туралы заң жобасы таныстырылды
Кеше Парламент Сенатында «Халықты жұмыспен қамту туралы» заң жобасының және оған ілеспе жобаның таныстырылымы болды. Оны Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Бисенбаев ашып, әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту мәселелерін заңнамалық деңгейде шешудің маңыздылығын атап өтті.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов әлемдік экономиканың еліміздің дамуына ықпал етуі жағдайында халықты жұмыспен қамту мәселесі айрықша өзекті болып отырғанын, оның еліміздің әлеуметтік-саяси тұрақтылығы мен орнықты дамуымен тығыз байланысты екенін айтты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда «Нұр Отан» партиясының ХVІІ съезінде халықты жұмыспен қамту мен іскерлік белсенділікті үдету қажеттігіне ерекше назар аударған болатын, деді ол. Осыған орай А.Бижанов осы саладағы құқықтық негіздерді қазіргі замандағы талаптар мен уақытқа сәйкес келтіру қажеттігін атап көрсетті. Ұсынылып отырған ережелер кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталуы тиіс.
Заң жобасы жөнінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова баяндама жасап, сенаторларды заң жобасының ерекшеліктерімен егжей-тегжейлі таныстырды. Баяндамашының айтуынша, жұмыспен қамту туралы заңның жаңа мәтіні тұрақты және жұмыспен қамтуға, жұмыссыздықты қысқартуға, еңбек нарығының көрсеткіштері өлшемін халықаралық үлгіге көшіруге қол жеткізуге бағытталған. Сондай-ақ, жұмыссыздық мәртебесін беру рәсімдері өзгеріп, оған жауапкершілік күшейтіледі, жұмыстан босап қалған адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары әртараптандырылады.
Ұсынылған ережелер Халықаралық еңбек ұйымының негізгі қағидаларына, сондай-ақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының көптеген елдерінде қолданылатын жұмыспен қамту үлгілеріне сәйкес келеді.
Баяндамада айтылғандай, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасымен «Жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы», «Кәсіби одақтар туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі. Атап айтқанда, халықтың жекелеген топтары әлеуметтік қорғау, жұмыс берушілерді жұмыссыз азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босату және жұмыспен қамту мәселелерінде кәсіби одақтардың рөлін күшейту шаралары туралы айтылды.
Таныстыру қорытындысы бойынша министр сенаторлардың сауалдарына жауап берді. Сенаттағы жұмыс топтары мен комитеттердің отырыстарында еңбек нарығын реттейтін заң жобалары бойынша жұмыстар жалғасатын болды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».