп отырмыз. Саяси қай­шы­лықтар кеулеп, қаржы дағдарысы меңдеп, алпауыт елдер арпалысып, дүниенің астаң-кестеңі шығып, қан төгілуде. Бағдадтың басынан бақ тайып, арабтар босқындыққа ұшырауда, адам айтса нанғысыз санкциялар қаптауда. Мұның салдарының бізге де әсер етпеуі мүмкін емес, дей келіп шешен қалай десе де Қазақстан халқының дәл бүгін соншалықты абыржып отырмағанын атап өтті. Өркендеген, қанатын кеңге жайған берекелі еліміз бар; құт дарып, қыдыр қонған жеріміз бар; ардан туған, арман қуған өзіңіздей еріміз бар. Ел тағы да Сізге сеніп отыр, деді М.Жолдасбеков. Өзіңіз құрған, бүгінде жалпыұлттық саяси күшке айналған «Нұр Отан» партиясына да сеніп отыр, деп жалғады сөзін шешен. Сіз қирандыдан мемлекет орнатқан, оның шекарасын бекітіп, Тәуелсіздігін баянды еткен; әлеуетін арттырып, бүкіл дүниеге мойындатқан; елімізді талай сындардан, дағдарыстардан аман алып өткен, есіктегі басымызды төрге шығарған; халқыңызды балапандай бағып, қызғыштай қорып келе жатқан кемеңгер қайраткерсіз. Одан әрі М.Жолдасбеков Елбасы Н.Назарбаевтың дағдарыстардың алдын алған шараларына тоқталды. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы, «Бес институттық рефор­ма», «100 нақты қадам» – Ұлт Жос­пары», соңғы Жолдауыңыздағы талап­тар мен міндеттер – осының бәрі уақыт сынынан абыроймен өтудің, ілгері дами түсудің амалдары, деді ол. Шешен Мемлекет орнату, оны қалыптастыру дейтін күрделі үдерістерге қатысуды Алла кез келген кісінің пешенесіне жаза бермегенін айта келіп, өзінің де осы үрдіске атсалысқанын айтты. Сол бір елең-алаңда біразымыз Сіздің жаныңыздан табылдық. Аллаға шүкір, түйенің ауған қомындай, ер-тоқымы мойнына кеткен, тас шайнап, құм жұтқан кездер артта қалды. Небір қиындықтарды жеңдік. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына аяқ бастық. Талай белден, талай асудан астық. Ғасырға бергісіз жылдарды бастан кештік. Берекелі, мерекелі ел болдық. Тәуелсіздік алғанда қазақтың үлесі 39-ақ пайыз еді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығының қарсаңында, тағдыр сынға түскен сол бір шақта Қазақстанды өз Отаным, бұл менің де тәуелсіздігім деп қуанған, бір кісідей қолдаған өзге ұлт өкілдеріне қазақтың аға буын ақсақалдарының атынан шын жүректен алғыс айтуға рұқсат етіңіздер, деп бір қайырды М.Жолдасбеков. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақ. Бөлінбейік, ылғи осылай бірге бола берейік, бауырларым! Елбасымыз Тәуел­сіздік алған күннен бастап ынтымақ-бірлігімізді ту етіп келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясын да татулығымыз мызғымасын деп құрды. Осы бір қасиетті ұғымды желбіреген Туымыздай, Елтаңбамыздай, Әнұра­ны­мыздай, Ата Заңымыздай үнемі қас­терлеп келеміз. Біз үшін өмір сүрудің, өркендеудің басқа жолы жоқ. Нұрлы Жол, Қазақстан жолы осы! Одан әрі М.Жолдасбеков Қазақс­танның әлем мой­ындаған бейбітшіл, мәмілегер мемлекетке айнала бастағанын айтты. Был­тырғы жылғы тар кезеңде Ресей Пре­зи­денті В.Путиннің, Франция Прези­денті Ф.Олландтың, Украина Пре­зиденті П.Порошенконың, АҚШ-тың Мем­лекеттік хатшысы Д.Керридің, Жапония Премьері С.