03 Ақпан, 2016

Қатер қайдан демеңіз

322 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Mideast SyriaДамаскіде жарылыстан 70 адам қаза тапты

Рейтер агенттігінің жергілікті тұрғындардың сөзіне сүйеніп хабарлауынша, өткен жексенбіде Дамаскіде күшті жарылыс жасалып, осы тағылық әрекет салдарынан 70 адам қаза тапқан. Ал АҒР ақпарат агенттігінің мәлім­деуін­ше, жарылыстан зардап шеккендердің саны 120 адамға жетіп жығылады Бұл жарылыс шииттер қалың орналасқан ауданда жасалған. Басында автокөлікке қойыл­ған бомба жарылған. Мұнан кейін осы оқиға болып өткен орынға таяу жерден тағы бір лаңкес өзін өзі жарып жіберген. Бұл оқиғаның жауапкершілігін, алдын ала мәліметтер бойынша, «Ислам мемле­кеті» делінетін лаңкестік тобыр өз мой­нына алған. Интернетте таратылған мәлімдемелерде ИМ мүшелері шииттерге қарсы тағы да осындай лаңкестік әрекет ұйымдастырылатындығын ескерткен. Осы оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарының таратқан ақпараттары бойынша қаза тапқандардың ішінде 25 адам Сирия президенті Башар Асадтың режімін қолдаушы қарулы топ мүшелері болып шыққан.

Мексикадағы мейрамда 11 адам өлтірілді

Мексиканың Герреро шта­­тындағы Койука муни­ци­палитетінде «15 жасқа тол­ғандардың мейрамы» деп аталатын мереке кезінде 11 адам қаза тапқан. Бұл мереке өткен жексенбі күні болып өткен. Штат губернаторы Эктор Астудильо Флорес­тің мәлімдеуінше, бұл мейрам Мек­си­када кең қанат жайып отыр. Оны негізінде 15 жасқа толған қыздар үшін ұйым­дастырады. Бұл мерекеге әдетте жүздеген адам жиналады. Міне, осы мереке тұсында бандиттер тұрғындарға шабуыл жасап, осының салдарынан адамдар қайтыс болған. Осы оқиға жайында жергілікті полиция өкілдері хабар алысымен оқиға орнына жетеді. Оларға бандиттер оқ атқан. Әзірге құқық қорғау органдарының қызметкерлері арасы­нан қаза табушылар туралы деректер жоқ. Дегенмен, Койуки ауданында Мехикодан машинамен келе жатқан тағы да екі жас жұптың қайтыс болғандықтары туралы хабарлар таратылды. Герреро штаты прокуратурасының таратқан хабарынша, оларды да бандиттер өлтіруі әбден мүмкін. Қазіргі күні оқиға болған жерге полиция мен әскер күштері жеткізілді. Жергілікті билік болып өткен оқиғаның себеп-салдарын зерттеуге кірісті. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, бұл өңірде бір-біріне қарсы тұрған қылмыстық топтар белсенді әрекет етіп келген. Олар осы өңір арқылы өтетін есірткі саудасын өз қолына алғылары келетін көрінеді. Осыған қарағанда, бейбіт тұрғындар бандиттер арасындағы атыс салдарынан қаза табуы әбден мүмкін.

дагдарыс-2«Боко Харам» жасағының жантүршігерлік әрекеті

«Боко Харам» ислам тобының өз бетімен қаруланған жасағы Нигерияның солтүстік-шығысында орналасқан Далори деревнясына шабуыл жасаған. Шабуыл салдарынан ондаған адам қаза тапқан. Соңғы мәліметтерге қара­ғанда, қаза тапқан адамдардың саны 80-ге дейін жетіп отыр. Оқиға куәгерлерінің мәлім­деуінше, шабуыл жасаған жасақ тұрғын үйлерді өртеген. Осының салдарынан ондаған адам тірідей өртеніп кеткен. Куәгерлер өртке оран­ған үйлерден адамдар мен балалардың шыңғырған дауысын естіген. Енді бір куәгерлер көшелерде өртенген адамдардың мәйіті жатқандығын мәлімдеген. Дерев­няда өрттен аман қалған үй жоқ көрінеді. Өткен жылдың желтоқсан айының соңында Нигерия пре­­зиденті Мохаммад Буха­ри «Би-би-си» телеарнасына берген сұхбатында өз елі­нің қарулы лаңкестермен қақ­ты­ғыста тех­никалық тұр­ғыда же­ңіске жеткендігін мәлім­деген болатын. Олар «Бо­ко Ха­рам» лаң­кестерімен бол­ған қақ­ты­ғыста үнемі жеңіске жетіп, бір­неше жүз тұтқынды босат­қан­дығы жөнінде айтылған еді. Ал Далори деревнясында болған бұл қанды оқиға лаңкес қарақшылардың өз әрекеттерінен әлі де бас тартпағандығын көр­сетіп отыр.

