ӨСКЕМЕН. 5 ақпан. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында «Біздің заман» атты республикаға тарайтын қоғамдық-саяси, ақпараттық-сараптамалық газет жарыққа шықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», деп Конституцияның 3-бабында айтылғандай, газет халықтың талап-тілегін, мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірлерін билікке жеткізуге күш салады. Газетіміз ауылды жерлерде азаматтық қоғамды дамыту, жергілікті жерде өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру, басшылар мен әр деңгейдегі депутаттардың халық алдында бұқаралық ақпарат құралдарында есеп беруін қамтамасыз ету, жемқорлықпен күреске бұқара халықты жұмылдыру, идеологиялық жұмыстарды насихаттау, мүмкіндігі шектеулі жандар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдардың мәселелерін көтеру, денсаулық сақтау және білім беру салалары жұмыстарының көрсеткіштерін халыққа жариялап отыру, шағын және орта бизнестің, қарапайым еңбек адамдарының жұмыстарын насихаттау, жастардың мәселелерін көтеру, саяси науқандарға белсене араласу, аналар мен ардегерлерді құрметтеу сынды қоғам өміріндегі маңызды міндет-межелерді көздейді», – дейді газеттің редакторы, «тарбағатай табиғаты» экологиялық қоғамдық қорының төрағасы Ержан Құттыбаев.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: egemen.kz.