Баспасөз мәслихаты Ұлттық академиялық кітапханада өтіп, оны комиссия төрағасы Нұрлан Ерімбетов жүргізді. Комиссия – сайлаулардың заңдылық нормаларды бұзбауына байқаушылық жасайтын қоғамдық ұйым. Ол алдымызда болатын Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына байқау жасау жұмыстарын жүзеге асырады.
Айта кететін жайт, бұл комиссияның құрамына елімізге танымал қоғам қайраткерлері, ғылым, мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысады. Сонымен қатар, сайлау барысындағы заңдылықтардың сақталуына білікті байқау жасай алатын заңгерлер, сарапшылар мен эксперттер де қатысады. Комиссияның басты мақсаты – сайлау үдерісінің мөлдір өтіп, сайлаушылар мен сайланушылардың конституциялық құқыларының бұзылмауына байқау жасау. Осыдан он жыл бұрын алғаш рет құрылған комиссия содан бергі барлық сайлауларға қатысып, өзінің қажеттілігін іс жүзінде көрсетіп берді. Ол шетелдік халықаралық ұйымдардан келген байқаушылармен ынтымақтаса жұмыс істеді. Елімізде болған 2005, 2011 және 2015 жылдарғы Президент сайлауларында және 2007 және 2012 жылғы Парламент депутаттарының сайлауында комиссия белсенді жұмыс істеп, сайлаудың заңдылықтарға сай өтуіне игі ықпалын тигізді.
Қазір еліміздің барлық 14 облысында және Астана мен Алматы қалаларында комиссияның филиалдары құрылған. Комиссия филиалдары қатарына қызмет етуге кірген адамдар да сол аймақтарға танымал, белгілі тұлғалар. Олардың айтқан ескертпелері мен байқаған заң бұзушылықтарды сайлау комиссиялары дереу қалпына келтіріп жатады. Соның арқасында сайлаушылар мен депутаттыққа кандидаттар тарапынан ұсақ шағымдар болмаса, ешқандай ірі заң бұзушылықтарға орын берілген емес.
Қазір комиссияның құрамында барлық еліміз бойынша 11 мыңға жуық байқаушылар жұмыс істейді. Олар елдегі барлық сайлау учаскелеріне байқаушылық жасайды.
Сайлаудың барынша мөлдір өтуін қамтамасыз ету мақсатымен комиссия мүшелері Орталық сайлау комиссиясымен, Бас прокуратурамен, депутаттыққа кандидаттардың сайлауалды штабтарымен, сондай-ақ, көптеген ғылыми-сараптамалық қауымдастықтармен және азаматтық сектормен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Комиссия жұмысының қорытындысы туралы сайлау процесі аяқталған соң толыққанды есеп жасалып, онда сайлау үдерісіне толықтай баға беріледі.
Байқаушылар комиссиясы мүшелерінің баспасөз мәслихатын ашқан оның төрағасы Нұрлан Ерімбетов өзінің кіріспе сөзінде осы жайлардың бәрін айтып берді. Одан әрі төраға биылғы Республикалық комиссияның құрамына 24 адам енгізілгенін жеткізді. Біз олардың жасайтын қызметтерін, байқаушылықта атқаруға тиісті міндеттерін қазір түсіндіріп жатырмыз. Сонымен қатар, бір топ заңгер-кеңесшілерді де жұмысқа тартып жатырмыз. Bakulau.kz веб-сайтының әкімшілік тобы да жасақталды. Азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдайтын call-senter де жұмыс істейтін болады.
Енді аймақтық филиалдар жұмыстарына тоқтала кететін болсам, олардың барлық 16-сы да жұмыс істеуге әзір. Филиалдардың аймақтарды қамту жолдары да жоспарланған. Жақын күндерде аймақтық филиалдар басшылары мен мүшелері де БАҚ алдында өз жұмыстарының барысы туралы баспасөз мәслихатын береді, деді төраға. Одан әрі Нұрлан Ерімбетов комиссия штабының нақ бүгінгі күнгі жұмыстарына тоқталды. Қазір штаб өз жұмысына белсене кіріскен. Байқаушылардың халықаралық миссияларымен және депутаттыққа кандидаттардың сайлауалды штабымен үнемі байланыс жасап отырамыз. Комиссия мүшелері Орталық сайлау комиссиясының отырыстарына да қатысып отырады. Ұйымдастыру-тәжірибелік шаралардың сызба-жоспарларына сәйкес семинар-тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. 2015 жылғы Президент сайлауында біз, жоғарыда айтқанымдай, 10 мыңға жуық байқаушы жасақтаған едік. Мына сайлауда да олардың саны сол межеден көрінетін шығар.
