Елімізде «Өзін-өзі тану: Сүйіспеншілік пен Шығармашылық педагогикасы» атты онкүндік басталды
Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті республиканың барлық ұйымдарында 2016 жылғы ақпан айының 2-сі мен 12-сі аралығында «Өзін-өзі тану: Сүйіспеншілік пен Шығармашылық педагогикасы» атты дәстүрлі онкүндігін жариялады. Онкүндіктің мақсаты балалар мен жастарды адамгершілік-рухани тәрбиелеу жүйесін дамыту, олардың азаматтық мәдениет дағдыларын жетілдіру болып табылады.
Кеше республиканың барлық білім беру ұйымдарында онкүндіктің мерекелік ашылу рәсімі болып өтті. Онкүндік аясында семинарлар, кітаптар көрмесі, дөңгелек үстелдер, ашық сабақтар, балалардың шығармашылық байқаулары, қайырымдылық акциялары, кинотеатрларға, ойын-сауық орталықтарына, спорттық кешендерге бару, ата-аналардың қатысуымен ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.
2010-2011 оқу жылында «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасы барлық білім беру деңгейлерінде, мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары білім беру салаларына да енгізілген болатын. Алғаш рет мемлекеттік деңгейде өскелең ұрпақты әмбебап және жалпыадамзаттық құндылықтарға оқыту міндетін «Өзін-өзі тану» жобасының авторы Сара Алпысқызы Назарбаева ұсынды. Аталған бағдарлама оқушылардың бойындағы шығармашылық әлеуетін толық әрі жан-жақты іске асыруға, жаһандану жағдайында заманауи жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, өмірлік және білім беру стратегиясын, қоғамдағы ауқымды әлеуметтік тағылымдарды меңгеруге ықпал етеді. Адамгершілік-рухани тәрбие негізіндегі осынау білім балалардың дүниеге сеніммен шаттана қарауына және табысқа жету жолында сенімді болуға, тәрбие және білім алу үдерісінде тиімді әлеуметтенуге көмектеседі.