Жақында Жастар театрында Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының шешімімен Жастар театрының директоры болып тағайындалған Ернар Жұматаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
Мұнан соң өмірден ертерек озған талантты жазушы Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармасы желісінде режиссер Нұрқанат Жақыпбай сахналаған ноктюрн-спектакльдің премьерасы ұсынылды.
Баспасөз мәслихатында биылғы жылғы премьералар, алдағы іс-жоспарлар туралы мәлім етілді. Өнер ордасын алдағы уақытта нендей өзгерістер күтіп тұр? Жастар театры еліміздегі басқа өнер ұжымдарынан қандай қасиеттерімен ерекшеленіп тұруы керек? Көрерменді театрға тартудың қандай жолдары бар? Осы және мұнан да басқа бірқатар сұрақтарға театр директоры Ернар Жұматаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев, актриса Махаббат Мадғұлова және актерлер Азамат Есқұлов пен Дәурен Серғазин жауап беріп, өз ойларымен бөлісті.
Театр басшысы БАҚ өкілдерімен болған сұхбатында: «Өнер ұжымы маған бұрыннан етене таныс. Өйткені, осы сахнадан өзім де түлеп ұштым, бірталай рөлдерді сомдадым, қазіргі құрамда ойнап жүрген белгілі актерлермен сахналық қойылымдарда біте қайнасып кеткенбіз. Яғни, Жастар театрының шаңырағын көтеруге бір кісідей атсалысқандардың бірімін. Сонымен қатар, репертуарымыздағы, Н.Гогольдің «Ревизор» трагифарсында – Осип, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» мюзиклінде – Айбас, Ш.Айтматовтың «Жан азабы» әфсанасында Мәңгүрт Жоламан рөлдерін сомдадым» деді.
Жастар театрының жаңа басшысы жайында қосымша тағы мынадай мағлұматтар алға тартылды. Ернар Құрбанбекұлы 1984 жылы Ташкент облысы, Шыңғыс ауылында дүниеге келген. 2002 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясындағы профессор Нұрқанат Жақыпбай шеберханасында «Драма және кино актері» мамандығы бойынша оқып бітіргеннен кейін Тазабеков театрында актерлік қызмет атқарған. Ал, 2007 жылы режиссер Нұрқанат Жақыпбай мен бір топ шәкірттері күшімен елордадағы Жастар театрының іргесі қаланғаны – өз алдына бөлек тарих.
Сонымен қатар, Ернар Жұматаевтың есімі өнерсүйер қауымға «Денар» тобы арқылы да жақсы таныс. 2008 жылы құрылған топ эстрадалық шоу-бизнеске өздерінің ерекше стильдерімен келіп, халыққа кеңінен танылған болатын. Кейін, ол кәсіби салаға ойысып, кино және сериалдарға түсе бастады. Өнер өкілінің «Бәйтерек», «Аманат» көркем фильмдеріндегі, сонымен бірге «Әке серті», «Сырғалым» сериалдарындағы рөлдері оның танымалдығын арттырған тағы бір ерекше қыры деу лазым.
Қаршыға КҮЛЕН.