Одан әрі Нұрлан Ерімбетов комиссия жұмысына қажетті әдістемелік құралдардың бәрі тегіс жиналғанын жеткізді. Біз аймақтық байқаушылар комиссиясының жетекшілеріне қажетті құжаттардың толық портфелін дайындадық. Оның бәрі ағымдағы жұмыстар үшін және байқаушылықты сапалы жүргізу үшін қажет дүниелер. Байқаушыға қажетті методикалық құралдар, жұмыс қойын дәптері, барлық аймақтар бойынша анықтамалық, Орталық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспары және т.б. дайындалды. Комиссия жұмысы басталмай тұрғанда аймақтарда екі рет тренинг өткізу және сайлау үдерісінің барысы туралы екі рет брифинг беру жоспарланып отыр. Бұлардың бәріне де Республикалық комиссияның бір-бір мүшесі қатысатын болады, деді Н.Ерімбетов.
Сонымен қатар, ол сайлау күні басталғанша үгіт науқанының жүргізілу барысы мен сайлау процесінің басқа да шаруаларына мониторинг жүргізілетінін айтты. Жұмыстардың өткізілуі және басқа да ағымдағы жұмыстар туралы БАҚ-қа үнемі сұхбаттар беріп тұратын боламыз, деді ол.
Сөзінің соңында Нұрлан Ерімбетов комиссия жұмысын кімдердің қаржыландыратынына тоқталды. Бізге қаражат бюджет тарапынан бөлінбейді, біздің жұмысымыздың ақысы тек меценаттар, демеушілер, қоғамдық қолдаулар тарапынан өтеледі. Біздің жұмыс, міне, осылай ұйымдастырылатын болады, деп ол өзінің сөзін аяқтады.
Одан әрі сөз байқаушылар комиссиясының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы, академик Жабайхан Әбділдинге берілді. Ол өзінің сөзін Қазақстанның өз тәуелсіздігін ең алғашқы күннен демократиялық қағидаттардың негізінде құрып келе жатқанын айтудан бастады. Ал демократиялық құндылықтардың ең басты қағидаты – адамның құқы мен бостандығының сақталуын қамтамасыз ету. Қазақстан осы бағыттан таймай, халықаралық қауымдастық алдында зор беделге ие болып отырған мемлекет. Бүгінгі күні еліміз өзінің демократиялық мұраттардан айнымайтын ұстамды, болжалды мемлекет екенін әлемге танытты, деп сөзін бастаған академик одан әрі байқаушылар комиссиясының жұмысы туралы өз пікірін білдірді. Бұл комиссияның құрылуының өзі – Қазақстанда демократиялық институттардың дамуын және азаматтық қоғамның елдегі қоғамдық-саяси істерге белсене араласатынын көрсетеді. Комиссия өз жұмысын жүргізген 10 жылда электоралдық науқанның ықпалды тетігі екенін көрсете білді. Бүгінгі күні ол кезекті рет сайлау үдерісінің заңға сәйкес жүргізілуіне өзінің қоғамдық бақылауын жасағалы отыр. Біздің комиссияның жұмысы партиялардың сайлауалды жұмыстарын байқаудан бастап, 20 наурыздағы дауыс беру үдерісі аяқталғанша жалғасатын болады.
Сөзінің соңын Ж.Әбділдин байқаушылар комиссиясының жұмысы Қазақстанның сайлау заңнамаларының бұзылмай орындалуын қоғамдық негізде бақылайтын аудиторлық қызмет деп бағалауға болады, деп аяқтады.