Абэнің Ақордадан ақиқат іздеп, ақыл сұрап келуі; Елбасының Фран­цияға, Англияға, Қытайға барған сапар­лары;   – соның куә­сі, деді тағы да. Арғы-бергі заманда қазақ­тың басына мұндай бақ қонған жоқ, мұн­дай дәуренді қазақ басынан кешкен жоқ. Осынша­ма берген дәулетті көтеріп тұра алсақ болғаны. «Қара қылды қақ жарып отыр­саң да, кетеді біреу мақтап, біреу даттап», деп дана Төле би айтпақшы, адам­ның бәрі бірдей емес. Елбасы Қазақ­станды сүттей ұйытып, күллі әлем­ді ау­зы­на қаратып отырғанда, отбасы, ошақ қа­сында күңкілдеудің, бая­ғы бір ескі әуенге салудың енді жөні жоқ. Бүгінде Адам басқа, Заман басқа, Қоғам басқа, Заң басқа, дей келіп, М.Жол­дас­беков сөзін мына тілектермен аяқтады: «Жегені­міз дәмді болсын, Кигеніміз сәнді бол­сын. Еліміз мәңгі болсын, Қазақ­стан қ­атарының алды болсын. Еліміз де, Ел­ба­сымыз да аман болсын, Қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған заман болсын!». Астана қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Әділ­бек Жақсыбеков өзінің сөзінде егемен еліміздің 25 жылдық мерейтойы алдында партия съезін өткізу өте маңызды екенін атап көрсетті. Се­бе­бі, бүгінгі съезд – партия жұмысын баға­лайтын жауапты шара. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауларын бірге өткізу де өте орынды. Партияның бағдарламасын сапалы орындау ел бірлігін нығайтуға және экономиканың әрі қарай дамуына жаңа серпін береді. Сондықтан, бізге жүктелген міндет те, жауапкершілік те жоғары болмақ, деді Ә.Жақсыбеков. Одан әрі Астана әкімі тәуелсіздік жыл­дарында Президенттің «айрықша жо­басы» деп танылған елорданың бүгін­гі тыныс-тіршілігіне тоқталып өтті. Қа­лыптасу жылдарында Астананың аймақ­тық жалпы өнімінің (АЖӨ) көлемі 156 есе өсіп, 4 триллион теңгеден асқанын, мұның шикізатсыз аймақ үшін бұрын болып көрмеген деңгей екенін жеткізді. Жан басына шаққандағы АЖӨ 3,5 млн. теңгені құрап, республикалық орташа көрсеткіштен екі есе артық болған. Инвестиция көлемі 40 есе артып, 6 трлн. теңгені құраған, тек 2015 жылы ғана ол 773 млрд. теңгеге жетіпті. Сонымен бірге, Ә.Жақсыбеков Аста­на­дан мемлекеттік бюджетке түскен кіріс 63 есе артып, 850 млрд. теңгені құра­ға­нын айтты. Астананың өз кірісі 1997 жыл­дан бастап есептегенде 29 есе өсіп, 200 млрд. теңгеге жетті, деді ол. Сөй­тіп, Ас­тана 2015 жылдан бастап респуб­ли­ка­лық бюджеттің 4 донорының бірі бол­ған екен. Одан әрі әкімАстананың құрылыс жұмыстарына кеңірек тоқталып өтті. Жыл сайынғы құрылыс жұмыстарының көлемі 14 есе артты. Тек былтыр ғана 750 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Егер 1997 жылмен салыстыратын болсақ, онда бүкіл Қазақстан бойынша 1 млн. 344 мың шаршы метр тұрғын үй салынған еді. Астананың қалыптасу жылдарында 150-ден аса ірі әлеуметтік нысандар іске қосылды. Ақорданың мамандандырылған медицина кластері орталықтарында Қазақстанның тұр­ғындары ғана емес, шетелдерден келген қонақтар да денсаулықтарын түзейді. Астананың ЖОО-ларының беделі де алысқа танылды. Мұнда «Назарбаев Уни­верситет» сияқты университеттердің үшінші ұрпағы өмірге келді. Қаламыз жұмыссыздық дегенді мүлде білмейді деуге болады, 1 миллиондық қаланың рес­ми тіркелген жұмыссыздарының саны 2 мың ғана болып отыр. Оларға ұсы­нылатын вакансиялар саны бірнеше есе артық, деді қала басшысы. Одан әрі Ә.