Бейсебай Қаратаевтың есімі еліміздің тарихында терең із қалдырған көрнекті тұлғалардың бірі – Ораз Жандосовтың есімімен қатар аталуы тегін емес. Қандары қайнап тұрған прогресшіл қазақ жастары Ораздың да, Бейсебайдың да арманы мен мүддесі бір еді, ол – ХІХ ғасырдағы орыс патшалығының отаршылдық саясатына қарсы шығу болатын.
Ескіше дәріс алған, көкірегі ояу, көзі ашық ұлтжанды Бейсебай Қаратаевтың сол кезде өз қолымен қағаз бетіне түсірген «Құсалық» поэмасы (1906 жыл.) тарихи үлкен шындықтың бетін ашады. Шығарма кейіпкері Нұрым есімді жас жігіт өзінің ата-бабасының жерін даулағаны үшін отаршылардың қолынан қаза табады. Алатаудың көкмайса баурайын жайлаған күллі қазақтың шұрайлы жерінен айырыла бастаған қасіретін ащы айтқан, айтып қана қоймай, кеудесін оққа төсеп, қарсы көтерілген ұлтжанды азамат 1915 жылы қасақана қамауға алынып, Сібірге айдалады...
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының кең залында әсем сазға оранып өткен естелік кеште сөз алғандар – халық патриоты, күрескер Бейсебай Қаратаевтың өнердегі қырына – композиторлық, ақындық шеберлігіне көп көңіл аударды. Оның жөні бар. Бейсебайдың айдауда жүрген үш жылдың ішінде жүрегін жарып шығарған бірнеше ән-жырларының ішінен қазақ музыкасының алтын қорына кіргендері бар. Әйгілі композитор А. Затаевич кезінде Ораз Жандосовтың көмегімен Бейсебайдың «Хош, аман бол», «Ой жалған, алтын таң» әндерін нотаға түсірген. Алматы уезінің Күрті болысында Қазыбек тауының баурайында туған Бейсебай Қаратаев атақты Қазыбек бек Тауарұлының шөбересі. Тектінің тұқымы қазақтың суырып салма өнері – айтыс дегенде де шашасына шаң жұқтырмаған дарабоз жүйрік еді. Жыр сайысына қатысса – ойы жүйрік, тілі өткір бозбала ауыл-аймақта алдына жан салмаған. Оның ақын қыздар Тұмар және Зейнепиямен айтысы аузымен құс тістеген атақты халық ақыны Әсімхан Қосбасаровтың жырлауында күні бүгінге дейін жетті.
Осы арада концерт-кешті Қазақстан Композиторлар одағы, оның басшысы әйгілі композитор Балнұр Қыдырбектің тікелей ұйымдастырғанын да атап өткен жөн болар. Салтанатты кешті жазушы, мәдениет қайраткері Манарбек Ізбасарұлы маржан сөздің тұнбасын төгіп-төгіп жүргізді. Өнер тұлғалары – Қуат Бағысбек, Базархан Қосбасаров, Төлеужан Ғұмар, белгілі жазушылар Бексұлтан Нұржеке, Берік Шахан, Қырғыз Республикасының халық артисі, Қырғызстан консерваториясының ректоры Мұратбек Бегалиев жарқын бейне Бейсебай Қаратаев туралы өздерінің пікір-ойларын ортаға салды.
Филармония мен ҚР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының сүйемелдеуімен қазақтың танымал сахна иелері Марат Ілиясов, Қалибек Дербісов, Донеділ Қажымов, Талғат Күзембаев, Құралай Сәтмағамбетова, Құрмет Сақай ән шырқады. Бейсебай Қаратаевтың «Үш шоқының аяғы құм болады», «Нұржамал», «Үш Алматы», «Көрікті Балқаш, көк Балқаш», «Қазыбек менің өтенім» сияқты ән сазына тыңдаушы бейжай қалмады...
Қоғамдық сана мен мемлекеттік құрылыстың шын мәнінде өзгергенін жан-тәнімен қалаған Бейсебай да, Ораз Жандосов секілді, ревкомның жұмысына таңды таңға ұрып араласты. Өйткені, жаңа қоғамның бастаушысы – Кеңес үкіметінен туған халқының болашағы үшін бар жақсылықты күтеді. Өкінішке қарай, ұлт боздақтарының аппақ армандары аяқасты етілді. Алдымен Ораз Жандосов, одан соң Ораздың ағасы деген «айыппен» Бейсебай Қаратаев атылып кетті. Бейсебайдың соңғы шығарған «Қайран Ораз!..» әні қазақ зиялыларына – сталиндік қуғын-сүргін зобалаңының құрбандарына арналған жоқтау болып қалды...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.