Таяуда ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжі негізінде Астана қаласы мектептері мен кәсіптік-техникалық оқу орындарының тарих, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық пәндер оқытушыларының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Қазақстан Республикасы: тарихи даму тәжірибесі және тағылымы» атты ІІ қалалық форумы өтті.
Форумды өткізу мақсаты жоғары оқу орындары, колледж және мектеп оқытушыларының ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейту және Қазақстан Республикасының қалыптасуы мен дамуының кезеңдері жайлы білімдерін арттыру, сонымен қатар, білім беру мекемелерінде тарих, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық пәндерді оқытуда сабақтастық тәжірибесімен алмасу болып табылады. Форум шеңберінде «Жасай бер, тәуелсіз Қазақстан!» тақырыбында ғылыми әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылды.
Форумда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында өткізілген шығармашылық эссе және авторлық өлең сайысының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Эссе жазу бойынша бірінші орынды «Басқару» колледжінің студенті О.Миров иеленді. Екінші орын № 19 орта мектеп оқушысы К.Жамарянға және политехникалық колледж студенті В.Повышеваға берілді. Ал үшінші орынды кәсіптік-техникалық колледж студенті А.Волосевич пен «Тұран» колледжінің студенті А.Алипова өзара бөлісті.
Авторлық өлең сайысының қорытындылары бойынша бірінші орынды «Даналық» колледжінің студенті З.Ыбырашева иеленді. Екінші орынды ҚазГЗУ гуманитарлық заң колледжінің студенті А.Белякова алды, ал үшінші орынды № 48 мектеп-лицейінің оқушысы Г.Нағашыбек иеленді.
«Ең жас қатысушы» номинациясы № 4 мектеп-гимназиясының 2в сынып оқушысы Болатбек Бекнұрға берілді. Барлық жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының және «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешенінің абонементтерімен және сыйлықтармен марапатталды.
Форумның соңында тарихи сананы қалыптастыру мәселелері талқыланып, ұсыныстар қабылданды.
«Егемен-ақпарат».