Кеше Астанада Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) кезектен тыс Х съезі өтті. Оған партия хатшылары, ҚКХП Орталық комитетінің мүшелері, ұйымның облыстық, қалалық, аудандық комитеттерінің делегаттары қатысты. Жиында партияның Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына қатысуы туралы шешімі шығарылып, ұйымның сайлауалды бағдарламасы қабылданды және Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді.
Жиында сөз алған Қазақстан Коммунистік халық партиясының жетекшісі Владислав Косарев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Парламент Мәжілісінің сайлауын кезектен тыс өткізу туралы шешімі дер кезінде қабылданғанын айта келіп, ұйымның алға қойып отырған мақсат-міндеттерін атап көрсетті. «Қазақстан коммунистік халық партиясының алдында сайлау науқанын абыроймен өткізу міндеті тұр. Біздің партиямыздың басты міндеті – сайлаушылардың үмітін ақтап, елдің бірлігін нығайту мақсатында заң шығарушы органға жаңа құраммен тың идеяларды алып бару», – деді В.Косарев.
Сонымен қатар, спикер ұйымның басымдық беріп отырған бағыттарына тоқталды. «Біздің партия қоғамымызда өзіндік әлеуетке ие. Біз Мемлекет басшысының жүргізіп отырған салиқалы саясатын қуаттап әрі халқымыздың бірлігі мен ынтымағының нығая түсуіне атсалыса береміз. Сондай-ақ, біз алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына қосылу мақсатында батыл қадамдар жасап отырған елімізде іске асырылу үстіндегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың табысты жүргізілуіне өз үлесімізді қосқымыз келеді», – деді ол.
Одан әрі партия жетекшісі ұйымның негізгі идеялық ұстанымдарын сөз етті. «Біз сан ғасырлар бойы адамзаттың ойшылдарын Батыстың тұтынушы мәдениетіне қарсы жігерлендірген коммунизмнің жасампаз идеяларына берікпіз. Ғылыми коммунизм ұстанымдары тұрғысынан қарағанда, дағдарыс жаһандық және трансұлттық корпорациялардың басымдығын дәлелдейтін неолиберализм теориясының құлдырағанын көрсетеді», – деді В.Косарев.
Сонымен қатар, спикер қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отырған қаржы дағдарысы мен түрлі сын-қатерлерді атап өтті. Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары – дағдарысты еңсерудің кепілі. Сондай-ақ, ол елімізді кемел келешекке жетелейтін Ұлт Жоспарында қамтылған өзекті мәселелерді жүзеге асыру жалпыхалықтық іс екенін, осы орайда, қазақстандық халықшыл коммунистер де нақты жұмыстар атқаратынын атап өтті.
Сөзінің соңында В.Косарев өзінің партиялас әріптестерін алдағы сайлау науқанында белсенділік танытуға үндеді.
Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы Тұрғын Сыздықов өз кезегінде алдағы 20 наурызда өтетін сайлаудың маңызына тоқталды. «Біздің партиямыз өткен жылдардағы сайлау науқандарында мол тәжірибе жинақтай білді. Алдағы уақытта өткелі отырған сайлау науқаны партиямызға елеулі сынақ болғалы тұр. Біз халқымыздың үмітін ақтап, олардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік алу үшін сайлауға жоғары деңгейде дайындалып, белсене қатысуымыз қажет», – деді партия хатшысы.
Сонымен қатар, ол қазіргі таңда орын алып отырған әлемдік дағдарыс пен түрлі сын-қатерлерге лайықты тосқауыл қою үшін заң шығару орындарының белсенді іс-қимылдар жасап, қалыптасқан ахуалды дұрыс бағалай білуі керектігінің маңыздылығын сөз етті. Оның айтуынша, дағдарысты еңсеру үшін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын іске асыру қажет. Осынау бағдарламада атап көрсетілген міндеттерді абыроймен орындауға қазақстандық халықшыл коммунистер де өз үлестерін қосуға дайын.
Съезд барысында Тұрғын Сыздықов Батыс мәдениетінің келеңсіз тұстарын сөз ете келіп, рухани өмірімізге кері әсерін тигізіп отырған бірқатар түйткілдер тұрғысында әңгіме қозғады. «Батыс халықтары рухани дағдарыстың жағымсыз әсерін сезініп отыр. Рухани құндылықтарға қатысты түрлі көзқарастар белең алуда. Батыс мәдениеті, өмір салты бірінші кезекке материалдық құндылықтарды шығарды. Біз батыстық жөнсіз үрдістерге үзілді-кесілді қарсымыз», – деді Т.Сыздықов. Оның айтуынша, батыстық мәдениет пен өмір сүру салтынан туындап отырған көптеген келеңсіз әрекеттер, әсіресе, батыстық жастардың беталысы, олардың өмірге деген кейбір көзқарастары біздің қоғамымызға жат және өте зиянды.
Сонымен қатар, партия хатшысы Тұрғын Сыздықов Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ел алдына қойып отырған міндеттерін жүзеге асыруда Қазақстан Коммунистік халық партиясының бар мүмкіндігінше қызмет ететініне сендірді.
Съезде бірқатар делегаттар мінберге көтеріліп, партияның алдында тұрған ауқымды міндеттер жөнінде сөз қозғады және өз әріптестерін сайлау науқанына ауызбіршілікпен қатысуға шақырды. Олардың айтуынша, елімізде қолға алынып жатқан игі шаралардың барлығы да мемлекетіміздің дамуына өзіндік ықпалын тигізеді. Әсіресе, ел бірлігі, халық ынтымағы тұрақтылық пен орнықты дамуға кепіл бола алады. Олардың сөздеріне қарағанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау өткізу жөніндегі шешімі өте дұрыс болған. Өйткені, партиялардың халық тарапынан сенімнің жаңа мандатын алуы депутаттардың тың серпіліспен жұмыс істеулеріне жол ашады. Оның үстіне, сайлауда халқымыздың ынтымағы, бірлігі, саяси белсенділігі анық көрінуі тиіс.
Жиында Қазақстан Коммунистік халық партиясының хатшысы, бесінші шақырылым депутаты Жамбыл Ахметбеков Парламент Мәжілісіне үміткерлердің тізімін оқыды.
Осылайша, Қазақстан Коммунистік халық партиясының Х съезі өз жұмысын аяқтады. Съезд соңында оған қатысушылар Қазақстан Коммунистік халық партиясының сайлауалды бағдарламасын бірауыздан қабылдады және заңнама талаптарына сай 22 адамнан тұратын үміткерлердің партиялық тізімін бекітті.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.