04 Ақпан, 2016

Құрылыс қарымы қарқынды

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
19 мкр. уйКенді Алтай өңірінде қаржылық дағ­дарыс қыспағына қарамай құрылыс қар­қынды жүргізіліп келеді. Ілгерілеген іл­кімді салалардың біріне, әсіресе, тұрғын үй құрылысын жатқызуға болады. Бүгінде Ақ Ертістің сол жағалауына ерекше келбет берген жаңа шағын аудан облыс орталығының заманауи көркіне баланады. Қазірдің өзінде 19-шағын ауданда пайдалануға берілген әсем әрі еңселі үйлер мен олардың етегін баса мойны сорайған алып крандардың қозғалысы мен жүк көліктерінің толассыз ағынын, әрине, ең бастысы, құрылысшылардың қажырлы қолымен әп-сәтте жаңа баспаналардың пайда болатынын көріп, отандық экономикада дағдарыс болып жатыр дегенге әсте сенгің келмейді. Өңірдің ірі қалаларының бірі Семейде де тұтас шағын аудандар салынуда. Таяуда Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов аумағы 147 гектарды құрайтын «Қарағайлы» аталатын жаңа шағын ауданда жалпы көлемі 541 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтеретінін айтқан болатын. Бұл ауданда қазір жер телімдері бөлініп, қажетті коммуникация көздерін тартуға қаражат көздері қарастырылып жатыр. «Қарағайлы» шағын ауданында 720 орындық физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі салынуда. Оның жанында 120 орындық шағын жатақхана бой көтермек. Сондай-ақ, медицина университетінің әкімшілік ғимараты мен жеті жатақханасы, қазақ-түрік лицейі, балаларға арналған оңалту орталығы және 240 орындық балабақша аталған ауданда орналасатын болады. Өткен жылы Семейде 11 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілсе, жыл соңына дейін тағы екі үйдің құрылысы аяқталмақ. Жалпы алғанда, 2015 жылы бұл шаһарда 80 мың шаршы метр баспана тапсырылыпты. Жыл басында ғана Глубокое ауданының орталығында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 100 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – Глубокое кентінде соңғы 20 жылда алғаш бой кө­терген көппәтерлі тұрғын үй екен. Облыс­тағы тұрғын үй құрылысының жақсаруы қарапайым тұрғындарға, әсіресе, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған балалар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, мелекеттік қызметшілер және жас мамандардың баспаналы болуына даң­ғыл жол ашып отыр. – Мен балалар үйінен кейін бұл пәтерді 8 жыл күттім. Ер жетіп қалған екі балам бар. Солардың бағына орай, кең әрі жарық үш бөл­мелі пәтерге қол жеткіздім, – дейді үйлі бол­ған жандардың бірі Наталья Шпиль­кина. Баспана – басты мәселе. Бүгінгідей ал­мағайып заманда тоқтаусыз жүріп жатқан тұрғын үй құрылысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында кейінге шегермеген маңызды әлеуметтік міндеттерінің бірі екені анық. Осылай деген глубокоелік көпбалалы ана Лина Матаева баспаналы болған қуанышымен бөлісіп, Елбасына жергілікті тұрғындардың атынан алғыс айтады. – Бұл құрылыстың барлығы Президент Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде шы­ғысқазақстандықтардың әл-ауқатын арт­тыру бағытында салынуда. Біз халықтың игілігі үшін сапалы әрі қажетті нысандарды құруға тырысамыз, – дейді облыстық құры­лыс, сәулет және қала құрылысы басқар­масының басшысы Мәди Отарбаев. Айта кеткен абзал, шығыс өңірінде өткен жылы 64 әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысан құрылысы жүргізілді. 12,6 млрд. теңге қаржыға жүргізілген нысандардың 46-сы пайдалануға берілді. Оның ішінде 25 білім беру, 12 денсаулық сақтау, 3 спорттық және 3 мәдени нысан бар. Биыл қалған 18 нысанның құрылысы жалғасады. Облыс көлемінде құрылысы ұзаққа созылған нысандардың мәселесі толығымен шешілді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы.