30 Қаңтар, 2016

Съездегі серпіліс – сенімге себеп

353 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Сайт сөзіКеше Астана уақытымен сағат 11-ден 18-минут кеткенде, біздің интернет-сайт тілшісі «Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның кезектен тыс XVII съезі басталды», деп хабарлады. Бұл кезде еліміздегі миллиондаған адамдар секілді біздің жанарымыз да осы съезден хабар жүргізіп жатқан «KZ24» телеарнасының мониторына ауған еді. Өйткені, аталмыш съезде біздің елімізде қазіргі таңда атқарылып келе жатқан барша жұмыстарға баға берумен қатар, жақын болашақтағы басым бағыттары айқындалатын еді. Әлбетте, көпшілікті «Нұр Отан» партиясының тізімі бойынша алдағы Парламент Мәжілісіне депутаттыққа үміткер болып кімдердің баратыны да қызықтырды. Біле білсек, бұл да біздің еліміздің жақын жылдардағы тағдырына қатысты мәселе болатын. Бір байқағанымыз, біздің оқырмандарымыз да осыны жете сезініпті. Сондықтан, олар жоғарыда атап көрсетілген жолдар сайт бетінде көрініс тапқан бойда өздерінің пікірлерін білдіруге кірісті. Бұлардың бәрінде де съездегі серпіліске сүйініш білдіру бар. Біз солардың алдыңғы лекте түскен бірқатарын теріп алып, оқырман назарына ұсынып отырмыз. Нұрдос, Балқаш қаласы, Қарағанды облысы: – Өз басым осы съезден көп нәрсе күтем. «Нұр Отан» осы жиында өзінің нағыз лайықты мүшелерін қиыншылықтың майданына салуы керек. Халықтың сенімімен ойнамау керек, оны ақтау керек деп ойлаймын. Ізтөлеу, Жезқазған қаласы: – Алдағы сайлауда «Нұр Отан» өзінің күшті, көшбасшы партия екенін көрсетуі керек. Съезд өзінің нағыз деген кандидаттарын дұрыс таңдап алады деп сенемін. Елдің сенімін ақтау сенің мұратың, «Нұр Отан»! Ерлан, Байзақ ауданы, Жамбыл облысы: – Иә, сәт! Елбасының баяндамасы үлкен өзгерістерге жол ашайын деп тұр ғой. Бәрі сәтімен болсын! Еділ: – Жетекші партияның съезінен, онда оқылатын Елбасының баяндамасынан көп нәрсе күтемін. Мен Парламент мәжілісінің кезектен тыс қайта сайлануын, «Нұр Отанның» съезін еліміздің дамуы жө­ніндегі маңызды оқиғалар деп есеп­теймін. Тоқтамыс: – Президент дағдарыс кезінде үнемдеуге қатысты жақсы айтты. Ысырапшылдық деген ең жаман нәрсе. Қазақта «Тарта жесең, тай қалады, қорқа жесең, қой қалады, қорықпай жесең нең қалады?» деген сөз бар ғой. Елбасының съезде сөйлеген сөзі осы қанатты сөзге сая­тындай. Кәрім, Петропавл: – Бұл дағдарысты да еңсе­ре­тініміз анық. Оның жолдарын Елбасы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде тағы бір айқындап берді. Тәуекелдерді еңсеру үшін, даму мүмкіндіктерін табу үшін, Президент айтқандай, Үкіметтен бастап ауылға дейін бір кісідей жұмылып, белсенділікпен еңбек ету керек. Марғұлан, Оңтүстік Қазақстан облысы: – «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII сьезінде Елбасы есті жан ұғарлықтай, одан қорытынды шығарарлықтай ой айтты. Мұнай бағасы көтеріледі, баяғы заман қайтып келеді, деп өзіңді-өзің алдауға болмайды. Жаңа жағдайға бейімделіп, өмір сүру керек. Жақын-туғаным жұмысқа орналастырады, әке-ше­шем тұрмысыма көмектеседі деу – нағыз масылдық. Өзіңе-өзің қиянат жасайсың. Жақсы оқып, жақсы маман болсаң, бақытың қолыңда. Ал дағдарыс қорқынышты емес. Мемлекет басшысы оны жеңетін ресурстар барын айтып отыр. Жазира, Оңтүстік Қазақстан облысы: – Адамда Отан – біреу ғана. Отанын гүлдендіруге әрбір қазақ­стандық