Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Нұрлан Қасымов:
«Адам денсаулығы сақтандырылса, жауапкершілік те артады...»
– Нұрлан Қаукенұлы, Парламент «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобасын мақұлдады. Екінші рет келіп тұрған жаңашылдықты тұрғындар қалай қабылдайды деп ойлайсыз?..
– Бұл жүйе әлем елдерінің тәжірибесінде бар. Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында осы міндетті медициналық сақтандыру мәселесі айтылды. «Тұрғындардың денсаулығын сақтау саласындағы басты міндет – міндетті медициналық сақтандыруды енгізу. Арқаулық медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетуде жеке сектордың үлесін ұлғайту есебінен бәсекелестік орта кеңейеді және денсаулық сақтау қызметінің сапасы артады...» деп атап көрсетті.
Әрине, жалпы, бізде медициналық сақтандыру туралы әлі де дұрыс түсінік қалыптасып үлгермеген. Медициналық сақтандыру деген, қарапайым тілмен айтқанда, халықтың денсаулығын қорғау. Яғни, қорға жиналған қаражат есебінен азаматтардың тегін медициналық көмек алуына кепілдік береді. Барлық деңгейде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тегін денсаулық сақтаудан медициналық сақтандырудың айырмашылығы осында. Бізде әрбір адамның денсаулығына мемлекет жауапты. Ал жұмыс берушіге жүктелер жауапкершілік жоқ. Мысалы, мемлекет тек балалардың, зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі жандардың, әскери қызметкерлердің денсаулығына жауапты болуы тиіс.
– Медициналық сақтандыру не үшін керек дегендерге не дейсіз?..
– Еуропа елдерінде науқастардың дертін ерте кезінен анықтап, емдеу ісі қолға алынғалы қашан. Халық жиі медициналық тексерулерден өтеді. Біздің денсаулық сақтау саласы да осы мақсатқа жетпекші. Міндетті медициналық сақтандыру әрбір тұрғынды медициналық сақтандырумен қамтамасыз етеді. Бұл ең алдымен адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін арттырады.
– Ал емханалардағы ұзын-сонар тізбектелген кезек мәселесін қайтеміз?..
– Қазір кезек мәселесі жөнделе бастады. Науқас үйден шықпай-ақ электронды түрде немесе телефон арқылы емханаға жазылып, дәрігерді шақыра алады. Бұрын көпшілік телефонның бос болмайтынын айтып, шағымданатын. Бұдан былай мұндай мәселе орын алмайды. Көпарналы ID диспетчерлік қызметтері ұйымдастырылуда. Емделушілердің электронды амбулаториялық картасы жасалынуда. Алдағы уақытта облыс орталығында электронды амбулатория картасын енгізу жоспарда тұр. Екібастұз, Ақсу қалаларының емханалары мен аудандық ауруханаларды да электронды жүйеге көшірмекпіз.
– Жан-жақтан көшіп келушілер саны артты. Облыс орталығындағы емханалардың тұрғындарды қабылдау мүмкіндіктері азайған болар?..
– Облыс орталығында қосымша №3 емхананы іске қостық. Емханаларда интернет арқылы тіркелу жүйесін де енгіздік. Кез келген тұрғын облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми сайтына кіріп, өзіне қолайлы уақытты таңдап, дәрігердің қабылдау кезегіне жазыла алады. Бүгінде өңірдегі 373 емхана, ауруханалар тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін 2 мыңнан астам дәрігер, 5 мыңнан астам орта медициналық қызметкерлер тынымсыз еңбек етуде. Өкінішке қарай, өңірде қан айналым жүйесі мен қатерлі ісік ауруларынан болған өлім-жітім азаймай тұр. 2014 жылы қан айналым аурулары бойынша 72 мыңнан астам павлодарлық тексеруден өткен. Қазір эндоскопиялық, биохимиялық, бактериологиялық зертханалар мен кейбір амбулаторлық көмек көрсету қызмет түрлері орталықтандырылды. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық негізі жаңартылды. 400 миллион теңгеден астам қаржыға 231 құрал-жабдық бірлігі сатып алынса, «350 дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар құрылысы» атты мемлекеттік бағдарлама аясында 7 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды. Облыстық диагностикалық орталықты қалалық емханалармен байланыстыратын медициналық ақпараттық «Инфомед», «АИС» бағдарламалары енгізілді.
– Ал отбасылық дәрігерлер қажеттігі қандай?..
– Алғашқы медициналық көмек көрсетудің ең тиімді жолы осы. Науқастардың дені тұмау, суық тию, қан қысымы, бронхитпен ауыратындарын ескерсек, осы кезде отбасылық дәрігерлер үй жағдайында емделу жолдарын белгілеп, қажетті ем-домды жасайды. Учаскелік бөлімше дәрігерлеріне жеңіл. Мысалы, қазір бір учаскелік дәрігерге шамамен 5 мың адамнан келеді екен. Қазір санитарлық көмекті қаржыландыру өзгерді. Жан басына шаққандағы норматив қала тұрғындары үшін 642 теңгені, ал ауылдықтарға 1479 теңгені құрайды. Бір емханада 50 мың адам тіркеуде тұрса, аталған көрсеткіштер тіркелген тұрғындар санына көбейтіледі. Емхананың қазынасына түсетін қаржының көлемі анықталады.
