03 Ақпан, 2016

Қоғамдық қабылдауда – кәсіпкерлер

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-590Кеше «Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде «Кәсіпкерлерге қамқорлық» акция­сы шеңберінде «Кәсіпкерлерді бірыңғай қабылдау күні» акциясы болып өтті. Шара барысында осы салаға ұмтылыс танытып жүрген азаматтардың сұраныс-тілектеріне жауап беру үшін «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-тың Астана қаласындағы аймақтық филиалының директоры Исламбек Қайырбеков қабылдау өткізді. Оған жеке бизнесін бастауға және әрі қарай жетілдіру үшін бірқатар қолдауды қажет ететін кәсіпкерлер өздерінің бұйымтайын айта келді. Олардың арасында өзінің бизнес мектебін ашқысы келетіндер, тігін шеберханасын кеңейтіп, арнайы техникалық жарақтарды сатып алуға және кеңселерді жалға алу үшін қаражат қарастыру бойынша кеңес сұрай келгендер де бар. Бұл ретте, қабылдауға келген Г.Танеке, С.Тоққазыұлы және А.Мұсабеков секілді кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыстарын жандандыруға қандай мүмкіндік бар екендігіне қанық болды. Қабылдау шеңберінде шағын және орта бизнес бағдарламасының негізгі тетіктері, оның шарттары мен міндеттері, аталған бағдарламаны жүзеге асыру барысында көтерілген проблемаларды шешу жолдарын іздеу және бизнесті қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, екінші деңгейлі банктердің несиелері бойынша сыйақы төлеу жүктемесін азайту, кәсіпкерлерді оқыту және бизнес-жоспарларын жасау туралы ақпараттар кеңінен айтылды. Жеке бизнесін бастауға ниетті Ақлима Құсайынова өзінің психология саласында көп жылдық еңбек өтілі бар екендігін және шетелде тағылымдамадан өткен маман ретінде рухани білім беруден бастап кәсіпкерліктің қыр-сырын үйрететін өзінің авторлық мектебін ашуға қаржылай көмек қажеттігін жеткізді. Бұл мәселеде жеке кәсіпкерге мамандар тарапынан бағыт-бағдар берілді. Ендігіде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасындағы талаптар негізінде көмек көрсетілетін болады. Жалпы алғанда, жоғарыда айтып өткеніміздей, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасында белгіленген көрсеткіштерге лайық болған адамдар бизнес бастауға мемлекеттік көмек ала алады. Айтар болсақ, кәсіпкерлер 16 пайызбен несие алатын болса, оның 7 пайызын мемлекет өтеп, қалған 10 пайызын кәсіпкер төлесе, керісінше, ауылды жерлерде, аудандар мен моноқалаларда бизнес тізгінін қолға алғандар үшін 16 пайыздық несиенің 10 пайызын мемлекет субсидиялайды. Сонымен қатар, кепілдеме мәселесі де оңтайлы жолға қойылып отыр. Акцияға қатысушы кәсіпкерлердің сұрақтарына нақты әрі толықтай жауап беріліп, олар алдағы жұмысына бағдар алды. Осылайша қарқынды түрде кеңес беру шарасын өткізген «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өткен жылы партияның барлық аймақтық және аумақтық филиалдарында кәсіпкерлік мәселесі бойынша 2 мыңнан астам азаматты қабылдаған. Ал биылғы жылдың өзінде қаңтар айының ішінде 150-ден астам азамат кеңес беру жұмысымен қамтылған. Сонымен қатар, өткен жылдың 13 наурызы мен 11 қыркүйегінде «Мықты бизнес – қуатты мемлекет» акциясы аясында «Нұр Отан» партиясының барлық қоғамдық қабылдау бөлмелерінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» акциясы өткен болатын. Аталған акцияға бес мыңнан астам азамат қатысты. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».