03 Ақпан, 2016

Қос партия

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орталық сайлау комиссиясына  өз тізімдерін ұсынды Кеше «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ҚР Орталық сайлау комиссиясына партиялық тізімін тіркеуге ұсынды. Партия партиялық тізімді тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына сайлау заңнамасына сәйкес саяси партияның Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаттың көшірмесімен қоса, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының партиялық тізімді ұсыну туралы кезектен тыс XII съезінің хаттамасынан үзінді көшірме, партиялық тізімге енгізілген азаматтардың тізімге енгізуге келісімі туралы өтініштері, партиялық тізімге енгізілген әрбір адамның өмірбаяндық деректері, салық органының партиялық тізімге енгізілген кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы анықтамалары, саяси партияның сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат, партиялық тізімге енгізілген адамдардың «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясында мүшелігін растайтын құжаттарды тапсырды. «Кеше, 1 ақпан күні «Ауыл» ха­лықтық-демократиялық пат­риот­тық партиясы өзінің кезектен тыс ХІІ съезін өткізді. Сол алқа­лы жиын­да біз партиямыздың сайлау­ға қа­тыс­а­тындығын шешіп, канди­даттардың тізі­мін бекіттік. Ал бүгін сайлау ережесіне сәйкес «Ауыл» халықтық-демо­кратиялық патриоттық партиясы атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі мен барлық құ­жаттарын Орталық сайлау комиссия­сына тапсырдық», – деді «Ауыл» партиясының хатшысы Бөрібай Жексенбин БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Партия хатшысының хабардар етуінше, партиялық тізімде 19 адам бар. Олардың ішінде сегіз кандидаттың ғылыми дәрежесі бар. Бесеуі ғылым докторы, үшеуі ғылым кандидаты. Бір кандидат – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Партиялық тізімге төрт ұлттың – қазақ, орыс, украин және ингуш ұлтының өкілдері енген. «Сонымен бірге, кандидаттар қатарында тәжірибелі, өндірісте жұмыс істеген, бизнесте еңбек жолын жалғастырған, аудан, ауыл әкімдіктерінде қызмет атқарған азаматтар бар. Қоғам қайраткерлері де партиялық тізімге еніп отыр», – деді партия хатшысы. * * * Кеше Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Коммунистік халық партиясы да Мәжіліс депу­тат­­тығына кандидаттардың пар­тия­лық тізімін тіркеуге тапсырды. «Бүгін Қазақстан коммунистік халық партиясының кезектен тыс Х съезі өтті. Онда сайлауға қатысу мәсе­лесі қара­лып, бірауыздан мақұл­данды. 22 комму­нист партиялық тізімге кіріп отыр. Қазір біз Орталық сайлау комиссиясы­на партиялық тізіміміз бен қажетті құжат­тарымызды тапсырып шықтық», – деді партияның хатшысы Тұрғын Сыздықов. Оның атап өтуінше, партия Ор­та­лық сайлау комиссиясына сайлау заң­намасында көрсетілген құжаттардың барлығын ұсынған. Енді тиісті заңнамаға сәйкес Қазақстан Коммунистік халық партиясы өткен сайлауда дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жалпы санының жеті пайыздан артық дауысын алғандықтан, сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».