03 Ақпан, 2016

Жүрекке жететін, көңілге қонатын ерекше жиын

417 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
шармановШынында да, елордада Елбасы – «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетек­шілігімен өткен кезектен тыс құрылтай адамның көңілін сер­гітетіндей өте әсер­лі, ерекше бол­ды. Өйткені, онда қазіргідей дүниежүзілік дағдарыстың кезінде халықтың жүрегіне қонатын, алдағы уақытқа үміт артатындай ойлар айтылып, бастамалар көтерілді. Дағдарыс деп қарап отырмай, оған алаңдай бермей, оны ығыстырудың, оған қарсы тұрудың жақсы бір үміт дүниесін ұялатты. Ең бастысы, ол болашаққа емес, қазіргі күннің мә­селесін көтеріп, шешуге арналды. Тағы бір көңілге қонғаны – көрші, болмаса басқа алпауыт елдерге жалтақтамай, өзімізге сенім артып, өз мүмкіншіліктерімізді толық пайдалануымыз керектігіне екпін түсірілді. Мен соған қуан­дым. Сондай-ақ, съезде өнер, спорт, әсіресе, әлеуметтік салаға қатты мән берілуі көңіліме жақты. Әсіресе, Елбасы – партия Төраға­сының «...Байлық та, бақыт та, өмір де өз еліңде. Сырттан бақыт іздегеннің ісі баянды болғанын көргенім жоқ, қанша бай болсаң да қызықтың барлығы өз еліңде, өз бала-шағаңның жанында», деп қарапайым тілмен, әрі жеріне жеткізе айтуы бай болсын, кедей болсын, кез келген адамның жү­регіне жететін сөз болғаны күмәнсіз. Елбасы жария еткен, тарихымызда теңдессіз маңызы бар «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы, мемлекетіміздің «Ұлы Дала елі» аталуы, жуырда жарияланған Ұлт Жоспары – халқымыздың бүгінде биік рухымен жарқын ертеңіне қадам басуын айқындайды. Халық­тың игілігіне бастайтын Елбасының осындай үлкен бастамалары елімізде нақты істермен қолдау табуда. Мысалы, біз Қазақ тағамтану академиясында тұңғыш рет бие сүті негізіндегі 15-тен астам та­ғам өнім­дерінің технология­сын әзірлеп, арна­йы патенттерімен бір­ге өндіріске ұсы­нып отырмыз. Ұлы да­ла дүбірін бейнелеу мақсатында және шынайы ұлттық бренд ретінде оларға келесідей атау­лар бердік: Тай­­бурыл, Қазанат, Кербұға, Құлагер, Жорға, Сәй­гүлік, Құлыншақ. Бұл өнімдер абсолютті инно­вациялық өнімдерге жатады және Елбасының бүгінгі таңда экономикамызды ілгерілетуге бағытталған Ұлт Жоспарымен үндес келетін, іс жүзінде жүзеге асырылған, ауқымы кең, нақты шара ретінде бағалауға лайық дүниелер. Бие сүті негізінде әзірленетін жаңа өнімдердің айқын емдік-профилактикалық сипаты дә­лел­денген, мысалы, олардың құрамында сиыр сүтін өңдеуде пайда болатын, адамның денсау­лығына зиян келтіретін транс-май қышқылдары жоқ. Ұлттық бейнемізді айқындайтын, жан-жақты пайдасы мол осы өнімдерді жаппай қолданысқа шығару үшін мемлекеттің тарапынан қолдау көрсетіледі деген сенімдемін. Бие сүті негізіндегі жаңа өнім­дерді өнеркәсіптік көлемде өндіруге көшу және әлемдегі ерекше технологияларды алғаш енгізу – экономикамыздың қазіргі таңдағы үдемелі инновациялық-индустриялық бағдарламасына сай келетін тың шаралардың бірі және еліміздің азық-түлік нарығын алуан түрлі етуге, хал­қымыздың денсаулығын ны­ғай­тып, болашақтағы қарымын күшейтуге зор үлесін қоспақ. Соны­мен қатар, аталған жаңа өнімдер «Қазақстанда жасалған» деген мәртебелі таңбаны иеленуге аса лайық және отандық үздік өнімдердің қатарында ұлттық бренд ретінде болашақта елімізді халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Төрегелді ШАРМАНОВ, академик. АЛМАТЫ.