Одан әрі сөз комиссия мүшесі, Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаеваға берілді. 2005 жылы құрылған байқаушылар комиссиясы еліміздегі сайлаулардың заңға сәйкес өтуін бақылайтын қоғамдық ұйым ретінде қазір біршама танылып қалды, деп бастады ол өзінің сөзін. Комиссия жұмысы сайлау үдерісінің барлық кезеңінде де үзілмей жүргізіліп отырады. Ол сайлаудың барынша мөлдір, ашық болуын қадағалайды. Сайлаушы мен сайланушылардың заңды құқықтарының бұзылмауын алғашқы болып айқындайтын осы қоғамдық қызмет.
Одан әрі Р.Сәрсембаева комиссияның құрамында өте тәжірибелі адамдар болғанымен оның жұмысын әлі де жетілдіру қажеттігін ауызға алды. Алға қойылған барлық мәселеге де әділдікпен қарап, оның біліктілікпен шешілуіне атсалысу керек. Барлық арыз-шағымдардың да аяқсыз қалмай, жіті зерттеліп, сарапталуы міндет. Комиссия осы істердің жүргізілуіне мұқият қарағаны дұрыс. Мониторингтің барысы бойынша біздің жұмыстарымыздың нәтижесі туралы қорытынды дайындалады. Онда біздің қаншалықты нәтижелі жұмыс істегеніміз көрінетін болады. Біздің азаматтарымыздың бәрінің де сайлауға қатысуы өте маңызды, өйткені, азаматтық қоғам дамуының бір белгісі осы болады, деп сөзін аяқтады Р.Сәрсембаева.
Комиссияның ең негізгі жұмысы сайлаудың әділетті өтуіне атсалысу, деп бастады өзінің сөзін белгілі қоғам қайраткері, ғалым, Халықаралық түркі академиясы Тіл және терминология орталығының басшысы Әділ Ахметов. Комиссияның құрамында белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің болуы – оның жұмысының нәтижелілігін арттырады. Былтырғы Президент сайлауында комиссия өзін кезекті рет жақсы қырынан көрсете білді. Шетелдік байқаушылармен де пікір алмасып, олардың да жұмыстарының жақсы жүргізілуіне ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, комиссияның мақсаты – заң үстемдігінің іс жүзінде іске асырылуын байқау, оның талаптарының сөзсіз орындалуына ықпал ету. Мен былтырғы Президент сайлауына байқаушы ретінде қатысып, нақ осы мәселелерді іске асырдық деп айта аламын. Биылғы сайлау да ұйымшылдықпен өтетініне мен сенімдімін. Өйткені, халықтың ниеті, ынтасы сайлауға қатысуға зор екенін байқап жүрміз, деді Әділ Ахметов.
«Время» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, журналист Лев Тараков та байқаушылар комиссиясы туралы өз ойларын ортаға салды. Біздің комиссияның ең негізгі міндеті – сайлаушылардың таңдау құқын шектемейтін, әділетті сайлау өткізуге ықпал ету. Өзінің он жылдан бергі тәжірибесінде комиссия бұл істе биіктен табыла білді. Осы кезеңде елде болған барлық президенттік және парламенттік сайлауларда ол өзінің белсенді әрекетін танытты. Біздің байқаушыларымыз елдегі барлық сайлау учаскелерін қамтиды, осының өзі де сайлау үдерісінің толық картинасын жасау үшін өте маңызды. Оның үстіне шетелдік және халықаралық ұйымдардан келген байқаушылармен ашық байланыс, олармен пікір алмасулар біздің байқаушыларымыздың беделін өсіріп, оған сенімді арттырады, деді ол.
Қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Камал Бұрханов та байқаушылар комиссиясының жұмысы туралы өз ойын ортаға салды. Сайлау үдерісінде демократиялық қағидаттарды қамтамасыз етуде комиссияның маңызы зор. Сайлаушылар мен сайланушылар құқының бұзылмауына осындай қоғамдық ұйымдар әрқашанда игі ықпалын тигізеді. Ол біздің елімізде ғана емес, демократиялық мұратты тұтынған барлық елдерде сайлау кезінде құрылады. Сайлау туралы заң талаптарының толық сақталуын қадағалайтын осындай қоғамдық ұйымның болғаны бір ғанибет. Сондықтан да қоғамдық байқаушылар миссиясына құрметпен қарауымыз керек және электоратты да осыған үндеуіміз керек, деді ол өзінің сөзінде.
