02 Ақпан, 2016

Шығыс Қазақстанда сайлауалды штабтың дайындығы пысықталды

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
02-02-2016 Nur OtanӨСКЕМЕН. 2 ақпан. «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан областық филиалында Астанада өткен партияның кезектен тыс XVІI съезіне қатысушыларымен кездесу өткізді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. «Партиямыздың кезектен тыс XVІI съезінде жаңа сайлауалды бағдарлама қабылданды. Бұл бес институттық реформаның, Ұлт жоспарындағы «100 нақты қадамның» жүйелі түрде жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, съезде Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлауына арналған партиялық тізім бекітілді», – дейді «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов. Кездесуде съезд делегаттары сайлауалды бағдарламаны талқылап, сайлауалды штабтың жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді. Әнуарбек Мұхтарханұлының айтуынша, қазіргі кезде еліміздің барлық өңірлерінде сайлауалды штаб құру мақсатында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар 20 ақпанға дейін созылады. Шығыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабының негізі міндеті – сайлау туралы заңнаманы сақтау, айқын әрі әділ сайлау өткізу. Сайлауалды штаб құрамына өңірдің белсенді тұрғындары, партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшелері, қоғамдық бірлестіктер өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар және өткен сайлау науқандарына қатысып, мол тәжірибе жинақтаған азаматтармен қатар, жастар ұйымдарының белсенді өкілдері де кірді. 2016 жылдың 20 ақпанында аймақта облыстық, қалалық және аудандық сайлауалды штабтары мен қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылады. Құрамында 450-ге жуық адам тіркелген штабтың жұмысына 3 мыңнан астам сенімді өкілдер, сонымен бірге 3 мыңға жуық партия белсенділері қатысады. Думан Анаш. Дерек, сурет: «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі.