02 Ақпан, 2016

*Оқиғаға орайлас ой

319 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

100-590Елбасы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия

съезіндегі баяндамасы туралы отандастарымыздың ортақ ойы осындай

Зәуре ЖҮСІПОВА, Астана қаласындағы №59 мектеп-лицейінің директоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты: – Мен 2009 жылдан бері «Нұр Отан» партиясының мүшесімін. Партиямыздың елімізді дамытуға, халқымыздың әлеу­мет­тік жағдайын көтеруге байланысты атқа­рып отырған жұмысы өте ауқымды. Тәуел­сіздігіміздің тұ­ғыр­лы болуына лайықты үлесін қосып келе жатқан біздің ұйымның алдында үл­кен міндеттер тұр. Ол партиямыздың осы съезінде қабылданған сайлауалды бағдарламасында атап көрсетілген. Меніңше, бұған дейін де ел көңілінен шығып келген партия алдағы уақытқа белгіленген міндеттерді өз деңгейінде орындайды деп сенемін. Съезд барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз бойынша атқарылып жатқан қыруар жұмыстарды, сондай-ақ, алда тұрған міндеттерді нақтылап айтып берді. Бұдан біз еліміздің дұрыс жолмен келе жатқанын көре аламыз. Бұл орайда біздің партиямыз өз жұмысын салиқалы түрде жүргізе береді деп ойлаймын. Марат ТОЯСОВ, «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облысы Қазталов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: – «Нұр Отан» партиясының ХVII cъезінен жақсы әсер алдым. Өйткені, осынау алқалы жиында Тәуелсіз еліміздің бүгіні мен ертеңі тұр­ғы­сында көптеген мәселелер айтылды. Әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзі көптің көңілінен шықты. Жалпы, съезде еліміздің экономикалық дамуына, халқымыздың тұрмысын одан әрі жақсарта түсуге қатысты жағдаяттардың кеңірек қамтылғаны партиямыздың негізгі мақсат-мүддесін ұғындыра түскендей. Сондай-ақ, партиямыздың дауысқа салу нәтижесінде қабылданған сайлауалды бағдарламасында орынды мәселелердің тереңдей қамтылуы көңілге жылылық ұялатты. Қорыта айтқанда, біздің партиямыз өзінің алдағы уақытта атқаратын жұмыстарын өз деңгейінде пысықтап алды. Енді ауызбіршілікпен алға жылжуымыз керек. Өмірзақ МЕЛДЕХАНОВ, «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы: – «Нұр Отан» партиясының ХVII съезінің өтуін еліміз үшін үлкен оқиға деп есептеймін. Өйткені, съезде елдік мүдде, кемел келешек жөнінде жақсы айтылды. Баршамыз куә болғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алқалы жиын барысында мемлекетіміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді тағы бір пысықтап, қай бағытпен жүруіміз керек екенін нақтылап берді. Жалпы, съезд жоғары деңгейде өтті. Әсіресе, жиын барысында бірауыздан қабылданған партияның сайлауалды бағдарламасы келешекке деген сенімімізді нығайта түсті деп есептеймін. Бағдарламада халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелерге басымдық берілген. Бұл өз кезегінде «Нұр Отан» партиясының ел алдындағы жауапкершілігін арттыра түседі деп ойлаймын. Еліміздің маңдайалды партиясы осы бағытынан жаңылмай, Отанымыздың одан әрі көркеюіне атсалыса береді деп сенемін. Жаңбырбай ДӘРІБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы Қ.Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: – Маңызды шешімдер қабылданған пар­тиямыздың XVII cъезіне қатысқаныма өте қуаныштымын. Съезд барысында «Нұр Отан» партиясының халыққа жақын, тұғыры берік ұйым екені тағы бір дәлелденді. Жиында ел күткен сөз айтылды. Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың елдікке шақырған, ынтымақ пен бірлікті ту етіп, алға жылжуға үндеген сөзі кө­ңіл тербетті. Съезде қаралған мәселелер тек партия үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды екені даусыз. Менің ойымша, партия өз алдына қойған міндетін абыроймен орындап шығады. Өйткені, біздің партиямыздың елмен етене жұмыс істеуде тәжірибесі мол. Бұл – «Нұр Отан» партиясының басты ерекшеліктерінің бірі. Әсел ЖАНДӘУЛЕТОВА, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі: – Өзім «Астана-Опера» театрында көрермендерге қызмет көрсету департаментінің директоры болып істеймін. Съезде «Нұр Отан» партиясының атынан, меніңше, ең лайықты адамдар кандидаттыққа ұсынылды деп ойлаймын. Соның ішінде, Бек­болат Тілеухан, Қайрат Нұртас сияқты ән­шілер де бар. Мен олардың депутат болуына тілек­­теспін. Парламентте өнер адамдарының болғаны өте маңызды. Өйткені, саланың проблемаларын олар жақсы біледі. Сонымен қатар, мен Президент Н.Назарбаевтың сөзінен үлкен әсер алдым. Оның Қазақстанда тапқан байлықтарыңды еліміздің дамуы үшін осында инвестиция ретінде салып, жекешелендіру нысандарын сатып алыңдар деп олигархтарға арнаған сөзі ұнады. Егер патриоттық сезімдері болса, олар осыдан кейін өздерінің қаражаттарын еліміздің экономикасына құяр деген үміттемін. Серік СӘПИЕВ, Олимпиада чемпионы: – Бес институттық реформа шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру арқылы еліміздің өркендеуіне жол салу керектігін Елбасы ерекше міндет етіп ал­дымызға қойып отыр. Осы тұрғыдан келгенде, партия осы бес бағыт бойынша нақты қадамдар жасап, алда тұрған күрделі де маңызды мәсе­лелерді шешуге бар күш-жігерін салатыны айтпаса да түсінікті. Егер мен депутаттыққа ұсынылып жатсам, әрине, қолымнан келген­нің барлығын жасаймын. Әсіресе, спортқа қатысты заңнамаларды жетілдіруге атсалысатын боламын. Атап айтқанда, бұқаралық спорт түрлерін дамытуға, соның ішінде жасөспірімдер спортын жетілдіруге күш салар едім. Қазіргі кездің өзінде елдің болашағы жарқын болуы үшін қолымнан келген жұмыстарды атқару үстіндемін. Бақытжан ЕРТАЕВ, генерал-лейтенант, Халық Қаһарманы: – Бұл шын мәнінде тарихи оқиға болды. «Нұр Отан» партиясы – біздің еліміздегі ең беделді, ең ықпалды саяси ұйым, Елбасының партиясы. Сондықтан, оның қабылдаған шешімдерінің халқымыз үшін маңызы зор. Бүгін әлем үлкен саяси және экономикалық дағдарыста тұр. Оның бізге тигізіп жатқан келеңсіз әсері де жеткілікті. Бізге Елбасы да оны үнемі айтып отырады. Осындай қиын­дықтан да еліміз біртұтас болып, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» берік бірлікпен ғана шыға алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жанына топтасып, монолитті бірлікте болсақ қана қиындықтарды жеңеміз. «Нұр Отан» партиясы да елді осы жолға бастап отыр. Съездегі Елбасының сөзі де негізінен осы бағытта өрбіді. Бізге, ең бастысы, тыныштық, елдің қауіпсіздігі керек. Біздің әскери әлеуетіміз оны сақтауға қабілетті. Біз терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарды тұншықтыруға дайынбыз.  Шәрбан ТАЙМУЛЛИНА, Петропавл қаласындағы білім қызметкерлері бірлестігі «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының хатшысы: – Мен ХVІІ съезд шешімдерінің халқы­мыздың әл-ауқатын арттыруға тигізетін ық­палы көп болады деп ойлаймын. Елбасы Н.Назарбаев біздегі қымбатшылықтардың негізі жоқ екенін айтты. Өйткені, шикізат­тардың бәрі теңгеге өзіміздің ішімізден алынады. Ендеше, доллар қымбаттады екен деп өн­діріс­шілер өз тауарларын неге қымбат­татуы керек? – Президенттің білім саласы қызметкерлерінің алдына қойып отырған талаптары өте орынды. Біз білікті ұрпақ тәрбиелеп, білімді жастар өсіруде белсенді қызмет етуге тиіспіз. Біздің бастауыш ұйымымыздың қызметкерлері бұл талапты қолдайды және биік табыстарға жету жолында жан аямай еңбектенуде. Биыл еңбекақымыз да көтеріліп, қатты қуанып қалдық. Енді тек еңбегімізді еселей беруіміз керек.  