05 Ақпан, 2016

Қабаттасқан қайшылықтар қақтығысы

222 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

дагдарыс-1Мемлекеттік қарыз көбейіп барады

Әлемде қарызға күн көретін мемлекеттер баршылық. Алайда, қарызға өмір сүрудің көкесін АҚШ көрсетіп отыр. Өткен жұмада АҚШ өкіметі мемлекеттік қарыздың 19 триллион доллардан асқандығын ресми түрде мәлімдеді. «АҚШ қаржы министрлігінің жарыққа шыққан соңғы есебі бойынша, президент Барак Обаманың әкімшілігі 19 триллиондық бұл межені өткен жұмада алды, деп жазады The Washington Times. Яғни, өткен жұма күнгі Американың мемлекеттік қарызы 19,013 триллионды құрады. Оның 13,7 триллионы жеке тұлғалардың, сонымен бірге, жергілікті және шетел кор­пора­цияларының қолындағы public debt деп аталады. Мемлекеттік қарыздың қал­ған бөлігі ішкі мемлекеттік қарыздар болып есептеледі. The Washington Times газетіндегі мақа­лада атап көрсетілгендей, Обама президенттік билікке кіріскен кезде АҚШ-тың мемлекеттік қарызы 10,6 триллион долларды құрапты. Ақ үйде билік құрған 7 жыл ішінде Обаманың әкімшілігі бұл қарызды 8 триллионнан астам долларға арттырған. Президент әкімшілігі мемлекеттік қа­рыз­дың сағат сайын шарықтап бара жатқандығын көре отырып, әкімшілік жобаларға жұмсалатын шығынды 1 центке төмен­детуді ойлап көрмеген екен. Сонымен бірге, АҚШ Конгресінің бюджеттік басқармасы мемлекеттік қарыздың одан әрі өсетіндігін ашық мәлім­деп отыр. Республикалық партия өкілдері мемлекеттік қарыздың осыншама өскендігіне тікелей президент коман­дасының ысырапшылдық саясаты кінәлі екендігін атап көрсетеді. Керісінше, Ақ үй бұл кінәні мойындаудан бас тартып, мемлекеттік қарыздың жылдан-жылға кө­бейіп бара жатқандығы республикашылар партия­сы өкілдері президент болған кезде жіберілген экономикалық ысырап­шылдық салдары екендігін алға тартады. Қалай болғанда да, жаһандық экономиканың көшбасшысы саналатын АҚШ-тың доллар тетігі қолда екен деп, мемлекеттің қарызға өмір сүруін осыншалықты деңгейге көтергендігі ақылға қонымсыз.