Жақсыбеков елорданың индустриялық мүмкіндіктеріне тоқталды. Астана қалыптасу кезеңіне аяқ басқанда мұнда жұмыс істеп тұрған екі зауыт та жабылып, қалада өнеркәсіп мүлде болмаған еді. Бүгінгі күні Астанада түрлі саланың ондаған кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың көптеген өнімдері экспортқа шығарылады. Сөйтіп, 18 жылда өнеркәсіп өндірісі 23 есе артып, 344 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бүгінгі күні мұнай және басқа да шикізат рыногында тоқырау болып тұр. Ал Астана, мұнайы мен басқа да ресурстары жоқ аймақтар жаңа технологиялық өндірістер енгізіп, логистикалық инфрақұрылымдар жасап, индустриялық дамудың тамаша үлгісін көрсетіп отыр. Соның ішінде Елбасының талабына сай шағын және орта бизнесті дамытуды жоғары деңгейге жеткізіп отырмыз. Мұны экономикалық ең басты бағдар ретінде Президент өзінің барлық бағдарламалық құжаттарында атап өтті. Бүгін мен сіздерге Астанадағы аймақтық жалпы өнімнің 61 пайызын шағын және орта бизнес құрап отырғанын мақтанышпен жеткізе аламын, деді Ә.Жақсыбеков. Бұл республикалық орташа көр­сет­кіштен бес есе жоғары екен. Ал әкім әрі қарай ЭКСПО-2017 көрмесіне дайын­дықтың ойдағыдай жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл ғаламдық жобаның іске асуын біз Астананың барлық саласын дамытуға серпін болады деп санаймыз, дей келіп сөзінің соңын Ә.Жақсыбеков: «Ұлы Дала елі – Отанымыз өркендей берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Қазақстан жасасын! Елбасы жасасын!» – деп аяқтады. Каспий өңірлік заманауи колледжінің директоры Бақытгүл Хаменова өзі­нің сөзін: Ең алдымен, жас ұрпақты тех­ни­калық кәсіптерге баулитын 780 кол­леджде еңбек ететін 38 мың ұстаз бен жарты миллион шәкірттің атынан Сізге зор алғысымды білдіремін», деп Президентке ризашылығын жеткізуден бастады. Сіздің Қазақстан халқына Жолдауыңызда берген тапсырмаңыз бо­йынша баршаға бірдей тегін кәсіптік білім беру бағдарламасы қолға алынуда. Бұл бізді азаматтарын тегін кәсіптік біліммен қамтамасыз ететін дүниежүзіндегі бірден-бір, теңдессіз ел етеді. Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жыл­дық мерейлі белесінде халқы кәсіби ұлт болуға бет бұрған бірегей мемлекет­ке айналуда. Оның басты себебі, біз­дің Елбасымыз – 9 жыл бойы болат балқы­тып, шынайы еңбекте шыңдалған тұлға, деп жалғастырды өз сөзін шешен. Одан әрі Б.Хаменова Сіздің еңбек жолыңыз әрбір жасқа өмірлік үлгі. Сіз ең алдымен еңбек адамының қамын ойлайсыз, жағдайын жасайсыз, дей келіп, бүгінгі таңда Қазақстан үшін ең қажетті нәрсе – техникалық кәсіп иелері. Сіз жолын ашқан мыңдаған жас қазір – «Нұрлы Жолдың», индустриялық даму бағдарламасының мамандары, деді. Одан әрі ол өзі қызмет ететін колледж туралы баяндады. Біздің колледж 15 мамандық бойынша білім береді. Түлектеріміз жоғары сұранысқа ие болып, тіпті, болашақ жұмыс орындарын таңдайтын дәрежеге жетті. Қазір Атырау өңіріндегі трансұлттық компаниялардың өздері білікті мамандарды алыстан іздеп әуре болмайды. Біздің шәкірттеріміз кез келген шетелдік маманмен бәсекелестікке түсе алады. Біз барлық оқушыларға Сіздің тапсырмаңызбен тегін білім беріп, дуалды жүйе арқылы біліктіліктерін шыңдап, қажет болса, қайта даярлықтан өткізіп, ең бастысы, еңбек етемін деген адамға барлық мүмкіндіктерді жасап отырмыз, деді Б.