30 Қаңтар, 2016

Ауылдағы Алланың үйі

462 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
алдағы жазда пайдалануға берілмек Текес ауылында осыдан он­шақты жыл бұрын бой көтерген мешіт үйінің құрылысы қаражат тапшылығынан жарым жолда тоқтап қалған еді. Әрі өткен, бері өткеннің көзіне шыққан сүйелдей мүшкіл хал кешіп тұрған сол қа­сиетті шаңырақтың айналасы өт­кен жаздан бері дүбірге толып, жөндеу жұмыстары қай­та жандана бас­тады. Әрине, оны қолға алып отырған бай да, бағлан да, жақсы да, жайсаң да емес. Осы ауылдың аузында Алласы, кө­кірегінде иманы бар, бес уа­қыт намазын қаза қыл­майтын Нұрлан Абыханов, Ғабит Байсақалов, Ерғанат Тау­балдиев, Алмас Нүсіп­беков, Мақсат Жан­пейі­сов секілді қарапайым ғана жігіттері. Қастерлі шаңырақтың қамқор қолдың қайырына зәру болып, мүсәпір күйге түсіп тұрған көрінісі Алланың ақ жолында жүрміз дейтін жігіттердің жан-жүрегін жай таптырмаса керек. Өзара ақылдасып, сауапты іске мұрындық болуға бел байлайды. Мешіттің іші-сыртын аралап көріп, ендігі жұмысына жұмсалатын қаражат көлемін анықтап алады. Содан кейін ауыл жұртының басын қосады. Оған ауыл басшылары мен елдің жайы десе бүйірлері бүлкілдейтін ақ­сақал-қарасақалдарды да аралас­тыра, ойларын ортаға салғанда, барлығы да бірауыздан қолдау білдірген-ді. Жаратқанның жақ­сылы­ғынан үмітті жамағат мұн­дайда аянып қалсын ба. Қуана құптады. Бірі қойын, бірі тайы­н, енді бірі тана-торпағын атап, қал­талысы ақшаларын ұсынып, әжептәуір қаражаттың басы бірік­кен. Жиналған малды ақшаға, ақшаны затқа айналдыра білген жігіттер құрылысқа қажетті мате­риал­дарды сатып алып келді де, сауапты іске кірісті де кетті. Нәтижесінде сыртының жауын мен күнге қақталып мүжілген жерлері ақталып-сыланып, қайта қалпына келтірілді. Төбесінің майысқан белағаштары да ауыс­тырылып, шатыры қаңылтырмен көмкерілді. Аспан түстес күмбезі мен азан шақыратын мұнарасы да күншілік жерден көз тартатын дәрежеге жеткізілді. Сол сияқты Мешіт ішіндегі 200 адам бір мезгілде намазға тұратын, әйелдер намаз оқитын, имам жұ­мыс істейтін бөлмелер де дін талабына сай қалып­қа түсіп келеді. Жақында ғана орнатылған жылу жүйесі де жаңашылдығымен ерек­шеленеді. Майды да, көмір­ді де қажетсінбейтін жылу қа­зан­дығы электр қуаты арқылы жұмыс іс­тейді. Жылу қазандыққа қосылған түтікшелер арқылы еден астынан жіберілген. Мешіт іші осылайша қақаған қыста да құрқылтайдың ұясындай қыз-қыз қайнап тұрмақ. Мешіттің жөндеу жұмыс­тарына ешкім сырттан маман іздеп сабылған жоқ. Барлық жұмысты құрылыстан хабары бар ауыл жігіттері өздері-ақ тындыруда. Сон­дықтан да мұн­дағы әр минут, әр сағат еселі еңбекке толы. Иә, Текестегі жаңа Мешіттің құры­лысы күн өткен сайын қар­қын алуда.  Жұмабек ТӘЛІПҰЛЫ. Алматы облысы, Райымбек ауданы.