06 Ақпан, 2016

Бизнес өкілдеріне арқа сүйейді

231 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_0531+Орталық сайлау комиссия­сы­ның кешегі отырысында ОСК Қа­зақ­станның «Ақ жол» демо­кра­тиялық партиясының Мәжіліс де­путаттарының сайлауына қаты­сатын партиялық тізімін тіркеді. Қаулы жобасымен таныстырған ОСК хатшысы Бақыт Мелдешов: «Сіздердің назарларыңызға Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімін тіркеу туралы қаулы жобасын ұсынып отырмын. Қаулы бойынша Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімі тірке­леді. Тізім бойынша тіркелген ҚР Парла­менті Мәжілісінің депутаттығына канди­дат­тарға куәлік беріледі. Олардың саны – 35», – деді ол. Комиссия хатшысының айтуынша, партиялық тізімге енгізілген азаматтардың «Сайлау туралы» заңнамасына сәйкестігі еліміздің Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасы арқылы тексерілген. Аталған ведомстволар берген ақпараттарға сәйкес, партиялық тізімдегі азаматтардың барлығының да заңға сәйкестігі анықталған. Кандидаттардың және олардың жұбайларының табысы мен мүлкі туралы декларациялары салық органдарының анықтамаларымен расталған. «Сайлау заңнамасы бойынша Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы жарна төлеуден босатылады. Себебі, 2012 жылы өткен сайлауда Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы 7 пайыздан көп дауыс жинаған. Партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы атауы сайлау бюллетеніне енгізіледі», – деді Б.Мелдешов. Қаулы бірауыздан қабылданған соң, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев журналистерге сұхбат берді. «Партия­мыз­дың атынан 35 кандидаттың куәлігін алдық. Бұл партиямыз үшін өте жауапты сәт деп айтуға болады. Өйткені, қазір ғана «Ақ жол» демократиялық партиясының партиялық тізімі Орталық сайлау комиссиясынан тіркеуден өтті. Енді біз сайлау­алды жұмыстарына кірісуге дайынбыз», – деді ол. Партия жетекшісінің хабардар етуін­ше, енді партия сайлауалды қорын тіркеу туралы өтінішін Орталық сайлау комиссиясына тапсырады. «Ал дүйсенбіден бас­тап сол қорға қаржы тарту жұмыстарына кірісеміз және сайлауалды науқан жобасын дайындайтын боламыз», – деді А.Перуашев. Сонымен қатар, ол үгіт-насихат жұ­мыстарына мол қаржы шашып, даңға­за­лыққа жол бермейтіндіктерін айта келіп, «Нұр Отан» жалпыхалықтық пар­тия болса, ал «Ақ жол» партиясы ең ал­ды­мен жеке бизнес пен зиялы қауым өкіл­дері бас­та­ған орта тап өкілдеріне сенім артаты­нын атады. Партиялық тізімге енген 35 кан­дидаттың ішінде бес ұлттың өкілі бар, кан­дидаттардың 17 пайызы – әйелдер. Кан­дидаттардың орташа жасы – 46, олардың ең жасы – 34 жас­та. Партия ұсынған 8 кандидат Парламент Мәжілісінің депутаты болған. Сондай-ақ, тізімде коммерциялық құрылымдардың, ғылым, мәдениет және білім беру қызметкерлері, партия аппаратының және ҮЕҰ-ның қызметкерлері де бар. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.