Кеше Еуразия ұлттық университетінде Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің қатысуымен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2015» иегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Республикалық конкурста бес жылдан кем емес үздіксіз ғылыми-педагогикалық өтілі бар қазақстандық жоғары оқу орындарының оқытушылары бақ сынаған. Сайыстың алғашқы кезеңі жоғары оқу орнында іріктеу түрінде өтсе, ал екіншісі республикалық дәрежеде жалғасты.
Жеңімпаздарды Білім және ғылым министрлігі, сонымен қатар, жетекші ғалымдар мен мамандардан құралған комиссия анықтады.
Жеңімпаздарды анықтауда баса назар аударылған өлшемдер – оқу құралдары мен оқытудың инновациялық технологияларын игеру, интерактивті режімде ашық сабақ жүргізу, студенттердің ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстарына жетекшілік ету, оқыту сапасын ұйымдастыру және тәрбие жұмыстары, академиялық, ғылыми дәреженің немесе атақтың болуы, ғылыми-зерттеулері мен жетістіктері, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау.
Жеңімпаздарға куәлік және 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мемлекеттік грант төленеді. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2015» грантын төлеуге Республикалық бюджеттен 848 млн. 400 мың теңге қарастырылғанын да айта кеткен артық болмас.
Сондай-ақ, грант иегерлері жыл бойы ғылыми-зерттеу тақырыбы мен оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелері бойынша халықаралық, республикалық ғылыми конференциялардың, симпозиумдардың, конгрестердің жұмыстарына қатыса алады.
Бұл грант Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2005 жылы тағайындалған болатын. 2015 жылы еліміздің 61 жоғары оқу орнынан 200 адам осы гранттың иегері атанды. Бұлардың 42 пайызын ғылым докторлары, 53,5 пайызын профессорлар, ал 4 пайызын PhD докторлары құрайды.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».