03 Ақпан, 2016

Басты мақсат – ел үмітін ақтау

533 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
ERA_9950+Кеше Астанада Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) кезектен тыс Х съезі өтті. Оған партия хатшылары, ҚКХП Орталық комитетінің мүшелері, ұйымның облыстық, қалалық, аудандық комитеттерінің делегаттары қатысты. Жиында партияның Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына қатысуы туралы шешімі шығарылып, ұйымның сайлауалды бағдарламасы қабылданды және Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Жиында сөз алған Қа­зақстан Комму­нистік халық партиясының жетекшісі Владислав Косарев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент Мә­жі­лісінің сайлауын кезектен тыс өткізу туралы шешімі дер кезінде қабыл­дан­ға­нын айта келіп, ұйымның алға қойып отырған мақсат-міндеттерін атап көр­­сетті. «Қазақстан коммунистік халық пар­­тиясының алдында сайлау науқанын абы­роймен өткізу міндеті тұр. Біздің пар­тиямыздың басты міндеті – сайлаушы­лардың үмітін ақтап, елдің бірлігін нығайту мақсатында заң шығарушы органға жаңа құраммен тың идеяларды алып бару», – деді В.Косарев. Сонымен қатар, спикер ұйымның басымдық беріп отырған бағыттарына тоқталды. «Біздің партия қоғамымызда өзін­дік әлеуетке ие. Біз Мемлекет басшы­сының жүргізіп отырған салиқалы саясатын қуаттап әрі халқымыздың бірлігі мен ынтымағының нығая түсуіне атсалыса береміз. Сондай-ақ, біз алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу мақсатында ба­тыл қадамдар жасап отырған елімізде іске асырылу үстіндегі әлеуметтік-эконо­ми­калық реформалардың табысты жүргі­зілуіне өз үлесімізді қосқымыз келеді», – деді ол. Одан әрі партия жетекшісі ұйымның негізгі идеялық ұстанымдарын сөз етті. «Біз сан ғасырлар бойы адамзаттың ойшылдарын Батыстың тұтынушы мәдениетіне қарсы жігерлендірген коммунизмнің жа­сампаз идеяларына берікпіз. Ғылыми ком­мунизм ұстанымдары тұрғысынан қара­ғанда, дағ­дарыс жаһандық және транс­ұлт­тық кор­порациялардың басымдығын дә­лел­дей­тін неолиберализм теориясының құл­­ды­ра­ғанын көрсетеді», – деді В.Ко­сарев. Сонымен қатар, спикер қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отырған қаржы дағ­дарысы мен түрлі сын-қатерлерді атап өтті. Елба­сы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жос­пары – дағдарысты еңсерудің кепілі. Сон­дай-ақ, ол елімізді кемел келешекке жетелейтін Ұлт Жоспарында қамтыл­ған өзекті мәселелерді жүзеге асыру жалпы­халықтық іс екенін, осы орайда, қазақ­стандық халықшыл коммунистер де нақты жұмыстар атқаратынын атап өтті. Сөзінің соңында В.Косарев өзінің пар­тиялас әріптестерін алдағы сайлау нау­қанында белсенділік танытуға үндеді. Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы Тұрғын Сыздықов өз кезегінде алдағы 20 наурызда өтетін сайлаудың маңызына тоқталды. «Біздің партиямыз өткен жылдардағы сайлау науқандарында мол тәжірибе жинақтай білді. Алдағы уақытта өткелі отырған сай­лау науқаны партиямызға елеулі сынақ болғалы тұр. Біз халқымыздың үмітін ақтап, олардың мүдделерін қорғау­ға мүмкіндік алу үшін сайлауға жоғары деңгейде дайындалып, белсене қатысуы­мыз қажет», – деді партия хатшысы. Сонымен қатар, ол қазіргі таңда орын алып отырған әлемдік дағдарыс пен түрлі сын-қатерлерге лайықты тосқауыл қою үшін заң шығару орындарының белсенді іс-қимылдар жасап, қалыптасқан ахуалды дұрыс бағалай білуі керектігінің маңыздылығын сөз етті. Оның айтуынша, дағдарысты еңсеру үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру қажет. Осынау бағдарламада атап көрсетілген міндеттерді абыроймен орындауға қазақстандық халықшыл коммунистер де өз үлестерін қосуға дайын. Съезд барысында Тұрғын Сыздықов Батыс мәдениетінің келеңсіз тұстарын сөз ете келіп, рухани өмірімізге кері әсерін тигізіп отырған бірқатар түйткілдер тұрғысында әңгіме қозғады. «Батыс халықтары рухани дағдарыстың жағымсыз әсерін сезініп отыр. Рухани құндылықтарға қатысты түрлі көзқарастар белең алуда. Батыс мәдениеті, өмір салты бірінші кезекке материалдық құндылықтарды шығарды. Біз батыстық жөнсіз үрдістерге үзілді-кесілді қарсымыз», – деді Т.Сыздықов. Оның айтуынша, батыстық мәдениет пен өмір сүру салтынан туындап отырған көптеген келеңсіз әрекеттер, әсіресе, батыстық жастардың беталысы, олардың өмірге деген кейбір көзқарастары біздің қоғамымызға жат және өте зиянды. Сонымен қатар, партия хатшысы Тұрғын Сыздықов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдына қойып отырған міндеттерін жүзеге асыруда Қазақстан Коммунистік халық партиясының бар мүмкіндігінше қызмет ететініне сендірді. Съезде бірқатар делегаттар мінберге көтеріліп, партияның алдында тұрған ауқымды міндеттер жөнінде сөз қозғады және өз әріптестерін сайлау науқанына ауызбіршілікпен қатысуға шақырды. Олардың айтуынша, елімізде қолға алынып жатқан игі шаралардың барлығы да мемлекетіміздің дамуына өзіндік ықпалын тигізеді. Әсіресе, ел бірлігі, халық ынты­мағы тұрақтылық пен орнықты дамуға кепіл бола алады. Олардың сөздеріне қара­ғанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау өткізу жөніндегі шешімі өте дұрыс болған. Өйткені, партиялардың халық тарапынан сенімнің жаңа мандатын алуы депутаттардың тың серпіліспен жұмыс істеулеріне жол ашады. Оның үстіне, сайлауда халқымыздың ынтымағы, бірлігі, саяси белсенділігі анық көрінуі тиіс. Жиында Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы, бесінші ша­қырылым депутаты Жамбыл Ахмет­беков Парламент Мәжілісіне үміткерлердің тізімін оқыды. Осылайша, Қазақстан Коммунистік ха­лық партиясының Х съезі өз жұмысын аяқтады. Съезд соңында оған қатысушылар Қазақстан Коммунистік халық партия­сының сайлауалды бағдарламасын бір­ауыз­дан қабылдады және заңнама талап­­тарына сай 22 адамнан тұратын үміткер­лердің партиялық тізімін бекітті. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.