ҚОСТАНАЙ. 4 ақпан. Қостанайлықтардың жергілікті жаңалықтарды алғаш теледидардан көріп, тыңдағанына 25 жыл толды. Қазір бұл арна «Қазақстан» телеарнасының Қостанай облыстық филиалы болып саналады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Осыдан ширек ғасыр бұрын ақпан айының басында облыстық телеарна аймақ жаңалықтарын көрермендерге тарата бастап еді. Ол кезде жабдықтар да қуатсыз, бүгінгідей сандық жабдықтар мен компьютер болмайтын. Дегенмен жас ұжым бар мүмкіндікті тауып, уақытпен бірге есейді.
Облыстық «Қазақстан-Қостанай» телеарнасы директорының орынбасары Күлтай Абдрахманова: «Осы уақыт ішінде жергілікті телеарна өсу үстінде болды. Қазір эфирге 34 авторлық бағдарлама шығады. Бүгінде мерейтойға байланысты телеарна медиажоспар жасады. Сол бойынша аудандарды аралап, кездесулер өткіземіз, игі ісер туралы хабарлар жасаймыз. Мерейтой жазда Баспаөз және байланыс қызметкерлері күнімен бірге тойланатын болады», – деді.
Облыстық телеарна журналистика кадрларының ұстаханасы десе де болғандай. Осы телеарнада қызметін бастаған Еркін Мұхаметжанов, Дамир Айдаров, Дәуренбек Әбдібек, Анна Рахманова, Заңғар Санай, Мағауи Қалиев, Айбек Кәдірұлы сынды қаламы жүйрік журналистердің есімі бүгінде республикаға белгілі. Қазір де шығармашылық ұжым бастамашыл, еңбекқор, талантты жастармен толыққан.
Нәзира Жәрімбетова.
Дерек, сурет: egemen.kz.