Израиль солдаттары шабуылға ұшырады

Иордан өзенінің батыс жаға­лауын­да Израиль солдаттарына күтпеген шабуыл жасалды. Осының салдарынан 3 солдат жа­рақат алған. Ал шабуыл жасау­шы атыс кезінде қаза тапқан. Шабуыл жасаушы Рамаллаға таяу орналасқан «Фокус» шекара бекетіне автокө­лікпен келіп, одан шыға салысымен солдаттарға қарай оқ жаудырған. Осы оқиға салдарынан 2 әскери ауыр жарақат алған. Бір жауынгер жеңіл жараланған. Бекетте тұрған басқа солдаттар лаңкеске қарсы оқ атып, оны өлтірген. Осы оқиға жайында хабар таратқан бұқаралық ақпарат құралдарының мәлім­деуінше, Иордан өзенінің батыс жағалауы мен шығыс Иерусалимде жүзден астам елді мекенде 500 мыңға жуық израильдіктер өмір сүреді. Халықаралық қоғамдастық бұл аумақты Израиль мемлекеті арабтардан басып алған жер деп таниды. Ал Израиль тарабы болса, мұны мойындағысы келмейді. Олар мұнда өз азаматтарының заңды түрде өмір сүріп жатқандығын айтады. Таласқа түсіп отырған аумақта кикілжің оқиғалардың жиі кездесетіндігі, кейде оның соңы атыс-шабысқа ұласып кететіндігі белгілі. Жоғарыда болған оқиғаға да осындай жағдай түрткі болуы әбден мүмкін. Қазіргі күні БҰҰ мен АҚШ палес­ти­налық аумақтардың есебінен еврей елді мекендерінің кеңеюіне қарсы шы­ғып отыр. Өйткені, бұл үдеріс Израиль мен Палестинаның арасындағы бейбіт келіссөздердің жүруіне үлкен бөгет болуда.

дагдарыс-3Өндірісін алты күнге тоқтатады

Аса ірі жапон автоконцерні Toyota Motor («Тойота») үстіміздегі жылдың 8 ақпанынан бастап Жапониядағы өзінің 9 кәсіпорнында өндірістік үдерістерді 6 күнге тоқтатады. Бұл жайында кеше компанияның баспасөз қызметі мәлім етті. Тойота компаниясының мұндай қадамға баруына Айти префектурасындағы болат өндіретін зауытта болған жарылыс әсер еткен. Осыған байланысты Тойота өндірісінде уақытша болат жетіспеушілігі пайда болып отыр. «Айти стил» компаниясы зауытындағы жарылыс 8 қаңтар күні болған. Жары­лыс кезінде ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ өндірістік желілердің бірі қатты зақым­данған. Оның жөндеу жұмыс­тары наурыз айында аяқталмақ. Осы оқиғаға байланысты басқа өндірістік желілерде жұмыс көлемі арт­тырылғанымен, сондай-ақ, басқа да болат өндірушілер зауыт­тардан қосым­ша жеткі­зілімдер ұйымдас­тырға­нымен, Тойотаның жұмыс ағымында елеулі кедергілер пайда болған. Тойота компаниясының Жапо­нияда автокөліктермен оларға қажетті қосалқы бөл­шек­тер шығаратын 16 кәсіп­орыны бар. Әр жыл сайын елде конвейерден 13-14 мың атаулы маркадағы машиналар шығарылады. 2015 жылдың қорытын­дысында Тойота сатылған авто­көліктерінің көлемі жа­­ғы­нан тағы да әлемдік көш­басшы компания екендігін дәлелдеді. Компаниядан та­ратылған мәлімет бойынша, өткен жылы 10,15 миллион автокөлік сатыл­ған. Ал 2016 жылы Тойота бүкіл әлем бойынша 10,2 миллион машина шығаруды жос­парлап отыр. Бұл автокө­лік­тердің 4 миллионға жуығ­ы Жа­понияның өзінде шыға­рылатын болады.

дагдарыс-4Кубаға табиғат құбылысынан келетін зардап сұрапыл болғалы тұр

Кубада өткен жылдың қараша айында басталған Эль Ниньо деп аталатын табиғат құбылысы елге үлкен құрғақшылық әкеледі деген қауіп бар. Басында күшті жаңбыр жауған. Бұл құбылыс бұл елде 1982-1983 жылдары және 1997-1998 жылдары болып өткен. Осы оқиғаға байланысты Кубаның ауыл шаруашылығы үлкен зардап шегеді деген пікірлер бар. Өйткені, осы құбы­лыс салдарынан қант құрағы, темекі, күріш, кофе және көкөніс өсетін егістіктер үлкен бү­лінушілікке ұрынған. Қазіргі есептеулер бойынша осының салдарынан елдің ауыл шаруашылығы сан миллион песо тұратын шығынға тап келген. Бұл елдегі ауыл шаруа­шылығы саласы өткен 2015 жылы егістіктегі ылғалдың жетіспеу­шілігі салдарынан 90 мың тонна күрішті жылдағыдан кем алған болатын. Басқа да егіс түрлерінде де осындай шығындар болды. Енді «жұт жеті ағайынды» дегендей, бұл табиғат құбылысы қараша айынан бастап тіпті үдей түскен. Қазіргі болжамдар бо­йынша елдің ауыл ша­руа­шылығы саласы өзінің қа­лыпты жағ­дайына жуық маңда түсе қоймайды. Мұ­ның салдары биылғы жыл­дың көктемі мен жазында білінетін болады. Ма­мандардың айтуынша, алда­ғы жазда елді үлкен құр­ғақ­шылық күтіп тұр. Топтаманы дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».