02 Ақпан, 2016

Маң далада жыландармен бірге тұрған

323 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

отбасы иесі бүгінде ел таныған атбегі

Нурлан Нугмановтын суретіБірде журналистік іссапармен шалғайдағы Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылында болғанымыз бар. Ауыл әкімі Манарбек Сүндетов өз ісіне мұқият, тындырымды, тұрғындардың мұң-мұқтаждарына ортақтаса алатын іскер азамат секілді әсер қалдырып еді. Сол түйсігіміз алдамапты. Кейінірек те оның жақсы істеріне қаныққан едік. Біз сол жолы Манарбекке келген шаруамыздың түп-төркінін былайша жеткіздік. – Ауылыңда еңбегімен еленіп жүрген қандай адамдар бар? Олар қандай кәсіппен шұғыл­данады? Аты-жөндерін аташы. Газет бетінде көрсетейік, оларды өзгелерге үлгі-өнеге етейік. Бұл сауалымызға ол көп ойланған жоқ. Әп-сәтте ақ-адал еңбектері арқылы өз шаруаларын тап-тұйнақтай етіп, кәсібін нәсібіне айналдырып отырған біраз адамдардың есімдерін атады. – Уақыт дегеннің өзі тығыздау ғой. Мына сендермен көршілес Жәнібек ауданына қарай жол жүріп бара жатқан жайымыз бар. Солардың ішінен біреуіне соғып, шаруасының жай-күйімен танысып кетуге болады, – дедік оның сұраулы жүзіне барлай көз тастап. – Ендеше, «Еркін» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Нұғмановтың қыстағына қарай атбасын бұруларыңызға болады. Тұрған жері «Қамыстыкөл» деп аталады. Сіздерді өзім бастап алып барамын. Жол мұраты – жету дегендей, бөгелместен «Қамыстыкөлге» қарай жүріп кеттік. Біз барғанда Нұрлан алғашқы төл беріп жатқан қойлардың қасында жүр екен. Қасындағы көмекші жігіт­термен бірге жас төлдерді арнайы орындарға бөлек орналастырып қойыпты. Содан кейін ашық аулада тұрған құлындарға бастап барды. Сүп-сүйкімді құлындар мыналар кімдер дегендей үрке қараса, ағашқа байлаулы тұрған пілдей ала өгіз де көзін алартып тұра берді. Шамасы, алты ай жаз арбаға тиелген шөпті тасып болып, енді дамылдаған шағында мазамызды алған мына еріккендер кімдер дейтіндей көрінеді. Жабық қорада тұрған жас бұзаулар да жетіліп қалыпты. Дәл осы сәтте аула-қораның сәнін келтіретін мал және оның төлдері екендігіне тағы бір көзіміз жеткендей күй кештік. Осындай үлкен шаруаны дөңгелетіп отырған қырықтың қырқасына да іліге қоймаған Нұрланды әңгімеге тарттық. Ол еңбек жолын Кеңес Одағының ыдырап жатқан уақытында шопанның көмекшісі болып бастапты. Мал мен техниканың тілін бес саусағындай меңгерген әкесінен көп нәрсе үйреніпті. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде басталған жекешелендіру науқаны кезінде оның үлесіне он бес ірі қара және жетпіс қой тиіпті. Бірді екі ете білетін шаруақор жігіт осы малмен «Екпін» шаруа қожалығын құрыпты. «Сол жылы осы «Қамыстыкөл» қыстағына көшіп келдім» деді ол бізге. Алғашқы тіл қатысудан аңғарғанымыз, ол кезде Нұрлан зайыбы Салтанатпен отбасын жаңа құрған кезі екен. Жасы жиырма үште. Тұла бойы тұңғыштары әлі бір жасқа да толмапты. Көптен бері адам аяғы баспаған «Қамыстыкөл» қыстауы қаңырап бос жатыр екен. Біраз жыл иесіз қалғандықтан әбден азып-тозыпты. Осы жерде түнеп шыққаннан кейінгі алғашқы таң олардың есінде ұмытылмастай болып сақталып қалыпты. Бұлай болатын себебі, бұл ескі қыстау ордалы жылан мекендеген орын болып шығады. Нұрлан мен Салтанат таңертең ұйқыларынан оянса, терезенің жақтауларында, текшелеп қойған басы артық төсек-орынның астында иіріліп, созылып, бір-бірімен айқасып жатқан жыландарды көреді. – Салтанат, сен жыландардан шошыма, үрейленбе. Біз тиіспесек, олар бізге өздігінен тиіспейді. Шақпайды да. Қалғанын тағы көре жатармыз, – деп отбасы иесі ең алдымен жас келіншегін үрейлендіріп, қорқытып алмаудың қамын жасайды. Расында да, жыландарды көргенде шыңғырып жібере жаздаған Салтанат әрі-беріден соң сабырлы күйге түсе бастайды. Нұрланның бұлай деуінің де себебі бар екен. Өйткені, ол сәби-бала кезінде атасы Елемеспен бірге айдалада ат-арбаның үстінде келе жатып ордалы жыланның үстінен түсіпті. Салтанатқа айтқаны атасынан қалған өсиет екен. Ордалы жыланға тиісуге болмайтын себебі – олар өте кекшіл келетін көрінеді. Алайда, адам психологиясы өте түсініксіз, қызық келеді емес пе?! Кім-кім де болмасын жыландарды көрген кезде оны алыстан тас кесектеп қуып жүріп қалайда өлтірудің қамын жасайды. Жыландар да табиғаттың өзі жаратқан тір­шілік иесі емес пе. Адамдар оны өлтірейін деген оймен тиісіп жатса, әрекет жасамай қалайша сылқия салады. Сондықтан, жыландар да табанға тапталмай, өзіне төніп тұрған өлім қаупінен құты­лудың қарекетіне кіріседі. Осылайша, өзіне төне түскен адамдарға бойындағы уын шашуға жан­тала­са ұмтылады. Хайуандардың да өздеріне төн­ген қауіптен құтылуға ұмтылуы – табиғи құбылыс. Осы кезге дейін адамдар үшін жұмбақ әрі үрейлі болып келген жыландардың тіршілігімен айналысып жүрген биолог ғалымдар бұларды киелі жәндіктер қатарына қосады. Әрі жылан­дардың киелі болып есептелуінің басты бір себебі – жорғалайтын аяқтарын байқатпауында. Адамдарға өздігінен тиіспеуінде. Оларды өлтіретін – адамдардың өздері. Әрине, жыланның сыртқы түрі өте сұсты келеді. Өзіне қатер төнген тұста зәр, у шашу үшін жаратылған сүйріктей тілі тіптен қорқынышты. Бұған қарап үрей мен қорқынышқа бой алдыруға болмайды, – дейді жыландармен бірге тұрған отбасы иесі Нұрлан Нұғманов. Біз осыдан кейін журналистік әуес­тікпен оған тағы да бірнеше сауалдар тастадық. – Нұрлан, сонымен не болды? Одан кейін де жыландармен бірге тұра бердіңдер ме? – Солай деуге де болады. Үш күннен кейін көрге де үйренеді дегендей, бірер күн өткен соң есік жақтауындағы, үйдің бұрышы мен көрпе астындағы ұйлығып жатқан жыландарға көзіміз үйрене бастады. Мына өздеріңіз көріп отырған, атқа мініп жүрген балам сол кезде бір жасқа да тола қоймаған сәби еді. Қазір оны жыландармен бірге ұйықтаған батыр деп әзілдеймін. Бұдан кейін жыландар хикаясына байланыс­ты әңгіме төмендегіше жалғасты. – Сізге өтірік, маған шын дегендей болды-ау мұның өзі. Қалай дегенде де жыландар туған нағашыларың емес қой. Олармен қашанғы бірге тұра бермексіңдер. Халқымыздың салт-дәстүрінде жыланның басына ақ құйып аластатып шығарады деген қағида бар еді. Әлде осы тәсілді қолдандыңдар ма? – Жоқ, олай жасаған жоқпыз. Бұлай істеу ойымызға келмепті. Әйтсе де, бір күні көзіміз үйреніп қалған жыландар өздігінен өздері қоныс аударып, көрінбей кетті. – Мұның сыры неде деп ойлайсыз? – Атам ылғи былай деп айтып отырушы еді. Балам, ертең сен де өсіп, ержетіп, үлкен жігіт боласың. Сол кезде есіңде болсын. Жыл­қы жүрген жерде жылан болмайды. Тіпті, жыл­қының өзі тұрмақ, оның тері сіңген қамшы, ер-тоқым, жүген, ат-әбзелдеріне де жоламайды. Сондықтан да, әр қазақтың үйінің төрінде қамшы ілулі тұрса, босағада ер-тұрман жатқан. Өмірден көргені мен көңілге түйгені көп атамның осы сөздері құла­ғымда қалып қойыпты. Мен де осылай істедім. Жылқы демекші, Нұрлан Нұғманов бүгінде ен даланы ат тұяғының дүбіріне толтырып жүрген атбегі екенін де айта кеткеннің артықшылығы жоқ. Оның баптаған сәйгүліктері қазіргі күні аудандық, облыстық және республикалық дең­гейде өткізіліп жүрген ат бәйгелерінен жүл­делі оралып жүр. Бұл сәйгүліктер мен тұл­парлардың бәрі де қазақтың кәдімгі жабы тұ­қымдас жыл­қылары екен. Нұрланның айтуынша, тек бәйге аттарын ғана емес, сонымен бірге, атқа отыратын шабандоздарды да бала кезден дағ­ды­ландырудың пайдасы көп көрінеді. Аттың сыры иесіне мәлім дегендей, тұлпар мен шабандоз бала бір-бірінің жай-күйін білсе – бәйгеден оза шабудың бір сыры осында. Нұрлан Нұғмановтың тағы бір құпия сырын бізге әріптесіміз, Казталов аудандық «Ауыл айнасы» газетінің редакторы Серік Жұмағалиев жеткізді. Оның айтуынша, атбегі бәйгеден өзі баптаған сәйгүліктері озып келгенде берілетін үлкенді-кішілі сыйлықтарды өзі иеленбей, шабандоз балаларға беріп немесе олардың ата-аналарына атайды екен. Осы арада бұл сый­лықтардың үлкені, әдетте, автокөлік болып келетінін де айта кеткен жөн. Мәрттік, азаматтық, батылдық және жомарт­тық деп осыны айтыңыз. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы, Бостандық ауылы. Суретте: Нұрлан НҰҒМАНОВ.