Хаменова. Келесі кезекте ол өзінің Елбасын көргенін өмірі ұмытпайтынын, ауылға барған соң бүкіл елге айтып беретінін жеткізді. Бүгінгі күні бірлік пен бейбітшілік басты ұстанымы болған «Нұр Отанның» 940 мың мүшесінің 62 пайызы әйел-аналар екен. Әлемдегі толқулар еліміздегі әрбір ананы да алаңдататыны хақ. Ал әрбір ананың арманы – тыныштық пен тұрақтылық, бейбітшілік, ұрпағының алаңсыз өсуі. Аллаға шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Бүгінгі күні, Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңізді көріп, жүректен шығып, жүрекке жетер сөздеріңізді тыңдай отырып, бұл сынақтардан да аман-есен өтетінімізді, ұрпағымыздың болашағы баянды болатынын тағы бір мәрте ұқтым, деді сөз сөйлеуші. Соңынан, «Нұр Отанның» алдыңғы сайлауалды тұғыр­намасында көзделген міндеттерді уақытынан бұрын орындап шыққанын, партияның жаңа сайлауалды бағдарламасы да тап-тұйнақтай орындаларына баршаның сенетінін, себебі, «Нұр Отан» – істің партиясы екенін атап көрсетті. Б.Хаменова сөзін бір ауыз өлеңмен түйін­деді: Көкжиектен арғы жақты көретін, Ел-жұртына шексіз қуат беретін. Соқса-дағы замананың дауылы, Барша халқы тек соңынан еретін. Елбасындай ерен тұлға тұрғанда Мен елімнің ертеңіне сенемін! Одан кейін сөз алған «Родина» агро­фир­масының бас директоры Иван Сауэр «Нұр Отан» партиясының сайлауал­ды бағдарламасында Қазақстанның бола­шақ экономикалық өсімінің шешуші драй­верлерінің бірі аграрлық сектор бо­латындығы болашаққа сенім ұяла­тып, сонымен қатар, жауапкершілік жүктейтіндігін жеткізді. Иван Ада­мо­вич­тің айтуынша, бұрын-соңды аграрлық салада ауыл шаруашылығы, аграрлық ғы­лым, жаңа технологияларды енгізуде бас­ты басымдық болып табылатын ин­фра­­құрылымды дамыту мәселесі шешіл­мей келген еді. Біз әлемдегі астық экспорттау­шы­лар­дың ондығына сенімді түрде кіреміз. Өйт­кені, қазақстандық бидай – әлемдік бренд. Бізде жарнаманы қажет етпейтін кере­мет отандық тәжірибе жинақталды. Оны «Родина» агрофирмасының мыса­лы­нан-ақ көруге болады. Жалпы өнім­нің көлемі 5 миллиард теңгеге жақында­ды, мал шаруашылығы өнімі 3 жыл бойы 40%-дан астамын құрайды, бұл – өндірісті әртараптандырудың жоғары деңгейін көрсетеді деген сөз. Жылдық орташа еңбек өнімділігінің өсімі 17%-дан асады және 1 жұмыс істейтін адам­ға 9 миллион теңгеден асты, деген делегат-дирек­тордың сөзі съезге қатысу­шы­лар­дың көкірегіне кәдімгідей сенім ұялатты. Агрофирмада 1000 бас сиырға арнал­ған малшаруашылық кешені са­лы­нып, ағымдағы жылдың бірінші жар­ты­сын­да пайдалануға берілмекші. Ауыл­­ды өркендетуге деген келесі қадамды мемлекет Ұлт Жоспары және «Агро­бизнес-2020» бағдарламасымен бірге жасайды. Ұлт Жоспарын біз аграрлықтардың басты жоспары ретінде қабылдаймыз, деді Иван Сауэр. Қазіргі уақытта «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша салынған 20 үйдің айналасын көгалдандырып, қоныс тойын тойлағалы жатырмыз, деді агрофирманың бас директоры. И.Сауэр сөзінің соңында партияның сайлауалды бағдарламасының нәтижесі ойдағыдай болатынына сенімін білдірді. Арал балық өңдеу зауытының аға шебері Күлмариям Кемалова әуелі өзі туған Арал аймағының бастан кешкен тауқыметіне тоқталды. Бір кезде Арал теңізі жағасынан 100 шақырымға алыстап кеткенін баршаңыз білесіздер. Аралдың табанынан ұшқан тұз Антарктидадан табылып, қазақтың қасіреті ғаламдық проблемаға ұласты. Сол кезде атақонысты қимай, елде қал­ған­дардың бар үміті Сіз едіңіз, құрмет­ті Нұрсұлтан Әбішұлы! – деді Күл­мариям Болатқызы Елбасына қарап. Сіз халықтың үмітін жалғап, белсенді әре­кетке бастадыңыз. Солтүстік Аралды құт­қ­арудың «САРАТС» жобасын дүниеге әкелдіңіз. «Ғасыр жобасы» атанған осы жұмыстың арқасында Аралымыз қайта оралды. Күлмариям Болатқызы өз сөзінде қазір Арал ғана емес, бұрын тандыры кеп­кен танапқа айналған қаншама көл қайтадан суға толып, балық аулау және оны өңдеу 10 есеге көбейіп, 2 мың жұмыс орны ашылғанын тілге тиек етті. Өзі жұмыс істейтін кәсіпорын жылына 6 мың тонна өнім шығарып, Аралдың балығы Ресей, Грузия, Украина, Әзербайжан, Поль­ша, Австрия, Германия, Голландия, Түркия мен Норвегияға экспортқа шыға­рылатынын ризашылық сезіммен баяндады. Еліміз үшін қазіргідей жауапты шақта алтын бесік – ауыл халқы Сіздің жаныңыздан, Сіз басқаратын «Нұр Отан» партиясының жанынан табылады, деп түйіндеді өз сөзін К.