АСТАНА. 2 ақпан. 1 ақпан күні Алматы қаласында отандық "Мезет или просто жизнь" атты жаңа көркем фильмнің тұсаукесері өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қазақстандық толық метражды фильмнің режиссері Ақжол Әбіловтің айтуынша, киноның идеясы сценарист Ардақ Қарықболовамен бірлескен авторлықта жасалған. Кинотаспаны жасау Қазақ ұлттық өнер университеті студентінің курстық жұмыс үшін тақырып іздеуінен өрбігендіктен, бастапқыда фильм қысқа метражды туынды ретінде ойластырылған екен. Алайда оқиға соны сюжеттермен, кейіпкерлермен толықтырыла келе, сценарий шынайы өмір жағдайларына негізделген фильмге айналған.
Режисердің айтуынша, фильмнің мазмұны өте қарапайым. Сондықтан ол өзінің шынайылығымен әрі нақтылығымен көрерменді баурап алады. Фильмнің басында көрермендерге картинаның басты кейіпкері – Асқар есімді азамат таныстырылады. Азамат бойдақ әрі табысты жігіт болады. Ол достықты бағаламайтын, махаббаттың не екендігін түсінбейтін және айналадағы адамдарды сыйламайтын жігіт болып шығады. Күндердің бір күнінде Асқар кенет есін жоғалтады. Одан кейін үнемі ауруханада жату, емделу, медициналық тексерістерден өту оны тіптен абыржытып жібереді. Дәрігерлер оған үдемелі ми ісігі диагнозын қояды. Содан Асқар бір ай ғана өмірі қалғанын естіп, терең күйзеліске түседі. Сөйтіп, ішімдікке салынып жүріп, ол бір күні тағдырдың тәлкегімен әлдебір ауылға тап болады. Міне, осы елді мекенде Асқар ерекше бір оқиғаға кезігеді. Соның арқасында Асқар мүлдем өзгереді, қарым-қатынасты, өмірді және махаббатты бағалай бастайды. Фильмнің ақыры одан да қызықты, оған көрермендер өздері тамашалағанда куә болады. "Мезет или просто жизнь" фильмінің көрсетілімі 4 ақпанда басталады деп жоспарланып отыр.
"Мезет или просто жизнь" фильмі –еліміздегі ең жас режиссердің тырнақалды дүниесі, алғашқы толық метражды жұмысы. Фильмдегі басты рольді танымал отандық әртіс – Нұржан Садыбеков ойнайды. Сонымен қатар, көрермендер фильмде Нұржан Тұтов, Гүлбаһрам Байбосынова, Алмат Сақатов, Ерден Телемісов, Азат Сейтметов секілді әртістерді көре алады.
Дастан Кенжалин.
Дерек, сурет: egemen.kz