Махсетбай СЕРІКБАЕВ, партияның Ақмола облысы Егіндікөл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: – Бүгін әлемде күрделі жағдай қалып­тасып отыр. Экономикалық жағынан басқа елдермен тығыз қарым-қатынас орнатқан Қазақстанға да оның әсері бар. Әйтсе де, елімізде дағдарысты еңсеруге байланысты шаралар қабылданып, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан реформалар осының дәлелі. Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сай­лауын өткізу де дағдарыс кезіндегі қабылданған тиімді шешімнің бірі болды. «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасы «Қазақ­стан-2021. Бірлік! Тұрақ­тылық! Жасампаздық!» деп аталуы бекерден бекер емес. Өйткені, бірлігіміз мық­ты болып, тұрақтылық қанатын жайғанда ғана жасампаздыққа қол жеткізе аламыз. Оған қалыптасқан алғышарттар жеткілікті. «Нұр Отан» партиясы осы сайлауалды бағдарламасында аталған уақыт аралығында елдің дамуына қосатын өзінің қадау-қадау істерін айқындады. Әрбір өңірден келген делегаттар партияның кезектен тыс съезінде қозғалған өзекті мәселелерді шешу жолдарын жергілікті жердегі халыққа жан-жақты жеткізіп, оны насихаттау ісіне белсене кіріседі. Қысқасы, бұл партиямыздың сайлауалды бағдарламасында көзделген бағыттарды орындауға партия мүшелері жұмыла атсалысады деген сөз. Жалпыұлтты жұмылдырушы партияға айналған «Нұр Отан» алдағы сайлауда халықтың сеніміне ие болатыны сөзсіз. Өйткені, жаһандық қауіп-қатерге қарсы партия сайлауалды бағдарламасында өзінің нақты іс-қимыл жоспарын ұсынып отыр. Заманауи тиімді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заңның үстемдік құруы, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты – бұлардың бәрі де сайлаушыларды «қазақстандық арманға бастайтын жол». Ендеше, бұл жолғы сайлауда да «Нұр Отан» партиясының бәсі жоғары болады деп есептеймін.  Михайл ЛАБУКОВ, «Имсталкон» зауытының директоры: – Партия құрылтайында біраз мәселе қамтылды. Қазіргі жаһандық деңгейде орын алған қиындықтарды қалай еңсеруге болатыны партияның алдына үлкен міндет ретінде жүктелді. Әрине, сайлауда таңдау қай партияға түсетінін халықтың өзі шешеді. Біз өз қатарымызға халық сеніміне лайықты деген кандидаттарымызды ұсындық. Біз сайлаудан кейінгі кезеңде үлкен өзгерістер болады деген үміттеміз. Халықаралық жағдай шиеленіскен мына заманда бірдеңе деу қиын. Бірақ та мұнай мен өзге де шикізаттарға деген бағаның құлдырауына қарамастан, жақсылықтар күтеміз және оны өз қолымызбен жасауға тырысамыз. Қазақстандықтардың көпшілігі де сондай пікірде деген сенімдемін. Сайлауды алдын ала өткізу туралы шешім қабылдаған Елбасы бағытымыздың дұрыс екенін көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге, депутаттар корпусын жаңарту арқылы реформаларды тереңдете түсу бүгінгі күн тәртібінде тұрған бірінші кезекті мәселе екенін ұғындырғандай болды. Тимур КУДРАТИЛЛАЕВ, «Жас Отан» ЖҚ мүшесі, студент: – «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс құрылтайына Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сөзін тыңдау үшін әдейі келген болатынбыз. Өйткені, қазір еліміздің алдында үлкен істер күтіп тұр. Оның үстіне, мына әлемді шарпыған дағдарысты еңсеру үшін де нендей ұсыныстар айтылады екен деген оймен де келдік. Біздер, студенттер қауымы үшін бұл өте қызықты да қызғылықты. Қазір мен өзім «Жас Отан» жастар қана­тының құрамындамын. Оның үстіне, университет қабырғасында орын алып жатқан көптеген іс-шараларға қатысып, өзіміздің тұлға ретінде қалыптасуымызға күш салудамыз. Саясатқа терең бойламасақ та, Елбасының жүргізіп келе жатқан саясатының дұрыстығына зәредей де күмәніміз жоқ. Өйткені, көптеген күрделі кезеңдерден сүрінбей өтіп келе жатқанымыздың себебі де осы деп білемін.