Кемалова. Қарапайым жол шебері және қа­ра­пайым партия мүшесі «ҚазақЖол­Құрылыс» ЖШС Солтүстік-шығыс филиа­лының шебері Дмитрий Цурский­ айтқан сөз делегаттарды баурап ал­ды. Ол ең алдымен «Нұрлы Жол» бағдарламасына өзінің шексіз алғысын білдіретінін айтты. Біздер, жолшылар үшін еңбек жағдайы жасалған. Лайықты жалақы да, ертеңге деген сенім де бар, деді Дмитрий Владимирович. Сондай-ақ, ол Павлодарға жақын маңда Ертіс арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы аяқталып қалғанын айтты. Алғашқы машиналар легі осы көпір арқылы биыл өтетін болады. Біздің көпір – Орталық Азиядағы ең ұзын көпір. Біз оны «Нұрлы Жол» бағдарламасының алғашқы нысандарының қатарында тапсырамыз. Ол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай үлкен халықаралық жобасының бөлшегі болып табылады, деді Д.Цурский. Дмитрий Владимирович Елбасының арқасында павлодарлықтардың көптен бергі арманы орындалып, аталған аймақ арқылы Қытайдан Астанаға дейін, одан әрі қарай Ресейге дейін зама­науи жолға ұласатынын мақтанышпен жеткізді. Қарапайым шебер өзінің сөзін де әдемі түйіндеді: «Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің барлық идеяларыңыз адамдарға нақты пайда әкеледі. Бұл «Нұрлы Жолға» да, Ұлт Жоспарына да қатысты. Біз оларды «Халықтық жоспар» деп атаймыз. Өйткені, ол қарапайым және баршаға түсінікті. Біздің партиямыз өткен сайлауалды тұғырнамасында айқындалған барлық мақсаттарға қол жеткізді. «Нұр Отанның» жаңа сайлауалды бағдарламасын игере­ті­ні­міз­ге де сенімдімін. Өз кезегінде «Қазақстан барысы» тур­нирінің екі дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел спорты саласына көрсетіп келе жатқан қолдауына екпін берді. Мен ғана емес, осы залда отырған Ұлан Рысқұл, Геннадий Головкин, Илья Ильин, Серік Сәпиев және басқа да чемпиондардың барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен үлкен табыстарға жетті. Тәуелсіздік жылдарында талай байрақты бәсекелерде Көк Туымызды биікте желбіретті. Бұрынғы заманда алапат айқастарда жеңіске үлес қосқан батырларға хандарымыз тайтұяқ сыйлаған. Осы дәстүрді жалғап, «Қазақстан барысы» турнирінде маған Елбасы алтын тайтұяқ сыйлады. Бұл – менің спорттық жолымдағы ең үлкен марапат, деді Б.Ыстыбаев. Ал тележүргізуші Майя Бекбаева Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әйелдер қауымын үнемі қолдап-қуаттап келе жатқанына тоқтала келіп, көпұлтты еліміздегі татулық пен ынтымақтың берік орнап отырғанына назар аударды. Қазіргі таңда әлемде түрлі кикілжіңдер орын алып жатыр. Бұл жағдаяттар бізге ел бірлігінің, қоғамымыздағы өзара келісімнің қаншалықты маңызды екенін ұқтырады. Біздің Отанымыз Елбасы саясатының арқасында ынтымағы жарасқан қуатты елге айналды, деді. Бұған қоса, ол «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы тұрақтылық пен орнықты дамуға үндейтінін жеткізді. «Соколов-Сарыбай кен өндіру бір­лестігі» акционерлік қоғамы жентек өндіру фабрикасы директорының орынбасары Руслан Исмұхамбетов өз сөзін осыдан 8 жыл бұрын Рудный қаласында Елбасымен кездескен сәтін еске алумен бастады. Сонымен бірге, ол Елбасы Жолдауында атап көрсетілген, 2017 жылы қолға алынғалы отырған баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру ісінің маңыздылығына тоқтала келіп, елімізде индустрияландыру саясатының дұрыс жүргізіліп келе жатқанын сөз етті. Бұған қоса, Р.