атсалысса, еліміздің келе­шегі кемел болады. «Нұр Отан» партиясы съезінде Елбасы осындай ой айтты. Расында, елдің несібесін жеп, мемлекетті алдағандардың оңғаны жоқ. Шетелде итқорлықпен өмір сүріп жүр. Ұрлаған ақшасы оның бойына жұқпайды. Еліміз, сол елдің көшбасшысы – Елбасымыз аман болсыншы. Өз басым Қазақстанның келешегі мықты екеніне сенемін. Баймағанбет, Ақтау: – Съезде жария етілген депу­таттыққа үміткерлердің тізімімен танысып жатырмыз. Мыңнан озып шы­ғуларына тілектеспіз және Пар­ла­мент орынтағына жайғасқан соң, елге белсенді қызмет етуге сенім біл­ді­реміз. Ереке Асылтай: – Осы жолы Елбасы жастар мәселесіне көп көңіл бөлді. Жастар да сол сенімнен шығып, қолдарынан іс келетіндерін саясатқа аралас­тырған, сынаған дұрыс. Бірақ партиялық тізімде спортшы мен әнші тым көп... Сол қалай болады? Бағдат Берікбайұлы: – «Нұр Отан» партиясы саң­лақтарын сақадай сайлап, Мәжі­лістің орынтағына қонжита салатын үміткерлерін сайлау додасына қосыпты. Дұрыс-ақ. Әсіресе, тізімде Қайрат Нұртас, Жанар, Серік, Геннадий, Нұрлан секілді өнер ордасында жүрген спортшы-әншілер барлығы қуантты. Демек, бұл адамдар спорт пен ән әлемінің проблемаларын билікке жеткізіп, ақсап тұрған тұсын жетілдіруге атсалысады. Мен Парламенттің жаңарған, жасарған, жаңаша болғанын қалаймын, құптаймын. Тұрар Сейдіқұл: – Тізімге белгілі, халықтың алдында жүрген азаматтар еніпті. Өнер мен спорт салаларының нағыз майталмандары ендігі кезекте елдің қамын жеп, қиыншылықты еңсеруге елеулі үлестерін тигізеді деген үміттеміз. Жанар Жорабекова: – Қазақстанның саясаты, Елба­сымыздың ұстанымы, жетекші партияның бастамасы – бәрі менің көңілімнен шығып отыр. Бүгінгі «нұротандықтардың» үміткерлер тізімін көріп, Ресейдің Думасы көз алдыма келді. Біз бұған дейін Мәжіліске экономист, құрылысшы, саясаткер, жазушы секілді саланың майталмандарын топтастырдық. Енді осы қатарға спортшылар мен әншілер қосылды. Мұның өзі саясат. Әдетте біз әншілер мен спортшыларға депутаттықта не бар деп шошимыз. Қарап отырсақ, бұл саланың адамдары да билікке жақын болғаны дұрыс. Жоғарыдан проблемаларды көтеріп, елдің қамын ойлауы тиіс. Жарайсыңдар! Нұрлан Ермекбай, Қызылорда облысы: – Жетекші партияның бұл жол­ғы бастамасы, депутаттыққа үміткерлер құрамы 50-60 пайызға жаңарған екен. Әсіресе, өнер адамдарын қатарға қосып, сайлау додасына түсірмек. Меніңше, осындай партияның бастамасын қолдап, үміткерлерге дауыс берген дұрыс. Бәрі де халықтың алдында жүрген, халық арқылы өнері бағаланып, еліміз арқылы сайыстарда топ жарып жүрген жандар. Енді олар елінің қолдауына осы жолы да зәру. Рауан: – «Халық айтса, қалп айтпайды» немесе «жел тұрмаса, шөп­тің басы қимылдамайды» де­ген рас-ау. Осыдан бірнеше күн бұ­рын ел депутаттыққа Илья, Серік, Жанар, Қайрат, Гена се­кілді спорт пен өнер адамдары түсіп, бақтарын сынайды деп шулап еді. Енді, міне «Нұр Отан» партиясының тізімінде олардың есімдері жарияланды. Жарайсың, «Нұр Отан», алға, Қазақстан! Самал: – Е, Мәжіліс төрінен әнші мен спорт­шыларды жиі көріп, енді «бә­ре­келді» дейтін болдық! Айт­пақшы, бұл жұлдыздар депутат болса кәсіптерін доғаратын шы­ғар. Не болса да, бұл тізім көңі­лімнен шықты. Арман Бейсенғали: Үміткерлер арасынан лайықты жандар сайланып, мәселенің тиімді жолдарын қарастырады деп сенеміз. Мынадай алмағайып заманда жаңа­шыл жандар өте қажет.