04 Ақпан, 2016

Сапалы сот корпусын қалыптастыру – уақыт талабы

482 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
DSC_6806Астана қалалық соты өткен 2015 жылы атқарылған жұмысын қорытындылаған алқа жиналысын өткізді. Жетістіктер туралы айтылды, кемшіліктер тілге тиек болды. Реті келгенде, Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес БӘРПІБАЕВТЫ әңгімеге тарттық. Сұхбатымыз Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласы төңірегінде өрбіді. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл бағ­дар­ла­­малық мақаласына бізді ізгі мұ­раттарға бастар іргелі құ­жат деп қараған жөн. Елбасы жа­ңа қазақстандық арманның мақсатымен бірге нақты жүзеге асырылу жолдарын айқындап берді. Сонау тәуелсіздік алған кезең­нен бүгінгі күнге дейінгі ширек ғасыр уақыт ішінде елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформаға Елбасы үнемі назар аударып, бағыт-бағдар беріп келеді. Аталған мақалада «Құқық тәртібі және заңдылық» деп аталатын үлкен бөлім сот жүйесін жетілдіру мен кемелдендіруге арналған. Үстіміздегі жылдың басынан бастап соттың құрылымы өзгерді. Бұл құрылым бұрын бес сатыдан тұратын болса, енді үш сатылық жүйеге көшті. Соттарға қойылатын талап күшейді. Судьялыққа үміт­керлерге қойылатын талап өсті. Бұрын жиырма бес жасқа келген азамат жоғары білімді болып, емтиханды тапсыра алса, үш айлық тәжірибеден өтіп, судья аталатын еді. Ендігіден былай бұл талап қатаңдатылды. Тәжірибеден өткен судья бір жыл еңбек етеді. Содан кейін бір жылға тағайындалады. Сол бір жыл ішінде оның қабілет-қарымы тағы сыналады. Білікті сот мамандары тарапынан баға беріліп, сенім артылған жағдайда, оны тұрақты судьялық қызметке тағайындайды. Елбасы бастамасымен Жо­ғарғы Сотта ірі инвесторлардың қатысуымен инвестициялық дау­ларды қарайтын алқаның және Астана қалалық сотында маман­дандырылған құрылымның құры­луы – сот жүйесіндегі үлкен жаңа­лықтардың бірі. Эко­номикалық өсімді қамтамасыз ету үшін мем­лекеттік құрылым мен шетелдік инвесторлар келісімі нәтижесінде елімізге қаражат құйылады. Аталған заңнама арқылы инвесторлар өздері құйған қаржының талан-таражға түспейтініне сенімді болады, заңның үстем болатынына көздері жетеді. Бұл еліміздің инвестициялық климатын жақсарта түседі. – Заң үстемдігін қамтамасыз ету реформасының мақсаты – сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, сот төрелігінің тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл мәселеге «100 нақты қадамда» ерекше көңіл бөлінген. Сот жүйесіндегі жетістіктер туралы не айтар едіңіз? – Конституцияда белгілен­гендей, біздің елімізде сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады. Тұрақты судьялардан тұратын соттың тәуелсіздігі Конституция және тиісті заңдармен қорғалады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми: «Бүгінгі күні елдің сотқа деген сенімі артты. Соттар жеке және заңды тұлғалардың өз мүдделерін қорғауға жүгінетін және әділетті шешім шығаратынына сенетін органға айналды» деген болатын. Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары бағдарламасы аясында сот жүйесіне сот қызметінің беделін, халықтың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған бірқатар тың талаптар жүктеп: «XXI ғасыр ұлт дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті, ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес. Біз «Қазақстан - 2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет» деген болатын. Олай болса, алдымызда тұрған жаңа мақсат-міндеттерді орындауда, жаңа белестерге жетуде жұмыла жұмыс істей беруге