Қысқа мерзімде қарқынды дамып, еліміздің маңдайалды білім ошағына айналған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кейінгі жылдары алты Алашқа үлгі боларлық жақсы бір дәстүр қалыптасып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Ол қандай да бір мемлекеттік мерекені, университет ішіндегі айтулы даталарды немесе ұжымға қатысты қуанышты тойлаудың заманауи жаңа үлгісі – асқақ Астананың рухани орталықтарына шақырып, қуанышты көпшілікпен бөлісу арқылы көбейтіп, рухани өсу арқылы шын шаттыққа бөлену дәстүрі. Бұл бастаманы алғаш көтерген білім ордасының ректоры Ерлан Сыдықов екенін көпшілік жақсы біледі. Осындай шаттыққа толы шараның бірін төрт жыл бұрын аталмыш оқу орнының ұжымы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ театрында атап өткен болатын. Сол қуанышты кешке ортақтаса келген оқытушылар қауымы «мынау бір жақсы бастама екен» деп шын ризашылықпен серпіліп қалғаны әлі есімізде.
Осындай таным мен тағылымы айрықша мәдени шара адамзат табалдырығынан жаңа аттаған жыл басында, нақты айтсақ, 27 қаңтарда Еуразия ұлттық университетінің ұжымын тағы да бір серпілтті. Еліміз үстіміздегі жылды Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойының жылы деп шадыман көңіл күймен атап өтуді бастап та кетті. Осынау мемлекеттік мәртебелі мереке Тәуелсіздіктің төл тумасы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, бірлігі мен тірлігі жарасқан ұжымның салтанатын еселей түсуде.
Осы идея аясында аталмыш университет төрт жыл бұрынғы дәстүрін төрге шығарды. Бұл жолы «Астана Опера» театрына барып, «Абай» қойылымын тамашалап, жан сарайын ашар асқақ өнермен қауышып, рухани ой олжалап қайтты. Жақсы бастама жалғасын тапты деген, міне, осы.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».