05 Ақпан, 2016

Атырауда қылмыстық іс медиациялық тәртіппен қысқартылды

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
05-02-2016-atyrau 02АТЫРАУ. 5 ақпан. Атырау облысының Шоқпартоғай ауылы мен №469 разъезд аралығыда темір жол рельсіне ағаш байлап, пойыз қозғалысына қауіп төндіргендердің қылмыстық ісі медиациялық тәртіппен қысқартылды. Бұл туралы облыстық соттың дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады. «Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот отырысында анықталғандай, 2015 жылдың қараша айында Құлсары қаласы, Шоқпартоғай ауылының 4 тұрғыны қылмыстық ойларын іске асыру үшін Шоқпартоғай – №469 разъездері аралығындағы №8 пикет тұсына келген. Олар темір жол жиегіндегі жерге бекітіліп тұрған, белгі беру тұрбасын суырып алған. Сол маңда жатқан шпал ағаштары мен бетон сынықтарын рельстің үстіне сыммен байлап бекітіп, пойыздың қозғалысына кедергі жасаған. Осы күні тепловоз машинисі теміржол релісінде тұрған кедергілерді көріп, жедел тежегіш қолданумен құраманы тоқтатқан. Осының салдарынан жолаушылар пойызы және жүк пойыздары кідіріске ұшырап, «ҚТЖ» ҰК АҚ Атырау жол бөлімшесіне 163885 теңге және екі дана белгі беру тұрбасын сындырғаны үшін 24280 теңге мүліктік залал келтірілген», – деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев. Сот отырысында кінәлілер өздеріне тағылған айыпты толық мойындапты. Ал жәбірленуші тарап – «ҚТЖ» ҰК АҚ «Атырау жол бөлімшесіне» келтірген зиянды толығымен өтегендерін, медиация тәртібімен татуласқандарын көрсетіп, қылмыстық істі қысқартуды сұрапты. Кінәлілер мен жәбірленуші тараптар медиация тәртібімен татуласып, олардың жазбаша келісімі сотқа табыс етілген. Осы іс қаралған сот қаулысымен кінәлілер Қылмыстық кодекстің 350-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты Қылмыстық кодекстегі 68-баптың 1-бөлігі негізінде босатылып, қылмыстық іс сотта іс жүргізуден қысқартылды. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. Сурет: vko.sud.kz.