міндеттіміз. – Тілектес Ешейұлы, Жоғарғы Сот 2015 жылғы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындылары бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Жетістіктер айтылды, кемшіліктер сараланды. Астана қалалық сотының қызметіне қандай баға берілді? – Біздің атқарған жұ­мы­сымызды бағалаудың негізгі критерийлері статис­ти­калық деректер болып табылатындықтан, соған тоқталып өтейін. Астана қаласының аудан­дық соттары 2015 жылы 47 449 аза­мат­тық іс қарап, 31 356 шешім шығарып, 2014 жылмен салыс­тырғанда 6 352 іске немесе 16 пайызға артқан. Бұзылған және өзгертілген сот актілердің есебінен алғанда жалпы күші жойылған және өзгертілген сот қаулылары алдыңғы жылмен салыстырғанда 19% жақсарған. Есеп беру кезеңінде 31 481 әкімшілік іс қаралып, 9 049 іске немесе 24 % көбейді. 3 898 адамға қатысты 3 332 қылмыстық іс өндіріспен аяқталды, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 741 тұлғаға қатысты 721 іске артық. Сотталған 2315 адамның 607-і бас бостандығынан айыруға жазаланған, яғни жазаның қатаң­­дығы 26%. Астана қаласы соттарының үкімдерімен 45 адам коррупциялық қылмыс жасағаны үшін сотталған. 23 коррупциялық іс бойынша 26 кінәлі адамға жалпы сомасы 1 314 656 680 теңгеге айыппұл түріндегі жаза тағайындалып, оның ішінде орындалғаны – 1 287 755 680 теңге немесе 98%. 26 961 000 теңгеге тағайындалған жаза кейін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған. Өткен жылдың статистикалық деректеріне сүйенетін болсақ, бұзылған және өзгертілген сот актілердің есебінен алғанда қыл­мыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы 29 пайызға жақсарды. Ал, сіздің тікелей сұрағыңызға келетін болсақ, Жоғарғы Сот өткен жылғы жұмыс қорытындылары бойынша Астана қалалық сотының сот жүйесінде атқарылған жұ­мыстарына оң қорытынды берді. Әрине, мұндай баға бізге жоғары жауапкершілікті жүктейді. Жоғарғы Сот алдағы кезеңде соттардың жұмысын жоғары деңгейде қамтамасыз ету міндетін қойды. Сондықтан біздің ең басты мақсатымыз – сот төрелігін іске асырудың сапасын арттыру. – Қараған істері көбірек бұзылған, көбірек өзгертілген судьяларды атап өте аласыз ба? – «Сын түзелмей, мін түзел­мейді» дейді. Мінімізді түзетеміз десек, сынымыздың ашық бол­ғаны дұрыс. Астана қаласы судьяларының шамамен 30%-ын жас судьялар құрайды. Осы ретте жас судьялардың жұмысы сот төрелігін іске асыру сапасының жалпы көрсеткіштеріне әсерін тигізбей қойған жоқ. Мысалы, Сарыарқа аудандық сотының төрағасы М.Баркинхоев жаңадан тағайындалған судьялардың жұ­мы­сын қадағалау және оларға тәжірибелік көмек көрсету бойынша тиісінше жұмыс атқармаған, соның салдарынан судья А.Сарет­тің шығарған 28 сот актісі бұзылған және өзгертілген. Бүгінгі күні аты аталған адамдар сотта жұмыс істемейді. Осындай кемшіліктерді жою және олардың алдын алу мақ­сатында Астана қалалық соты жас судьяларды оқыту және бейімдеуге бағытталған тү­бегейлі шаралар қолданды. Оқу орталығының жұмысы қайта қаралды. Азаматтық және қылмыстық істер бойынша оқу бағдарламалары бойынша үйлестірушілердің мамандандырылуы енгізілді, тәлімгерлік институтының рөлі арттырылды. Жас судьяларға тәжірибелік көмек көрсету үшін тәлімгерлік кеңесінің жұмысына отставкадағы судьялар қатыстыру арқылы іс-шаралар жасалып енгізілуде. Судьяның көмекшісі туралы ереже жасалынды. Арнайы құрылған комиссия Астана қалалық сотының ішкі резервінен сот жүйесінде үш жылдан астам еңбек өтілі бар және Сот академиясын бітіргендердің арасынан мамандарды іріктеп, жас судьяларға көмекші ретінде белгіледі. Осы атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жас судьялардың сот төрелігін іске асыру сапасы бірталай жақсарды десе болады. Өзіңізге мәлім, қазіргі таңда Елбасы және Жоғарғы Сот сапалы судьялық корпусты қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударуда. Осы ретте көмекшілер институты сот корпусын өзінің жеке және іскерлік жағынан лайықты мамандардан қалыптастыруға ықпал жасайды деген ойдамын. Сонымен қатар, сот жүйесінің жұмысымен іштей танысу және қажетті тәжірибе алу үшін жақсы кәсіби мектеп болып табылады. Астана қаласы мамандан­ды­рылған ауданаралық сотта 2015 жылдың қорытындылары бойынша сот төрелігін іске асыруда судьялар Н.Ситникова мен А.Шолимованың көрсеткіштері төмен. Бұған бірден-бір себеп – аталған судьялар жүктелген міндеттерді тиісінше атқармайды, өздерінің кәсіби дәрежесін арт­тыруға ешбір шара қолданбайды және тиісінше қорытынды жасамайды. Сондықтан Сот жюриіне олардың судья қызметіне сәйкестігі туралы мәселе қойылады. – Сот төрелігін жүзеге асы­рудың тиімділігіне татуластыру рәсімдері кіреді. Яғни, медиация. Елордалық соттардың осы бағыттағы жұмысы жөнінде не айтар едіңіз? – Дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолдану арқылы шешілген істердің саны едәуір артты. Медиацияны қолдану арқылы 735 іс қысқартылған, 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда осы негіздер бойынша 234 іс қысқартылған, яғни 501 іске ұлғайған немесе 214,0 пайызды құрайды. Егер судьялар дауды татуластыру рәсімдерін қолдану арқылы шешу құқығын тарап­тарға тиісті деңгейде түсіндірсе, онда көрсетілген татуластыру рәсімдерінің санын ұлғайтуға болатын еді. Сондай-ақ, 2015 жылда осы негіздер бойынша жоғары сот сатыларында 74 сот актілерінің бұзылуына жол бермеуге болатын еді. – Тілектес Ешейұлы, елорда соттарының өткен жылды қорытындылаған жиналысында біраз мәселе айтылды. Жетістіктер де, кемшіліктер де сараланды. Алда тұрған міндеттер туралы не айтасыз? – Қолданысқа енгізілген Азаматтық процестік кодекс­те көзделген Жоғарғы Сот алқасының кассациялық сот актісін қарауы апелляциялық тәртіпте сот төрелігін жүзеге асы­руды жаңа деңгейге көтеріп, судьялардың жауапкершілігін арттырады деп ойлаймын. Алқа төрағалары апелляциялық соттың жұмыс сапасын жоғарылатуға бағытталған іс-шаралар әзір­леу қажет. Қолданыстағы заң нор­маларының дұрыс қолданылуы және оны түсіндіру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы керек. Сондықтан, алқа төрағалары сот төрелігін іске асыру бойын­ша өздерінің міндеттерін қай­­та қарап, жаңа Азаматтық про­цестік, Қылмыстық іс жүргізу кодекстерінің ережесін зерделеп, дұрыс қолдану тәжірибесін қалыптастыру керек. Кейбір категориядағы істер бойынша талдау төмен немесе мүлдем жүргізілмейді. Сот төрағалары мұндай талдау жүр­гізуді ұйымдастырмайды. Соттың жұмыс жоспарына енгізіл­гені­мен, талдау нәтижесі бойынша дайындалған анықтамада заң нормаларын қолдану жөнінде проблемалық мәселелер мен ұсы­ныстар көрсетілмейді. Сот төрелігін іске асыру сапасын жақсарту үшін осы бағыттағы жұ­мысты жандандыру қажет. Алдымызда тұрған таяу ара­­дағы үлкен міндеттің бірі – Парламент Мәжілісіне және жергілікті мәс­лихаттарға депутаттарды сайлау науқаны. Осыған байланысты Ал­қа және соттардың төрағалары ұйымдастырушылық жұмыстарын өткізіп, жауапты судьяларды анық­тап, туындаған дауларды қарау практикасын зерделеу қажет. Сот төрағалары осындай істердің қа­ралу мерзімін, материалдық және процессуалдық құқық нормаларын дұрыс қол­дануды бақылауға алула­ры тиіс.  Әңгімелескен Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан».