06 Ақпан, 2016

Жаңа аурухананың жарқын жетістіктері

581 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
1DS31312Елбасы ашқан Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасына – 5 жыл Иә, осыдан бес жыл бұрын таза қала бюд­жеті есебінен қаржыланып салынып, халыққа пайдалануға берілген ауру­хананың ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, қазіргі заман талабына сай медициналық технологияның заманауи үлгісімен жабдықталған емдеу орынын түгелдей аралап көрген еді. Сонда Елбасы келешекте бұл ұжымның алдында тұрған міндеттердің қаншалықты жауапты да салмақты екендігін де саралап жеткізе келе: – Барлық медициналық мекемелерді соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Енді сіздер өз кезектеріңізде осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қала халқына жоғары сапалы медициналық көмек көрсетулеріңіз қажет. Осындай ғимараттардың көптеп салынуы – халық денсаулығын жақсартуға үлкен үлес қосады деген ойдамын, – деген болатын. Жаңа аурухана 116 жылдық тарихы бар бес қабатты бұрынғы жедел жәрдем ауруханасының орнында тұрғызылған. Бүгінде заман талабына сай заманауи жабдықтармен жарақтанған медициналық мекеме 1,763 га жер аумағына орналасқан. Денсаулық сақтаудың бірегей ұлттық жүйесі аясында 400 мыңнан аса алматылық тұрғындарға үзіліссіз медициналық қызмет көрсетеді. Тағы бір айта кететіні, бұл аурухана шаһардағы соңғы 30 жылда алғаш барлық талаптарға негізделіп, керекті құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталып салынған аурухана екендігімен де ерекшеленеді. Аурухананың әр қабатында орналасқан операциялық блоктарда жасалынып жатқан оталар таспаға жазылып, ол бейнематериалдардың барлығын сол мезетте басқа дәріс аудиторияларынан бақылау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл осы аурухана қабырғасында дәріс алып жатқан студенттердің 200-300 метр қашықтықтан оталардың жасалу әдісін бақылап, игеруіне мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, аурухана ғимаратының үстіңгі қабатында орналасқан стансалық қондырғы барлық операциялық залдардағы ауаның уақтылы алмасып, үнемі тазаланып тұруын қаматамасыз етеді. Әр операциялық блоктың қабырғалары зиянды жұқпаны азайтатын күміс жалатылған жабындымен қапталған. Аталмыш аурухана қазіргі уақытта бірнеше ондаған жылдар бойында халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан іргелі ауруханалармен бір деңгейде мемлекеттің жүктеген міндетін абыроймен атқарып, көпшіліктің аузына ілігіп, медицина саласында сүбелі еңбегін сіңіріп келе жатқан мақтаулы мекеме. Сонымен қатар, бұл мекеменің осыншама аз уақыттың ішінде қалыптасып үлгерген өзіндік дәстүрі мен тарихы да бар екендігі қуантарлықтай. Бүгінде мұнда жатып емделу құқығына ие науқастар тек Алматы қаласынан ғана емес, портал бойынша республиканың басқа да өңірлерінен келіп, кәсіби мамандардың емін қабылдап, дерттерінен құлан таза айығып кетуде. Сол себепті де, бүгінгі таңда емдеу орны денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдей отырып, жаңа заманның талабын дер кезінде меңгеріп кеткен, аз уақыт аралығында кемелденіп, аурухана ұжымы мен пациент арасындағы қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастыруға қол жеткізген белді мекеме ретінде ауыз толтырып айтуға толық негіз бар. Шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасында әр кезде медицинаның өзекті мәселелеріне қатысты ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, кафедра дәрігерлері мен қызметкерлерінің ұйымдастыруымен әртүрлі тақырыптағы шеберлік дәрістері ұдайы өткізіліп тұрады. Онда тың тақырыптағы баяндамалар мен ғылыми жұмыс нәтижелері жария етіліп, қатысушы мамандарға сертификаттар тапсыру қалыптасқан дәстүрге айналған. Сонымен қатар, әр жылдың 14-16 ақпанында, яғни аурухананың «ашылу күні» қарсаңында барлық қала тұрғындарына «Ашық есік» күнін өткізу дәстүрге айналған. Бұл күні кафедра профессорлары мен білікті мамандардан құралған топ науқастарға тегін дәрігерлік кеңес беріп, тегін тұрғыда атқарылатын диагностикалық және емдік шаралар тағайындайды. Атқарылған жұмыстың нәтижесі де өз жемісін беруде. Оған дәлел, ауруханаға қаралып, емделуші науқастар санының жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығы. Мәселен, аурухана ашылып, көпшілікке қызмет көрсете бастаған уақыттан бері стационарлық ем қабылдаған науқас саны 2012 жылы 17 мың болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 18 мыңға, 2014 жыл 18550-ге дейін жетіп, қала халқының сенімі арта түсуде. Аурухана шұғыл жедел көмек көрсететін болғандықтан, бүгінде тәулігіне орта есеппен 280-нен астам науқас қабылдап, солардың барлығына дер кезінде көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда шұғыл оталар жасау мүмкіндігіне ие. Содан да шығар, аталмыш ұжымды қала көлеміндегі бірден-бір білікті аурухана деп айтуға толық негіз бар. 2014 жылы 17 қарашада «Сән және дизайн» колледжінде орын алған жарылыс бұл сөзіміздің толық дәлелі бола алады. Жарылыстан зардап шеккен 12 бірдей өрімдей жасөспірімге көмек көрсету барысында, аурухананың 9 операциялық блогы бірдей іске қосылып, аз уақыт ішінде ота жасауға қажетті мамандар іске жұмылдырылды. Соның нәтижесінде еш кедергісіз, зардап шеккен балаларға медициналық көмектің жоғары деңгейдегі түрі көрсетілді. Бұл, әрине, ең алдымен, аурухана ұжымының төтенше жағдайдағы қажетті медициналық көмектің барлық түрін көрсетуге дайын екендігін білдірсе керек. Жалпы, ауруханада күн сайын 25-28-ге дейін әртүрлі дәрежедегі оталар жасалынады. Ол оталардың атқарылуы мамандардың үлкен біліктілігін қажет ететіні сөзсіз. Мысалға, бір қарағанда жеңіл болып көрінетін соқыр ішектің өзі кейде асқынып, адам өміріне қауіп туғызардай жағдайға жеткенде, ота жасау 7-8 сағатқа дейін созылып кетуі әбден мүмкін. Сондай уақыттарда бір орында тапжылмай тұрып, тек қана адам өмірін арашалауды мақсат еткен хирургтар мен басқа да операциялық бригада мүшелерінің төккен тері айтуға, елеп-ескеруге тұрарлықтай емес пе?! Тағы бір баса айта кететін жайт, емдеу орны Ресей, Украина, Үндістан, Израиль және Оңтүстік Корея сияқты елдердің алдыңғы қатарлы ауруханаларымен үнемі тығыз байланысып, ол елдердегі мамандардың жұмыс тәжірибесін үйреніп, өзімізде іске асыруда. Аурухана аталмыш елдердің арасында, әсіресе, Оңтүстік Кореяның жетекші ауруханаларымен байланысты бірнеше жылдар бойы жалғастырып келеді. Аурухана мамандары жыл сайын шетел ауруханаларында тәжірибелерін байытып, жаңа технологиялық озық әдістерді меңгеріп отырса, ол жақтан келген мамандар біздің ауруханаға келіп, науқастарды қарап, өздерінің ақысыз кеңестерін беруді дәстүрге айналдырған. Дәл осындай жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы білікті мамандарының Оңтүстік Кореядан келген мамандарымен бірлесіп өткізген «ашық есік» шарасын 2012 жылдан бастап әр жылдың 13-14 қыркүйегінде ұйымдастыру қолға алынған болатын. Бұл шараның нәтижесі жемісті болып, жылдан-жылға маман дәрігерлерге қаралушы науқастардың саны арта түсуде. Мысалы, 2014 жылы «ашық есік» шарасын ұйымдастырған екі күннің ішінде 128 адам маман дәрігердің ақысыз қабылдауында болып, кеңесін алып, нәтижесінде 17 адамға ота жасау мен ем қабылдау қажет екендігі анықталды. Ал операцияны қай жерде жасату құқығы науқастардың өзіне қалдырылып, кейіннен белгілі болғандай сол науқастардың 11-інің таңдауы аталмыш ауруханаға түскені анықталды. Демек, бұл аурухана мамандарының біліктілігі мен білімділігі шетел мамандарынан еш кем түспейтіндігін тағы бір дәлелдеп бергендей болды. Бұл мамандар арасынан нейрохирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор В.В. Крючков, жоғары санатты дәрігер-травматолог В.Г.Семенов, жоғары санатты уролог-дәрігер Ғ.Қ.Әміров, жоғары санатты дәрігер-хирург А.М.Якубов, медицина ғылымдарының докторы, профессор В.К.Исраилова, басқа да көптеген мамандардың жанкешті еңбектері атап өтуге тұрарлықтай. Емдеу орны көпсалалы болғандықтан, мұнда арнайы медициналық көмектің 25 түрі көрсетіледі. Ауруханада хирургия, травматология, ортопедия, нейрохирургия, неврология, урология, гинекология, терапия бөлімдері бар. Бір айта кетерлігі, барлық бөлімшелерде портал арқылы түсіп жатқан жоспарлы операциялар мен төтеннен келіп түсетін науқастарға жасалынатын отаға қатысты барлық жағдай жасалынған. Дәл осы тұста тағы бір мәселені айта кетпесек болмас. Жалпы қала бойынша науқастардың стационарда емделуіне орта есеппен 11 тәулік кететін болса, ал Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында бұл көрсеткіш бар болғаны орта есеппен 7 тәулік болып анықталған. Бұл дегеніміз респуб­лика бойынша ең жоғары көрсеткіштің бірі. Соның есебінен әр төсекте емделіп шығатын науқас санының артуына ғана ықпал етіп қоймай, ауруханада жатқан әр тәулікке жұмсалатын қаражат мөлшерінің үнемделуіне мүмкіндік беретіні айтпаса да түсінікті. Тәулік бойында ауруханаға қаралып жататын науқастардың 90 пайызы жедел жәрдем қызметімен жеткізіледі. Қалған 10 пайыз ғана портал бойынша, яғни алдын ала осы аурухана мамандарына қаралуға ниеттеніп, өз еріктерімен ем қабылдауға келетін науқастар. Осы контингенттердің басым бөлігі аурухананың қарауындағы аудандардан мүлде басқа, тіпті, басқа елдердің азаматтары болып келеді. Ондай жағдай үшін арнайы ұйымдастырылып, барлық керек-жарақпен қамтамасыз етілген ақылы бөлімше күндіз-түні бірдей барлық сала бойынша көмек көрсетуге дайын. Бұл қалыптасқан көр­сеткіштің қазіргі уақыттың өзінде үнемі практикалық қарым-қатынаста бо­лып отыратын Оңтүстік Корея немесе Ресейдің алдыңғы қатарлы ауруха­на көрсеткіштерінен бір кем емес­тігі қуантады. Демек, бұл аурухана маман­дарының шетелдердің озық клиникаларымен тығыз қарым-қатынаста болуы өз нәтижесін бере бастады деген сөз. Қорыта келгенде, аз уақыт ішінде Алматы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қол жеткізіп отырған толағай табыстары расында да, ұжым мүшелерінің бір ғана бағытта, бір ғана мақсатта атқарған еңбектерінің жемісі деп білеміз. Аурухана ұжымының бүгінгі күні қол жеткізіп отырған толағай табыстары осымен ғана тоқталып қоймай, жылдан-жылға арта түсіп, Елбасының «Саламатты Қазақстан-2020» бағдарламасын іске асыруда қарқынды үлесін қосатынына кәміл сенімдіміз. Бақытжан СҮЛЕЙМЕНОВ, Алматы қалалық шұғыл жедел көмек көрсету ауруханасы Анестезиология және реаниматология бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы.