05 Ақпан, 2016

«Ақшың» кәсіпкерлерге жеңілдік ұсынды

464 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
АкшынҚаржылық қыспақ кезінде баға саясатының тұрақтылығын сақтау үлкен маңызға ие. Бағаның шарықтамауы кәсіпкерлікпен айналысатын жеке тұлғалар үшін жалға алған нысандарының төлемі қолжетімді болуымен де тікелей байланысты. Семей қаласындағы ірі сау­да орталықтарының бірінен саналатын «АҚШЫҢ» корпорациясы дағдарыс жағдайында сатушылар мен сатып алушыларға барлық мүмкіндіктерді қарастырып, жеңілдіктер ұсынуымен үлгі. – Ұзақ жылдар бойы әріптес болып келе жатқан қарапайым кәсіпкерлерді осындай қиын кезеңде қолдап, көмек көрсетуіміз керек, – дейді «АҚШЫҢ» корпорациясының президенті, облыстық мәслихат депутаты Марат Құрманбай. Корпорация президентінің айтуынша, 2011 жылы да аталған сауда орталығы жалға алушыларға 10 пайыздық жеңілдік жасаған болатын. Міне, осы үрдістің жал­ғасы ретінде сауда нүктелерін жалға алған кә­сіпк­ерлерге жаңа басталған 2016 жыл­дан бас­тап 15 пайызға дейін жеңілдік ұсы­нылмақ. Елімізге нарықтық қатынастар енді ене бастаған тоқсаныншы жылдары қала тұрғындарына «Семей базары» деген атауымен белгілі болған бұл орталықта бастапқыда 200 сауда нүктесі бар еді. Шағын және орта бизнестен жолын табуға ұмтылғандар «Семей базарынан» орын тапты. Уақыт көшіне батыл ілескен Марат Құрманбай бизнесті кәсіп еткендердің жұмысын үйлестіру мақсатында үздіксіз ізденді. Бүгінде қаладағы белгілі сау­да нысандарының тұтқасын ұстап отырғандардың дені кәсіпкерлік саладағы алғашқы табыс көзін осы базардан тапқаны рас. 1995 жылы алғаш рет жабық базар салынып, қалада сауда мәдениетін қалыптастыруда өзіндік орнын айқындаған «АҚШЫҢ» сауда орталығын қаладағы бірден-бір бизнес-инкубатор деп айтуға болады. Қазіргі уақытта үш қабатты «АҚШЫҢ» сауда орталығында 2 мыңнан астам кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп отыр. Сондай-ақ, мұнда алғашқы кезектегі қажетті азық-түлікті халыққа төмен бағада ұсыну үшін тұрақтандыру қорының азық-түлігіне тиесілі сауда орны тегін беріледі. Семей қалалық кәсіпкерлік бөлімі сауда кәсібін дамыту секторының меңгерушісі Айжан Дәуірбекқызы корпорацияның кәсіпкерлерге жасап отырған жеңілдігі үлкен көмек екендігін айтты. – «АҚШЫҢ» корпорациясы қала әкімдігімен жасаған меморандум талаптарын сақтап, бағаны тұрақтандыру саясатына үлес қосып отыр. Сауда сөрелеріндегі күнделікті азық-түліктің таза әрі сапалы болуын үнемі тексеруден өткізіп отыратыны қуантады, – деді Айжан Хасенова. Аталған орталықта «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында отандық өнім өндірушілерді қолдауға бағытталған жұмыстар да белсенді жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Семей қалалық филиалының жетекшісі Ардақ Әділжанов бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде «АҚШЫҢ» корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылған түрлі әлеуметтік бастамалар мен қайырымдылық шаралары жұртшылық көңілінен шығып отыратындығын жеткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Семей.