Белгілі қоғам қайраткері, журналист, «7 арна» директорлар кеңесінің төрайымы, Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай өзінің сөзін клубтың жуырда қабылдаған хартиясын еске салудан бастады. Онда біз кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы науқанын ақпараттандыру барысында журналистік этика нормаларын толық сақтайтындығымызды айтып, қол қойдық. Сонымен қатар, хартияда біз депутаттыққа кандидаттардың бәрінің де құқықтары мен бостандықтарының қамтамасыз етілуіне ықпал ететінімізді жеткіздік. Ал сайлау үдерісінің заңға сәйкес жүргізілуін байқаушы ретінде барлық сайлау учаскелерінің жұмыстарына мониторинг жасайтын боламыз. Біздің электораттың сайлау мәдениеті жоғары, дауыс беруге келгенде олар өз кандидаттарын біліп келеді. Сондықтан олардың таңдауына ықпал етуге ешқандай негіз жоқ. Қоғамдық байқаушылар комиссиясының құрамында елге белгілі жазушылар, ғылыми интеллигенция өкілдері, журналистер бар. Олардың есімдерінің өзі комиссия жұмысының мәртебесін көтеріп, жұмыс нәтижесінің жоғары болуын қамтамасыз етеді. Бұрынғы президенттік және парламенттік сайлауларда комиссия өзін жақсы қырынан таныта білді. Сонымен қатар, қажетті тәжірибе жинақтады. Сөзінің соңында Бибігүл Жексенбай сайлаудың ашық, мөлдір болып өтуі – еліміздегі азаматтық қоғам институттарының дамығанын көрсететін аса маңызды көрсеткіш екенін атап өтті. Сондықтан біздің міндетіміз – сайлау үдерісіне мониторинг жүргізе отырып, сайлау заңнамасының бұлжытпай сақталуын қамтамасыз ету, деді ол.
Мен комиссия мүшесі ретінде өз әріптестерімнің байқаушылық жұмысқа ынтасының зор екенін бақыладым, деп бастады өзінің сөзін «Заңгерлер сайлаудың әділетті болуын қалайды» қоғамдық ұйымының төрағасы Өмірәлі Қопабаев. Біздің комиссиямызда кездейсоқ адамдар жоқ. Мүшелердің бәрі де Қазақстандағы сайлаудың заңға сәйкес өтуін қалайтын адамдар. Бәрі де еліміздің «Сайлау туралы» заңын жақсы біледі және оның талаптарымен жақсы таныс. Меніңше, байқаушылар комиссиясының бірінші кезектегі міндеті – барлық қазақстандықтарды сайлау үдерісінің барысымен таныстырып, ақпараттар беріп отыру. Онда сайлау үдерісінің заңға сәйкес өтіп, ешқандай бұзушылыққа жол берілмегенін айтып отыру ләзім. Біздің жұмысымыздағы тағы бір маңызды фактор туралы да айтып өткім келеді. Ол – азаматтарымыздың құқықтық сауаттылығын және электоралдық белсенділігін арттыруға атсалысу. Сайып келгенде біздің миссиямыз – Қазақстан азаматтарының заңдылықтарды сақтауды қоғамдық мінез-құлқындағы нормаға айналдыруға ықпал ету. Осы мақсатқа қол жеткізсек, біздің миссиямыздың түпкілікті орындалғаны болып табылады.
Сөзінің соңында Өмірәлі Қопабаев біздің еліміздегі сайлаулардың осы уақытқа дейін заңға сәйкес өткізіліп келгенін, ешқандай күрделі заң бұзушылықтар болмағанын айтты. Мұны барлық халықаралық байқаушылар да қостады. Дегенмен, электоралдық науқанда ең ұсақ деген нәрсенің өзіне біздің көңіл аударуымыз қажет, деді ол.
