03 Ақпан, 2016

Қаршадай баланың ерлігі

563 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
02-02-2016-Батыр бала 01Өрттен бауырларын аман алып қалған 11 жасар Данияр «Ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды Көзсіз ерлікке бару, батыл қимылдап, батырлық таныту – қазақтың қанында бар қасиет. Таяуда ұлтымыздың осы бір ерекшелігін 11 жасар қаршадай бала тағы бір дәлелдеп берді. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы шағын аудандардың бірінде тұратын Данияр Сатыбалды есімді ержүрек бала отқа оранған үйінен үш бірдей бауырын аман алып шығып, батырлықта шек болмайтынын паш етті. Оның бұл әрекеті лайықты бағасын алып, Данияр «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Алдымен аталған оқиғаға тоқталып өтейік. Өткен жылдың 29 қарашасында Алматы қаласы «Ұлжан-1» шағын ауданы Тәкежанов көшесіндегі жер үйлердің бірінде өрт шыққан. Төтенше жағдай кезінде үйде Данияр мен оның қарындастары – 8 жасар Гүлмира, 7 жасар Динара және үш жасар Дамир есімді інісі болған. Осы кезде шұғыл шешім қабылдаған Данияр қолымен терезе әйнегін сындырып, бауырларын далаға алып шыққан. Осы ерлігі үшін Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі батыр бала оқитын №152 мектеп-гимназияға арнайы келіп, Даниярды көп­шіліктің көзінше марапаттады. Салтанатты шара кезінде елдің қошеметінен қысылып, ұяңдық танытқан жас батыр сол күнгі жағдайды қаз қалпында баяндап берді. Марапаттауға келген қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Бағдат Шайзада 11 жасар баланың бұл ерлігін кез келген ересек адамның жасай алмайты­нына назар аударды. Оның айтуынша, Данияр қала бойынша ең жас құтқарушы екен. – Мұндай жастағы баланың осындай ерлік жасауы біздің тәжірибемізде бірінші рет кездесіп отыр. Бауырларын айт­пағанда, Даниярдың өзі де әлі ойын бала­сы екенін ескерсек, расымен еріксіз басы­мызды шайқауға мәжбүрміз. Себебі, мұндай жағдайда ересек жан­дардың өзі шешім қабылдауға қиналып жатады. Ал Данияр бауырлары үшін көз­сіз ерлікке барып отыр, – деді депар­та­мент өкілі. Иә, бүгінде бауырларының, ата-ана­сының және мектебінің мақтанышына айналған Даниярдың бұл әрекеті көзсіз ерлік екені сөзсіз. Қазақтың «жүрегінің түгі бар» деген қанатты сөзі де осындай кезде айтылса керек-ті. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».