дагдарыс-2Мұнайға деген сұраныс артады

Күнделікті экономика және қаржы жағдайымен танысуға қызығушылық танытатындарды мұнай бағасы толғандыратындығы хақ. Ал бүгінде әлемнің экономика және қаржы ахуалы екінің бірін алаңдатып отырғаны анық. Осы орайда әлемдік мұнай рыногының шикізатпен қаншалықты қамтамасыз етілгендігі және осы рынокқа Қытай экономикасының қаншалықты ықпал ететіндігі бірінші кезектегі мәселе болып отыр. OilPrice сайты осы мәселелерге байланысты сұрақтар төңірегінде бірқатар зерттеу жұмыстарын жарыққа шығарды. Осы зерттеу қорытындысы көрсетіп отырғанындай, 2015 жылы рыноктағы нақты шикізат сұраныстан 1,94 миллион баррель жоғары болған. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 2 есе жоғары. Сонымен бірге, өткен жылы мұнай өндіру көлемі Солтүстік және Латын Америкасында 4 пайызға, Ресей және Каспий аймағы елдерінде 1 пайызға, Солтүстік теңізінде 2 пайызға, ОПЕК елдерінде 3 пайызға артқан. Мұнай өндіру көлемінің сұраныстан жоғары болуы әлемдік рынокта оның бағасының күрт құлдырауына әкеліп соқтырды. Соған қармастан Сауд Арабия­сы, Ирак және АҚШ өткен жылы мұнай өндіруді барынша арттырып, өзара бақ­таластық бәсекесіне түсті. Сөйтіп, 2015 жылы Сауд Арабиясы мұнай өндіру көлемін 3 пайызға, Ирак 20 пайызға және АҚШ 10 пайызға арттырды. Өткен жылдың 9 айы ішінде алғаш рет рыноктағы мұнай көлемі нақты сұраныстан тәулігіне 1,8 миллион баррельге артты. Мамандардың айтуынша, биылғы жылы мұнай өндіру көлемі нақ өткен жылғыдай жоғары деңгейде болмауға тиіс. Қазірдің өзінде кейбір жерлерде мұнай өндіру көлемінің төмендегені байқалады. Мәселен, АҚШ-тың мұнай шикізатына ең бай 7 кен орнында оны өндіру көлемі 4-ші тоқсанда тәулігіне 300 мың баррельге дейін азайған. Сарапшылардың болжамы бойынша, ол ақпан айында тағы да тәулігіне 100 мың баррельге дейін азаятын болады. Болжам бойынша, АҚШ-та 2016 жылы мұнай өндіру орта есеппен тәулігіне 8,7 миллион баррельді құрамақ. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен тәулігіне 700 мың баррель аз өндіріледі деген сөз. Сонымен бірге, биылғы жылы Ресейде де, Солтүстік теңізінде де мұнай өндіру кө­лемі шамалы болса да кемитін көрінеді. Сарапшылар бірауыздан мойындап отырғанындай, тек ОПЕК ұйымы ғана мұнай өндіру көлемін азайтуға үзілді-кесілді қарсы. Атап айтқанда, Эр-Рияд бұл бағыттан таймайтындығын танытып отыр. Мұнай бағасының күрт құлдырауы Сауд Арабиясының экономикасына бұрын-соңды болмаған ауыртпалықтар әкелді. Соған қарамастан Эр-Рияд ОПЕК ұйымы бойынша мұнай өндіру көлемін ешқандай азайтуға жол беретін емес. Болжам бо­йынша, биылғы жылдың бірінші жартысында мұнай рыногында шикізат көлемі сұраныстан артық болады. Тек үшінші тоқсанда рынокта мұнайға деген сұраныс артатын болады. Дегенмен, жалпы жыл қорытындысында мұнай рыногында өнім сұраныстан тәулігіне 0,8-1,5 миллион баррель жоғары болмақ. Солай бола тұса да, биылғы жылы Қытайдың мұнайға деген сұранысы жыл бойы жоғары болады. Өткен жылы ҚХР-дың әлемдік рыноктағы мұнайға деген сұранысы 4,8 пайызға артқан. 2015 жылы Қытай мұнай қоймаларын арзан шикізатпен толтыру үшін импорт көлемін 9 пайызға арттырған. Үстіміздегі жылы Қытай эко­­но­ми­ка­сы­­ның өсімі 6,3 пайызға дейін, ал 2017 жылы 6 пайызға дейін төмендейтін көрінеді. Мамандардың айтуынша, Аспан-асты елінің экономикасы өсімінің төмендеуі мұнайға деген сұранысты азайтпайды. Мәселен, өткен жылы ҚХР-да автокөліктер сатылымы барлық болжалынған межеден едәуір асып түскен. Осыған байланысты бензинге деген сұраныс биыл да жоғары болады. 2016 жылы ҚХР экономикасының сұранысы 600 миллиард долларға дейін артады. Мамандардың есебі бойынша, биылғы жылы Қытайдың мұнайға деген сұранысы тәулігіне 11,32 миллион баррельге дейін артатын көрінеді. Бұл өткен жылғы көрсеткішінен тәулігіне 406 мың баррельге көп. Соған байланысты бұл елдің мұнай импорты қазіргі тәулігіне 7,3 миллион баррельден тәулігіне 7,14 миллион баррельге дейін өседі деп күтілуде.

дагдарыс-3Facеbook акциялары еселей қымбаттады

Facebook әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Марк Цукерберг әлемдегі ең бай адамдар рейтингі бойынша 4-ші орынға шықты. Оның компаниясы 4-ші тоқсанның есебін жариялап, акцияларының бірнеше есе өскенін көрсетті. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады. Бүгінгі таңда Цукербергтің байлығы 50 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш бойынша ол Amazon ком­паниясының иесі Джефф Безості (49,1 миллиард АҚШ доллары) және Movil SAB компаниясының басшысы Карлос Слимді (49 миллиард доллар) басып озды. Мамандардың есебінше, жыл басынан бері Amazon компаниясы 10,6 миллиард доллар, Movil SAB компаниясы 3,3 миллиард доллар қаржысынан айырылған көрінеді. Қазір әлемдегі ең бай адамдардың алғашқы үштігіне Microsoft-тың негізін қалаушы Билл Гейтс, испаниялық Inditex ритейлерінің басшысы Амансио Ортега және инвестор Уоррен Баффет кіреді. Цукерберг биылғы жылдың басында өз байлығын барынша еселеген бірден-бір миллиардер болып отыр. 2016 жылы Facebook акциялары 9,5 пайызға бірден көтерілген. Бұдан бұрын Facebook алғаш рет тоқсандық есепте 1 миллиард доллар көлемінде табыс тапқан болатын-ды. Осыған байланысты 2015 жылдың 4-ші тоқсанында компанияның таза табысы 1,56 миллиард долларға дейін артты. Мамандардың есебі бойынша, Facebook компаниясының кірісі 52 пайызға артқан. Яғни, бұрынғы 3,85 миллиард доллардың орнына 5,84 миллиард долларды құраған. Сарапшылардың бұл саладағы орташа болжамы 5,37 миллиард доллар болған еді. Facebook-тың табысының 80 пайызы мобильдік қондырғылардан түсіп отыр. Facebook әлеуметтік желісінің белсенді қолданушылары өткен жылдың 4-ші тоқ­санында 1,59 миллиард бірлікті құрады. Бұл бұдан бұрынғы тоқсандағы көрсеткіштен 2,6 пайызға жоғары. Аталмыш әлеуметтік желіні қолданушылар қатары алдағы уақытта да көбейетіндігіне сарапшылар үлкен сенім білдіріп отыр. Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».