«Мир Евразии» қоғамдық қорының басшысы Эдуард Полетаев та байқаушылар миссиясының жұмысына тоқталып өтті. 2005 жылы құрылған қоғамдық байқаушылар комиссиясы жоғары деңгейдегі кәсібилікке жету жолында тер төгіп келеді. Барлық демократиялық мемлекеттердегі сияқты біздің еліміз де сайлаудың ашық, әділетті, мөлдір болуына мұқтаж. Сонымен бірге, сайланатын органдарда елдегі барлық беделді саяси күштердің өкілдері отырғаны ғанибет. Өйткені, олар атқарушы биліктің назарын халықтың барлық мұқтажына аудара алады. Байқаушылар комиссиясы осы мақсаттың орындалуына ықпал етеді.
Осы комиссияның құрамында болғанда өзім сайлау үдерісінің жоғарыда айтқан талаптарға сай болуы үшін барлық күш-жігерімді жұмсайтын боламын. Барлық әріптестерімді де осы іске жұмылуға шақырамын. Сонымен қатар, біз шетелдерден келетін әріптестерімізбен де тығыз ынтымақтастық орнатуымыз керек. Бұл біздің жұмысымыздың нәтижелі болуына кепілдік береді. Сөзінің соңында Эдуард Полетаев комиссияның электоралдық науқандағы маңызды буын болатынына үміт білдіретінін жеткізді. Ол еліміздің ішіндегі және сырттан келетін барлық қоғамдық сындарлы күштердің бастарын біріктіре алады деп санаймын, деді ол.
Бесінші сайланған Мәжілістің депутаты Юрий Тимощенко да Байқаушылар комиссиясының құрамына тартылған екен. Баспасөз мәслихатында ол да қоғамдық ұйым туралы өзінің пікірін білдірді. Комиссияның барлық сайлау үдерісі уақытында жұмыс істегендігінің тиімділігі зор. Егер дауыс беру кезінде ғана жұмыс істесе оның тиімділігі бәлендей болмас еді, өйткені, сайлау үдерісі басталған кезде заң бұзушылықтар болуы мүмкін, деді ол. Комиссияның республикалық штабының ашылғандығы да оның жұмысының нәтижелілігін арттырады. Қазірдің өзінде оның қоғамдық қабылдаулары мен сенім телефоны жұмыс істей бастаған. Бұл комиссияның жұмыс жеделдігін көрсететін факторлар. Мен Байқаушылар комиссиясының жұмысы сайлау үдерісінің барынша ашық, әділетті әрі транспарентті өтуіне ықпал етеріне сенімдімін, деді ол сөзінің аяғында.
Комиссия мүшесі, «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева өзінің сөзінде бүгінгі күні еліміздің барлық азаматтары сайлау үдерісінің заң шеңберінде өтуін назарға алып отырғанын айтты. Мемлекеттің саяси институттарының нығайып, тиімді жұмыс істегенін халқымыз қалайды. Сондықтан да азаматтарымыздың сайлауға қатысуға деген белсенділігі жоғары екенін көріп жүрміз. Сайлаушылардың үміті алданбай, жоғары өкілетті органға құрамы лайықты адамдардан тұратын саяси күштердің өткені дұрыс болады. Біздің бәріміз де осы іске қолдан келген әрекеттерімізді жасауымыз керек. Негізгі міндетіміз осы, яғни Сайлау үдерісін байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия осынау істің басында тұруы керек деп санаймын. Азаматтарымыздың сайлау құқығының бұзылмауы өте маңызды. Барлық дамыған демократиялық елдердегі сияқты біздің сайлаушыларымыз да өз қалағанын сайлайтынына сенімді болғаны ләзім. Белсенді бақылау жұмысы мұны қамтамасыз етуге қабілетті. Шетелдік әріптестерімізбен де осы істе ынтымақтасудың маңызы зор, деп сөзін аяқтады Ю.Якупбаева.
Осыдан кейін комиссия мүшелері журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берді. Жоғарыда аталғандардан басқа комиссия мүшелері қатарында М.Бәшімов, Ғ.Шалахметов, С.Қалиев, Е.Каппель, Л.Кесоглу, Л.Ни және т.б. елімізге белгілі азаматтар бар.
Сонымен Қазақстан Республикасындағы сайлауларды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия өзінің биылғы сайлау алдындағы алғашқы баспасөз мәслихатын өткізіп, іске кірісті. Сайлау заңнамалары талаптарының бұлжымай орындалуына әсер ететін оның жұмысына сәттілік тілейміз.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».