Исмұхамбетов «Соколов-Сарыбай» комбинаты қазіргі қаржы қиындықтарына қарамастан, жұмыс орындарының қысқаруына жол бермей отырғанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, бұл кәсіпорынның өнімдері отандық нарыққа және Ресей мен Қытайға жөнелтілуде екен. Қарағанды облысындағы «Каз­Пласт» ЖШС бас директоры Сергей Водь­ко жиын барысында өзі басқаратын кәсіпорынның жұмысымен таныстырып өтті. Біздің кәсіпорын соңғы озық технологиямен жабдықталған, әлем бойынша құбыр өндіру саласындағы үш таңдаулы зауыттың бірі. Онда жылына 600 тонна өнім шығарылады, деді С.Водько. Бұдан бөлек, спикер еліміздің тәуелсіздік жыл­дарын­дағы табыстары жөнінде айта келіп, ел дамуының басты кепілі болып отыр­ған ел бірлігінің маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ, ол «Нұр Отан» пар­тия­сының халық сенімінен шығып, көпте­ген игі істерге ұйытқы бола береті­ніне сенетінін жеткізді. Оның сөзіне қара­ғанда, Елбасы ұсынған реформалар Қазақ­станды дамудың даңғыл жолынан адастырмайды. «Назарбаев Университет» студенті Дәурен Лесхан мемлекет тарапынан жастардың білім алуына барынша жағдай жасалып отырғанына тоқтала келіп, осы қолдаудың арқасында өзі де заман талабына сай білім нәрімен сусындауға мүмкіндік алғанын жеткізді. Менің әкем – инженер, ал шешем – мұғалім. Олар жас­тайымнан менің санама адам өмірінде білімнің орны бөлек екенін құйып кел­ді. Сондықтан да мен білім алуға құш­тар болып өстім. Осы құштарлықтың арқасында мен Елбасының бастамасымен ашылған «Назарбаев Университетке» оқуға түсуге мүмкіндік алдым. Осы оқу орнында алған білімім маған ғылым грантын иеленіп, Франциядағы жетекші университеттердің біріне барып оқуыма жол ашты, деді Д.Лесхан. Оның айтуын­ша, қазақстандық жастардың шетел­дегі құрдастары еліміздің көптеген студент­терінің «Болашақ» бағдарла­масы­мен әлемдегі таңдаулы оқу орындарында тегін білім алатынына қызыға қарайды. Бұған қоса, ол еліміздің іргелі жетіс­тіктерін мақтанышпен сөз етті. Қазақ­стан­ның алдында алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына кіру міндеті тұр. Қазірдің өзінде біздің мемлекетіміз бұл бағытта жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Мәсе­лен, ЮНИСЕФ-тің бағалауы көрсетіп бергендей, бүгінде Қазақстан жастарды қолдаудың жаһандық индексі бойынша 27-орынға жайғасты, деді Д.Лесхан. Сөзінің соңында ол «Нұр Отан» партия­сының жемісті қызметі одан әрі жалғасын таба беретініне, әсіресе, қазақстандық талантты, мақсаткер жастар бұл саяси ұйымның тың бастамаларына үнемі қол­дау білдіретініне сенім білдірді. Сонымен, «Нұр Отан» партия­сының кезектен тыс XVII съезі өз жұмы­сын аяқтады. Айтулы жиынды қоры­тындылаған Елбасы, партия Төра­ғасы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақ­стан­дықтарға, съезд делегаттарына ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарының табысты болуын тіледі.  «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.