Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Жиында Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің шетелдердегі мекемелерінің қызметіндегі сыртқы экономикалық бағдарды күшейту мәселесі сөз болды.
Өз сөзінде Президент мемлекеттілікті қалыптастыру үдерісі Тәуелсіздік алған жылдары оңайға соқпағанын, ол тұста қазіргідей дипломатиялық қызметтің де тетігі бекімегенін жеткізді. Бұл ретте, министрліктің ширек ғасыр бұрын, ел үшін күрделі уақытта құрылғанын атап өтті.
«Бізде өзіміздің сыртқы саясатымыз, өзіміздің дипломаттарымыз болған жоқ. Себебі, халықаралық деңгейдегі дипломаттарды дайындау тәжірибемізде жоқ еді. Сондықтан, Кеңес Одағында қызмет атқарып жүрген қазақстандық дипломаттарды бір-бірден жинап, соларды алғашқы дипломаттар ретінде дайындықтан өткіздік», – деді бұл жөнінде Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның әлемнің 169 мемлекетімен дипломатиялық байланыс орнатқанын, шетелде 60 елшілік пен дипломатиялық өкілдік жұмыс істейтінін, олар 94 елді қамтитынын айтты.
«Қазақстанда өзге елдер мен халықаралық ұйымдардың 50-ден астам дипломатиялық миссиясы бар. Отандық дипломатия арқылы көптеген жаһандық өлшемдегі сыртқы саяси бастамалар жүзеге асырылды. Қазақстан тұңғыш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне үміткер болып отыр. Осыған байланысты достық қарым-қатынастағы елдердің қолдауына үміт артамыз», – деді Президент.
Елбасы отандық дипломаттардың үлесін атап өтіп, оларға елдің Тәуелсіздігін нығайтуға, сыртқы саясатты дамытуға бағытталған жұмыстары үшін алғыс айтты.
«Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде сіз бен біз ең алғашқы буын ретінде Қазақстанның Тәуелсіздігін орнықтыруға атсалыстық. Қазақстан деген мемлекетті дүниежүзінің картасына белгіледік. Ешуақытта болмаған жаңа институттарды, министрліктерді құрдық, шекарамызды шегендедік. Ішкі-сыртқы саясатымызды орнықтырдық. Сыртқы саясаттың жаңа үрдісін Қазақстанға алып келдік. Жасалған жұмыстарды, істелген істерді қарай отырып, сыртқы саясатқа сіздердің қосқан үлестеріңізді зор деп білемін. Сол үшін де ризашылығымды білдіремін», – деді Елбасы бұл орайда.
Жиын аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЕАЭО сияқты маңызды халықаралық бірлестіктердің бастамашысы болғанына да тоқталды.
«Елімізде осы ғасырда бірінші рет ЕҚЫҰ Саммиті мен ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы өткізілді. Осының бәрі біздің үлесімізге тиді. Аталған іс-шараларды өткізу еліміздің атын халықаралық аренада танытты. Сонымен бірге, алда тұрған міндеттердің маңызы да бұлардан кем емес. Атқарылған шаруаны бағалай отырып, алдағы қадамдарымыз туралы ойлану керек», – деді Президент.
Содан кейін Елбасы қазіргі уақыттың оңай емес екеніне назар аударды. Жақында ғана өткен партияның съезінде дүниежүзіндегі саяси-экономикалық ахуалға қандай баға беретінін айтқанын жеткізді.
«Сондықтан, алдымызда, әсіресе, дипломаттардың алдында тұрған мәселелерге айрықша мән беруіміз керек. Заманның қазіргі беталысы бізге басқа талаптар қоюда. Ендеше, дипломатиялық қызмет жұмысын жаңаша жүргізе отырып, жақсарта түсудің маңызы барлығымыз үшін өте зор», – деді Президент.
Бұл күнгі отырыста, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне шет мемлекеттердің кең ауқымда қатысуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды. Алқа мәжілісінде Қазақстан Президенті сыртқы саясат ведомствосының алдына бірқатар жаңа міндет қойды және нақты тапсырмалар берді.
Жиын барысында Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов сөз сөйлеп, ведомство елдің сыртқы саяси және сыртқы экономикалық мүдделерін одан әрі ілгерілетуге, Қазақстанның халықаралық беделін жүйелі түрде нығайтуға, өзге мемлекеттермен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға барынша күш салатынын жеткізді.
Бұл күні Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің, «Астана-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовтің, сондай-ақ Қазақстанның бірқатар елдегі елшілерінің баяндамалары тыңдалды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.