Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімін тіркеді.
«Сіздердің назарларыңызға «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы жобасы ұсынылып отыр, – деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов құжат жобасымен таныстыра келіп. – Қолдасаңыздар, қаулы бойынша «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімін бүгін тіркейміз. «Нұр Отан» партиясының партиялық тізімі бойынша тіркелген Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға куәлік беріледі. Партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. «Нұр Отан» партиясы атауы сайлау бюллетеніне енгізілетін болады». Бақыт Мелдешовтің хабардар етуінше, «Нұр Отан» партиясы ОСК-ға толық құжаттарын тапсырған. Партиялық тізімге енгізілген азаматтардың Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңына сәйкестігі еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арқылы тексерілген. Аталған ведомстволар берген ақпараттар бойынша партиялық тізімдегі азаматтардың барлығының да заңнамаға сәйкестігі анықталған. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы және мүлкі туралы декларациялары салық органдарының анықтамаларымен расталған. Ал сайлау заңнамасы бойынша «Нұр Отан» партиясы жарна төлеуден босатылады. Өйткені, 2012 жылы өткен Мәжіліс сайлауында «Нұр Отан» партиясы 7 пайыздан көп дауыс жинады. Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулыны бірауыздан қабылдаған соң, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметовке ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттың куәлігін тапсырды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясынан партиялық тізімге енгізілген Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың барлығының куәліктері де А.Мырзахметовке берілді. «Нұр Отан» партиясының партиялық тізіміндегі 127 кандидаттың ішінде жеті ұлттың өкілі бар. Олардың 23 пайыздан астамы әйелдер болып келеді. Партияның партиялық тізіміне енгізілген кандидаттардың 60 пайызға жуығы 55 жасқа дейінгілер, олардың ең жасы – 26 жаста. Партия ұсынған 33 кандидат Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Кандидаттар арасында, сондай-ақ, ғылым, мәдениет және білім саласының қайраткерлері, белгілі спортшылар, коммерциялық құрылымдардың, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметкерлері де бар. Күнтізбелік жоспарға сәйкес саяси партиялардың тізімдерін тіркеу ағымдағы жылғы 19 ақпанға дейін жалғасады, ал 20 ақпаннан бастап тіркелген партиялар үгіт жұмысына кірісе алады. «Бүгін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы «Нұр Отан» партиясының Мәжіліске ұсынған кандидаттарының тізімін бекітті, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Комиссия отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында. – Енді жақын күндері сенімді өкілдердің тізімін тіркеу үшін сайлау комиссияларына ұсынатын боламыз. Бүгінгі тіркеу біздерге сайлау қорларын, арнайы есепшоттар ашуға мүмкіндік береді. Жалпы, бүгінгі таңда осы сайлау науқанына байланысты «Нұр Отан» партиясының арнайы бекітілген жұмыс жоспары Орталық сайлау комиссиясының кестесіне сәйкес уақытылы және толыққанды атқарылып жатқанын атап өткім келеді». А.Мырзахметов партиялық тізімге енген 127 кандидаттың барлығын бүгін Орталық сайлау комиссиясы тіркегенін де атап өтті. Сонымен қатар, ол журналистердің боксшы Геннадий Головкиннің партиялық тізімге енуіне байланысты сауалына да жауап қайтарды. «Бұл жерде ешқандай заң бұзушылық жоқ, – деді осы жөнінде партия Төрағасының бірінші орынбасары. – Геннадий Головкин Қазақстан Республикасының азаматы. Ол жиындар мен жаттығулары үшін шетелде жүрсе де, оның партиялық тізімге кіруіне еш тосқауыл жоқ, Г.Головкинді партиялық тізімге кіргізер алдында заңгерлер бұл мәселені жан-жақты зерделеді. Заңгерлер Қазақстан Республикасының заңнамасының, оның ішінде сайлау туралы заңнаманың қандай да бір бұзылу белгісін таппады». Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».Шымкентте университет ректоры 28,5 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді
Жемқорлық • Бүгін, 10:07
БҚО-да жедел жәрдем мен патрульдік көлік соқтығысты
Аймақтар • Бүгін, 09:25
Көкшетаудағы дүңгіршекте тышқандар самса жеп жүр
Аймақтар • Кеше