02 Ақпан, 2016

Қомақты мәселелер қамтылды

308 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ком-үлкеніКеше орталық коммуникация­лар қызметінде «Ұлт Жоспары шеңберіндегі сот жүйесінің жұ­мысы және сот төрелігін жүзе­ге асырудың 2015 жылғы қорытын­дылары» тақырыбында брифинг өтті. Оған Жоғарғы Соттың қыл­мыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Абай Рах­метулин мен Жоғарғы Соттың ма­мандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қы­дырбаева және Жоғарғы Сот судьясы Бағлан Мақұлбеков қатысты. Құқық қорғау саласындағы құ­зырлы орган өкілдерінің айтуын­ша, бүгінгі таңда Ұлт Жоспарының екінші реформасы бойынша Жо­ғарғы Сотқа бекітілген 11 қа­дам­ның барлығы заңнамалық тұр­ғыдан іске асырылып келеді екен. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстар тиісті мерзімде және лайықты деңгейде жүргізілуде дейді. Нақтылай түсер болсақ, жуырда ғана Азаматтық процестік кодекс пен «Жоғары Сот Кеңесі туралы» жаңа заң қабылданып, «Сот жүйесі және судьялардың мәр­тебесі туралы» Конституциялық заң мен Қылмыстық-процестік кодекске және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске тиісті деңгейде өзгерістер енгізілді. Орайы келгенде Ұлт Жоспа­рының 16-қадамында көзделген сот жүйесін оңтайландыру мәсе­лесін атап өткен Абай Рахметулин, биылдан бас­тап халықаралық стандарттарға сәйкес сот ісін жүр­гізудің үш сатылы жүйесі енгі­­зілгендігін егжей-тегжейлі баяндады. Бірінші саты – аудан­дық соттар, апелляциялық саты – облыстық соттар және касса­циялық саты – Жоғарғы Сот. Бұл сот шешімдерінің тезірек күшіне енуіне ықпал етеді және процесті әдейі созу мүмкіндігін азайтады, – деді Абай Жамбылұлы. Оның айтуынша, Ұлт Жоспарының шеңберінде сапалы сот корпусын қалыптастыру мәселесіне де айрықша назар аударылуда. «Сот корпусы жоғары моральдық қа­сиетке ие ең лайықты кәсіби мамандардан құралуы тиіс. Осыған орай Жоғары Сот Кеңесі түбегейлі реформаланды, Сот төрелігі институтын Жоғарғы Соттың басқаруына беру мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешімін тапты» дейді ол. Брифинг барысында сөз алған Жоғарғы Соттың маман­дан­дырыл­ған сот алқасының төрайымы Айгүл Қыдырбаева 23-қадамда көрсетілген Жоғар­ғы Сот жанынан құрылған маман­дандырылған сот алқасы турасында ой өрбітті. Сот алқасы ірі инвесторлардың қатысуымен инвестициялық дау­лар жөніндегі азаматтық істер­ді бірінші сатыдағы соттың тәр­тібімен қарайтындығын тілге тиек етті. Оның сөзінше, сон­дай-ақ, аталған алқа Астана қала­лық сотының соттылығына жататын инвестициялық даулар бойынша сот актілерін де апелляциялық тәртіпте қайта қарауға қауқарлы көрінеді. Сонымен қатар, ол осы соттың жанынан құрылған Ха­лық­аралық кеңестің жұмысын да айрықша атап өтті. Аталған кеңес сот төрелігінің отандық жүйе­сін жетілдіру мәселелеріне қа­тыс­ты сарапшылық консультациялар береді. Оның құрамына қа­зақстандық ғалымдармен қатар, шетелдік беделді судьялар мен заңгерлер кіреді және Кеңесті Жо­ғарғы Сот Төрағасы басқарады. Сот жюриінің қайта құрылуы мен Судьялардың жаңа Әдеп ко­дексінің әзірленуіне тоқталған Жо­ғарғы Сот судьясы Бағлан Ма­құлбеков бірінші қаңтардан бас­тап Сот жюриі біліктілік және тәр­тіптік бағыттағы екі комиссиядан тұратындығын айтады. Мұндай жүйе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ыстамбұл жос­парын орындау мақсатында іске асырылатын болса, ондағы әрбір комиссияның құрамына аудандық, облыстық және Жоғарғы Соттың судьялары кіреді. Маман пікірінше, судьялардың кәсіби қызметіне баға алғаш рет судья лауазымында атқарған бірінші жылғы жұмысының нәтижелері бойынша берілетін көрінеді. Кейіннен баға әрбір бес жыл сайын, сондай-ақ, судья жоғары тұрған соттың судьясы лауазымына, сот төрағасы, сот алқасының төрағасы лауазымдарына жарияланған конкурстарға қатысқан жағдайда беріледі деп бекітілген. Ал судьялық қызметте жиырма және одан да көп жылдық өтілі бар судьялар судьяның кәсіби қызметін мерзімдік бағалаудан босатылады. Ал енді биыл қолданысқа ен­гізілген, әңгіме басында атап өтіл­ген жаңартылған Азаматтық істер кодексі бойынша, егер сот про­цесінде мемлекеттің мүддесіне қарсы даулар, өзінің құқықтары мен бостандықтарын өз бетімен қорғай алмайтын азаматтар және сот немесе прокуратура сол процеске қатысуы қажет деп тапқан жағдайда ғана прокурорлар қатысатын болады», – деп нақтылады Жоғарғы Сот судьясы. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, журналист.