Кеше «Ауыл» партиясының республикалық қоғамдық штабы өз жұмысын бастап, оның қызметін қалыптастыру мен ұйымдастыру мәселесіне арналған алғашқы жұмыс отырысы өткізілді.
Біз бүгін сайлауалды бағдарламамызды сайлаушыларға жеткізу үшін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының республикалық қоғамдық шатабын құрып отырмыз, деп сөз бастаған партия төрағасы Әли Бектаев штабтың еш үзіліссіз, тәулік бойына тынымсыз жұмыс атқаратынын айтты.
«Штабтың басты міндеті – сайлауалды бағдарламамызды сайлаушыларға жеткізу, ұсынылған кандидаттар туралы толығырақ ақпарат беру, үгіт-насихат жұмыстарының белсенділігін арттыру. Ақпан айының алғашқы күні партияның кезектен тыс XII съезі өтіп, онда біздің партияның Парламент Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға депутаттық үшін сайлауға қатысатыны туралы шешім қабылданды. Біз өмірлік те, өндірістік те тәжірибе жинақтаған белгілі азаматтардан тұратын үміткерлерімізді, яғни 19 кандидаттың сайлауға қатысатынын анықтадық», деп танымал тұлғалардың арасында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әлібек Асқаровтың бар екендігін де қаперге салып өтті.
Штабтың төрағасы болып «Ауыл» партиясының орталық аппаратының жетекшісі Рүстем Жоламан бекітілгенін айтқан партия төрағасы республикалық штабқа «Ауыл» партиясының басшылық құрамында жүрген азаматтар, қоғам қайраткерлері және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары кіріп отырғанын және бүгіннен бастап барлық өңірлерде осындай облыстық штабтар құрылатынын жеткізді. Сондай-ақ, ол күні-түні жұмыс істейтін штабтың өте белсенді болуының партияның сайлауалды бағдарламасын әрбір электорат мүшесіне жетуінде аса зор ықпалы болатынын айтты және жоспарға қойылып отырған әрбір шараның жоғары ұйымдасқан түрде, ешбір кедергісіз өтуінің штаб алдына қойылған басты да, маңызды міндеттің бірі екеніне мән берді.
Отырыста мәлім болғандай, республикалық штаб сайлау қорын құрып, ол қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуын бақылап, сондай-ақ, сенім білдірілген адамдар мен депутаттықтан үміткерлердің жұмыс жоспарын дайындауға да атсалысатын көрінеді. Сондай-ақ, отырыс барысында қоғамдық штабтардың жұмыс жоспары бекітілумен қатар, іс-шаралардың нақты күнтізбелік жоспары да түзіліп, өңірлерге жеткізілетіні айтылды.
«Республикалық қоғамдық штабтың жұмыс істеуіне бар мүмкіндіктер жасалды. «Ауыл» партиясының республикалық штабы заңды бұзбай, сайлаудың барлық талаптарының деңгейінде жұмыс жасайды деген ойдамын», деген Әли Бектаев штабқа дауыс беру құқығы бар әрбір Қазақстан азаматына партия бағдарламасының жетуінің маңыздылығына тоқталып, республика көлемінде әр ауданда, елді мекендерде, шағын ауылдарға да дауысымыз жетуі тиіс, өйткені, біздің сайлаушыларымыз ауыл тұрғындары, ауылдан шыққан, оған бүйрегі бұратын азаматтар деген ұстанымын көлденең тартты.
Штабтың жетекшісі болып тағайындалған Рүстем Жоламан: «Партия басшысы біздің алдымызға сайлауалды жұмыстарды жүргізуде үлкен міндеттер қойып отыр. Біз алдымен жұмыс жоспарын дайындап қана қоймай, аймақтарда штабтар жасақтауға, электоратқа түгелдей дауысымыз жетіп, партия күшіне сенімдерін нығайтуға тиіспіз. Уақыт болса өте аз, 20 наурыз әне-міне дегенше жетіп келеді. Алдымызда қысқа мерзім ішінде материалдық және үгіт-насихатқа қажетті барлық заттарды дайындау және жасалған кестеге сәйкес штабтардың жұмысын бастау міндеті тұр. Күн-түн демей штаб үзіліссіз, еш тоқтаусыз жұмыс істейді», – деді.
Сонымен, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының республикалық қоғамдық штабы Астана қаласындағы Тұран көшесіндегі партия ғимаратында жұмысын бастады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».