– Ауыл медицинасы жаңашылдықтарға ілесе алуда ма?..
– Әрине. Облыс орталығында, Екібастұз, Ақсу қалаларында ультрадыбыстық машина, рентген, зертхана, стоматология құралдарымен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер бар. Басқарма бекіткен кестеге сәйкес, көктем, күз кезінде ауылдарды аралайды. 2012 жылдан бастап «Санитарлық авиация әуе көлігі» жұмысын бастады. Аудан орталықтарында ұшақ, тікұшақ қона алатын алаңдар жасалды. Санитарлық авиацияның жедел көмегімен 467 науқас облыс орталығына жеткізілді. Қазір өңірдегі 70 санитарлық көлікке GPS-навигатор орнатылды. Әр көлікте ұялы телефон бар. GPS жүйесіне қосылған осы 70 көліктің 30-ы – ауылдарда. Биылғы жылы облыстық бюджеттің қаржысы есебінен 30, ал республикалық қазынадан бөлінетін қаржыға тағы да 7 көлік сатып алуды жоспарлап отырмыз. Өткен жылы дәрігерлеріміз жылжымалы медициналық кешенмен 300-дей ауылды аралап, 37 мың адамға диагностикалық зерттеулер жасап, 26 мыңнан астам адамға кеңестер берді. Медициналық тексеруден 29,678 ауылдықтар өтті. Телемедицина технологиясы дамытылып, ауыл тұрғындарына кеңес беріледі. Облыс орталығына келіп жүрулері азайды.
– «Дипломмен – ауылға!» жобасы қалай жүзеге асырылуда?
– Бүгінде өңірде дәрігер мамандарға қажеттілік бар. Жыл сайын шамамен 120 дәрігер қажет болса, зейнетке шыққан дәрігерлер орнын жас мамандармен толықтырудамыз. Облыста медицина саласында отбасымен бірге қызмет етіп жүрген 20-ға жуық дәрігерлер әулеттері тұрады. Ауруханалардың бас дәрігерлері Астана, Қарағанды, Семей қалаларындағы медициналық университеттерге барып, студенттермен келісімшарт жасайды. Жас дәрігерге 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме ақы беріледі, жергілікті билік тарапынан да қаржылай жәрдем көрсетіледі. Ауылға барған дәрігерлерге баспана, пайызсыз несие қарастырылған. Былтыр облысымызға 130 жас дәрігер келсе, оның 35-і ауылдарда қызмет жасап жүр. Тіпті, «Жас дәрігер мамандардың құрылтайын» да өткіздік. Денсаулық сақтау саласында реформаларды табысты жүзеге асыру үшін менеджмент және маркетинг принциптерін енгізу, денсаулық сақтау мекемелерін басқарудағы экономикалық және әлеуметтік-психологиялық әдістерді қолдану қажеттігі туындады. Қазіргі күні біздің 50 дәрігеріміз менеджерлік білім алды. Біздің дәрігерлердің шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасуына және медицинасы дамыған елдерге оқуға баруына да жағдай жасалған. Мысалы, облыстық ауруханаға неміс ғалымы, белгілі профессор Хенни Хойман, Қытай дәрігерлері арнайы келіп, шеберлік сыныптарын өткізді.
– Нұрлан Қаукенұлы, 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының орындалу барысы қалай болды?..
– Бағдарлама еліміздің денсаулық сақтау саласының басты мақсаттарын орындауда жетiстiктерге жеткізді деп ойлаймын. Енді 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы жүзеге асырылмақ. Елбасы Жолдауларында денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмалар берілуде. Облыс орталығында онкологиялық диспансер салу да күн тәртібінде тұр. Денсаулығына байланысты арнайы кезекте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамту да жетілдірілуде. Облыс орталығында пайдалануға берілген өңірлік кардиологиялық орталықта бір жылдың ішінде 3 мыңға жуық науқастың жүрегіне ота жасалады. Жергілікті кардиологтар осыншама адамның өмірін сақтап қалды деген сөз. Бұл орталық елімізде алғашқы болып құрылған, республика бойынша қазіргі уақытта, жалғыз кардиологиялық кластер. Осыдан екі жыл бұрын буындарға эндопртездеу отасын жүргізу үшін науқастар республикалық орталық клиникаларға баратын, қазір жамбас пен тізе буындарын алмастыру отасын облыс дәрігерлері өздері жасайды. Бұл денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамытуға, медициналық кадрлардың әлеуетін арттыруға және медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға бағытталған іс-шаралардың нәтижесі. Халықтың денсаулығын жақсартып, әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған реформаның тиімділігі дейміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.